"Терезе де, желдеткіш те болмады". Алматыдағы хостелден шыққан өрттің куәгерлері не дейді?

Өрт болған хостелдің алдында тұрған полицей. Алматы, 30 қараша 2023 жыл.

30 қарашада қараған түні Алматының орталығындағы хостелде өрт болып, 13 адам ыс тиіп қаза тапты. ТЖД мәліметінше, қаза болғандар хостелдің жертөледегі бөлмесінде тұрып жатқан. Марқұмдардың 11-і – Қазақстан азаматы, екеуі – Өзбекстан азаматы, біреуі – Якутияда туған ресейлік. Көз жұмғандардың ең жасы – 15 жаста. Қайғылы оқиға болған қабат "Халық банкке" тиесілі болған. Банк оны "ALA Hostel" компаниясына жалға берген.

Өрт болған хостел осы үйдің астыңғы және бірінші қабатында орналасқан.

Алматыдағы Әди Шәріпов атындағы көшедегі үш қабатты үйдің астында орналасқан Almaty Hostel шағын қонақүйдің айналасында таңнан бастап полицейлер мен журналистер көп жүрді. Полиция қызметкерлері өрт кезінде сынған терезелерге ленталар жабыстырып жатты.

Полицейлер өрт болған хостелдің маңында жүр.

Өртенген хостелде жұмысшылар мен студенттер айына ақы төлеп түнеп жүрген. Әдетте Алматыдағы хостелдердің көбін туристерден гөрі пәтер жалдауға шамасы жетпейтіндер паналайды. Пәтерлерді жарнамалайтын Krisha.kz сайтындағы мәлімет бойынша, өртенген хостел орналасқан ауданда бір бөлмелі пәтердің бағасы 250-300 мың теңге, ал Almaty Hostel бір төсекті, ортақ душ пен ортақ ас дайындайтын жерді айына 25 мың теңгеге береді.

Өрт болған хостел.

Бұл хостелді білетіндер шағын қонақүй жайлы екенін, бірақ астыңғы қабатта терезе мен желдеткіш құрылғы болмағанын айтады.

Өрт болған жерге таңертең Алматы әкімі Ерболат Досаев келіп, журналистерге денсаулық сақтау министрлігінің ережесі бойынша астыңғы қабаттарға адам тұрғызуға болмайтынын айтты.

"Жертөледе қойма не асүй жасауға болады, бірақ адам тұрмауы керек" деді әкім.

Хостелде тұратындардың сөзінше, астыңғы қабатта асүй және адамдар тұруға арналған үш бөлме болған, соның бірінде өрт шыққан.

Анастасия Костенко, хостел орналасқан көпқабатты үйдің тұрғыны.

Өрт туралы хабар 5.33-те түсіп, өрт сөндірушілер бұл жерге жеті минутта жеткен. Олар өртті тез өшіріп үлгерген.

– Біздің үйде осындай қайғылы жағдай болады деп мүлде ойламаған едім. Өрт жайлы полицейлер мен өрт сөндіру машинасы тұрғанда ғана білдім, - дейді хостел орналасқан үйдің тұрғыны Анастасия Костенко.

Анастасия Костенко, хостел орналасқан көпқабатты үйдің тұрғыны.

Костенконың пәтерінің қабырғасы өртенген хостелге жапсарласа орналасқан. Тұрғынның сөзінше, хостелде тұрғандар тыныш болған, шуламаған. Ресми ақпарат бойынша, өрт кезінде хостелде 72 адам болған, олардың 59-ы сыртқа шығып үлгерген. Аман қалғандарды сол маңдағы мектеп пен жақын хостелдерге орналастырған.

Өрт болған хостел маңында жүрген поицейлер мен журналистер.

Қашып шыққандардың бір бөлігі Сейфуллин көшесі 518 мекенжайындағы шағын екіқабатты үйдегі хостелде жатты. Бұл хостелдің алдында жедел жәрдем көлігі тұрды. Эвакуацияланғандардың бірінің жағдайы нашарлап, ол есік алдында Алматының лас ауасымен терең тыныстап отырды.

Василий Моисеенко өртенген хостелде тұрған.

Орта бойлы жігіт өзін Василий Моисеенко деп таныстырып, оқиғадан соң әлі өзіне келе алмай отырғанын айтты. Бірінші қабатта бір орын жалға алып тұрып жатқан ол өрт шыққанда не болғанын түсінбей қалған.

– Өрт басталғанда ұйықтап жатқан едім. Досым өрт басталды, қашуымыз керек деп оятты. Бірден түсіндім, себебі бөлме түтін болып тұрды, дегенмен киініп үлгердім. Дәлізге шықсам демалу мүмкін емес. Кейін орындықпен терезені сындырып, сыртқа шықтым, - дейді ол.

Василий Алматыда пәтері барын, тұрақты жұмысы болмаған соң оны жалға беріп қойған айтады. Пәтерінен түскен ақшаға хостелде төсек жалдап, тамаққа алады. Василий енді не істерін білмейді, тек Алматыдан арзан хостел табармын деп үміттенеді.

Нұрсұлтан мен Рустам да өртенген хостелді мекен еткен.

