Қояндыда су тасқыны кезінде биліктің көмектесуін талап етіп, жолды жапқандарға айыппұл салынды

Су басқан Қоянды көшелерінің бірі. Ағашқа сүйеніп өтіп бара жатқан адам. 27 наурыз 2024 жыл.

Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылында су тасқыны кезінде биліктің көмектесуін талап етіп, жолды жапқандарға айыппұл салды.

Бұл жөнінде Ақмола облысы Целиноград аудандық соты хабарлады. Сот ауылдың алты адамын "заңсыз митинг ұйымдастырды" және "заңсыз митингіге қатысты" деп айыптап (488-бап), 30-50 АЕК көлемінде айыппұл салды. Хабарламада олардың аты-жөні көрсетілмеген.

Соттың мәліметінше, ауыл тұрғындары митинг жөнінде әкімдікке ескерту бермеген.

Ақпаратқа қарағанда, сот Ерік Бралинге – 50 АЕК, Жұмабек Мұса мен Асқар Қарарға әрқайсысына 30 АЕК көлемінде айыппұл салған. Тағы үш әйелдің аты-жөні анықталып жатыр.

Сот құжаттарында жауапкерлердің бірі Асқар Қарар 26 наурызда сағат кешкі 7-лер шамасында Қоянды ауылының маңында орналасқан Астана-Павлодар тас жолында "заңсыз шеруге қатысқаны" жазылған.

26 наурыз кешке Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылының тұрғындары тасқын су қаупіне байланысты жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды талап етіп, наразылыққа шыққан. Халық Қоянды ауылына кіреберістегі жолды бөгеген.

Ауылда кейінгі бірнеше күннен бері еріген қар суы аулаларға жайылып, кейбір үйдің ішіне кірген. Тұрғындар "қыс бойы ауылда қар жөнді күрелмеді, жергілікті билік қауіптің алдын алмады" деді.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанның бірнеше өңірінде қар суы тұрғындарды әбігерге салды