Көрші бөлмеге 22-25 жас шамасындағы бес жігіт орналасқан. Бәрі Жамбыл облысы Мерке ауданынан Алматыға жұмысқа келген. Өртенген хостелдің бірінші қабатында тұрған. Сөздерінше, оларды өрт сигнализациясы құтқарған. Бесеуі дәлізді түтін баспай тұрып сыртқа шығып үлгерген.

– Әдетте жұмыстан түнгі 2-3 кезінде келемін. Ал бұл күні ертерек, түнгі 12-де келіп, душқа түсіп, телефонда отырдым да, 3-ке таман ұйықтадым. Сигнализация дауысынан ояндым. Басында бұл миграциялық тексеріс деп ойладым, себебі мұнда үндістандықтар мен пәкістандықтар бар. Бір минуттан соң өрт екенін түсініп, дереу киініп, құжаттарымды алып үлгердім. Сыртта жігіттер жалаңаш тұрғанын көрдім де, бетімді жемпіріммен жауып, қайта ішке кірдім, бірнеше куртка алып шықтым. Менімен бір бөлмеде тұрған жігіт терезені қолымен сындырып жатты, - дейді жігіттердің бірі (аты-жөнін айтқысы келмеді).

Ал өзін Рустам деп таныстырған жігіт "Көршіміз сол хостелде бұрын қару дүкені болғанын, терезелері мықты екенін айтқан еді. Бұған қоса, хостелдің қосалқы есігі болған, бірақ оны аша алмадық. Себебі есіктің алдында құрылыстан қалған қоқыс бітеп жатыр" деді.

Нұрсұлтан мен Рустам.

Аты-жөнін айтқысы келмеген тағы бір жігіт Telegram арқылы хостелден қашып шыққан сәтте түсірген видеосын жіберді. Видеода полицейлердің көлігі, сыртқа қашып бара жатқан адамдар көрінеді. Жігіттер хостелде тұрған 15 жастағы ұл бала достарын оятып үлгергенімен, өзі сыртқа шығып үлгере алмай қалғанын айтады.

– Оны сыртқа шығарғанда тірі болған еді, бірден жедел жәрдемге салып, құтқарып қалуға тырысты. Кейін жүрегін аппаратпен тексергенде тоқтап қалғанын сезді. Өрт шыққан бөлмеде көбіне 25 жасқа дейінгі жастар тұрған еді. Олар астында болғандықтан сыртқа шыға алмай қалды, - дейді әлгі жігіт.

Жігіттермен сөйлесіп тұрғанда бөлмеге 20-25 жас шамасындағы қыз жүгіріп кіріп, қатарластарын құшақтап, жағдай сұрай бастады.

– Амансыңдар ма? Бәрің амансыңдар ма? Мұстафа қайда? Жазсам, жауап бермейді ғой.

– Мұстафа, әне, ұйықтап жатыр.

Бөлмеге келген қыз өртенген хостелде әкімші болып жұмыс істегенін, екі апта бұрын жұмыстан шығып кеткенін айтты. Сөзінше, хостелде жұмыс істеп жүргенде балалармен дос болып кеткен.

– Хостел жаңа еді, екі ай бұрын алып, жөндеп, бірден адамдар қабылдай бастаған. Алдымен өзіміздің студенттер, қазақстандықтар орналасты. Астында 14,15,16-бөлмелер орналасқан. 16-бөлмеде он студент тұрып жатты, кейін жартысы практикаға кеткен соң қалғанын 14-бөлмеге орналастырған едім. Егер олар 16-бөлмеде қалғанда қиын болар еді, - дейді ол.

Алматы әкімдігінің өрттен құтқарылғандарға ұсынған тамағы.

Әкімші болған қыздың білуінше, өрт 15-16-бөлмеде болған.

– Бұл – астыңғы қабат, жертөле. Мұнда терезе мен желдеткіш жоқ. Кондиционер де болмаған, қатты ыстық еді. Бірінші қабатта терезе ашылмайтын. Жігіттердің бірі терезені сындырам деп қолын қанатып алды. Естуімше, самокатты қуаттауға қойып, өрт содан шыққан. От матрасқа тиіп, әріқарай кеткен. Самокат қайда тұрғанын білмеймін, бірақ матрас өртенген болса, самокатты бөлмеде қуаттаған ғой, - дейді ол.

Кейін жас қыз жігіттерге қарап "Телефонды төсектің үстінде қуаттамаңдар деп айттым ғой. Бөлмеде төсектен алыс жерде телефон қуаттау үшін тоқ көздері болды ғой. Телефон да жарылып, өрт шығуы мүмкін. Телефонды алысқа қойып, қуаттаңдар" деп жатты.

Бұл хостелдегі өрттен 13 адам қаза тапты.

Алматы төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, хостел бір жарым ай бұрын ашылған, бірақ жұмыс істеуге рұқсаты болмаған. Ғимаратта өрт сөндіру құрылғысы қойылмаған, бірақ сигнализация іске қосылған. Мұнда Үндістан, Пәкістан, Йеменнен келген студенттер де тұрған.

Өрттен кейін "Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бұған қоса, өрттің себебін тексеру үшін үкіметтік комиссия да құрылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хостелдегі өрт: кемінде 13 адам қаза тапқан