"Адалдық туралы келісім" және "бақылаудағылар тізімі". Ресейде мигранттардың ахуалы одан сайын қиындай түсе ме?

Мәскеудегі базарда жүк тасып жүрген мигрант. 2021 жыл.

Мәскеу іргесіндегі қанды шабуылдан кейін Ресейде Орталық Азиядан келген мигранттарға қарсы қуғын-сүргін күшейді. Өңір мемлекеттері Кремльден өз азаматтарын қорғауды сұрап отыр. Алайда Ресейде көші-қон саясатын қатаңдататын заң ұсынылғанына қарағанда, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген гастарбайтерлерің өмірі қиындайтын сияқты.

Мәскеу іргесіндегі концерт залына жасалған қарулы шабуылдан бері үш ай өтті. Осыдан кейін Ресейде жүрген орталықазиялық мигранттарға қысым күшейді. Өңір мемлекеттері Ресейден мигранттар өмірін жеңілдетуді сұрап отыр.

Бірақ Мәскеу олардың сөзіне құлақ аса ма? Әлде мигранттарға қысым одан әрі күшейе ме?

Ресейде ксенофобия мен көші-қон ережелерін қатаңдату туралы үндеулер бірінші рет айтылып отырған жоқ. Бірақ наурызда "Крокус сити холл" концерт залына жасалған, 144 адамның қазасына себеп болған шабуылға қатысы бар деген күдікпен 11 тәжік азаматы ұсталған соң үкіметтен мигранттарға қарсы шара қолдануды талап ете бастағандар қарасы көбейді.

Қазір мигранттарға қысым жаңа сипат алды: полиция рейді, депортация мен Ресейге келген мигранттар тобын ұстау әдетке айналды.

Дегенмен мигранттардың құқығын қорғаушылар жаңа қауіпке назар аударып отыр. Өткен айда полицияның гастарбайтерлерге қарсы құзыретін күшейтетін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ресейдің еңбек нарығы Орталық Азиядан келетін жұмыс күшіне мұқтаж.

Заң қабылданса, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстандағы миллиондаған отбасының жағдайы нашарлауы мүмкін. Аталған елдердегі халықтың әл-ауқаты Ресейден келетін ақша аударымдарына тәуелді.

Үш мемлекет те Ресейдегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр.

ЗАҢ ҚАБЫЛДАНСА, МИГРАНТТАРДЫ ҚОРҒАУ МҮМКІНДІГІ ЖОЙЫЛАДЫ

18 маусымда мемлекеттік дума бірінші оқылымда қабылдаған көші-қон заңнамасына ұсынылған толықтырулардың көбі бірнеше жыл бұрын жасалған.

Бірақ Ресейде кейінгі жиырма жылдағы ең қанды шабуылдан кейін дискриминациялық заңнамалық өзгерістер қызу талқылана бастады. Мәскеудегі шабуылды “Ислам мемлекеті” террористік тобы мойнына алған.

Заңға ұсынылған өзгерістер бойынша, Ресейге келген гастарбайтерлер “адалдық туралы келісімге” қол қоюы керек. Бұл келісім мигранттар құқығын шектейді. Құжатта Ресейдегі ұлттық дәстүрлерді құрметтеу, Ресейдің ішкі ішіне араласпауға уәде беру, шетел азаматтары әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін депортациялануы мүмкін екенін мойындау сияқты көп бөлім бар.

Мұндай келісімнен кейін мигранттарды қорғау мүмкіндігі жойылады дейді Өзбекстанда туған заңгер, мигранттар құқығын қорғаушы Валентина Чупик. 2021 жылы оған Ресейге кіруге тыйым салынған. Бірақ Чупик әлі күнге дейін ресейлік гастарбайтерлердің құқығын қорғап келеді.

Жүздеген тәжік мигранттарын тексеріп тұрған полиция. Ресей маусым айы 2023 жыл.

Чупик заң жобасындағы “бақылаудағы тұлғалар реестріне” де алаңдайды. Бұл полицияға мигранттарды сотсыз үйқамаққа алып, мемлекеттік қызметтерді пайдалануға тыйым салуға мүмкіндік береді.

«Мигранттар жай әкімшілік құқықбұзушылық жасады деген күдікке ілінгені немесе жұмыс беруші қол астындағыларға салық төлемегені үшін де осы тізімге ілігуі мүмкін. Құжат мәтінінде мигранттарды ұстауға кемі 7 түрлі себеп көрсетілген. Шын мәнінде мұндай себеп көп болуы мүмкін», — дейді Чупик. Ол заңға ұсынылған толықтырулар көшірмесін алғаш рет 2019 жылы көрген.

«Сол кездің өзінде заңның басты қызметі — полициядағы жемқорлық екені белгілі еді. Сондықтан заң "Крокус" үшін керек болған жоқ, заң қабылдау үшін "Крокус" сияқты оқиға керек болды», — дейді Чупик. Ол Ресей өзінен босқын мәртебесін тартып алып, елге кіруге тыйым салғанға дейін Мәскеудегі мигранттар орталығын басқарған.

Заң жобасының алғашқы авторы — Ресейдің ішкі істер министрлігі. Ішкі істер министрі Владимир Колокольцев жақында Ташкентке жұмыс сапарымен барғанда, Мәскеудің позициясы қатаңдағаны үшін кешірім сұраған жоқ.

25 маусымда Өзбекстан президентімен кездесуден кейін Ресейдің ішкі істер министрлігі “Колокольцев Мирзияевке биліктің Өзбекстан азаматтарын қудалауының саяси немесе басқа да астары жоқ деп түсіндірді” деп мәлімдеді.

Колокольцев Өзбекстан ішкі істер министрлігінің өкілетті тұлғаларымен кездесуде Ресеймен азаматтардың жеке деректерін алмасу бойынша әріптестікті күшейтуге шақырды. Ол осы арқылы көші-қон процесіндегі «негативті тенденцияларды» азайтып, қос мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деді.

Өзбекстанның Мәскеудегі елшілігі Ресейдің сыртқы істер министрлігіне Домодедово әуежайына ұшып келген Өзбекстан азаматтарын қосымша және шектен тыс ұзақ тексеруге қатысты нота жолдады. Бір аптадан кейін Колокольцев Өзбекстанға барды. Бұл Ташкенттің ұстанымының өзгергендігінің айқын белгісі.

"НӘЗІК ТАҚЫРЫП"

Мамырдың басында Өзбекстанның сыртқы еңбек миграциясы бойынша агенттігі өзбектерді Ресей шекарасынан кері қайтарып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.

Алайда 27 мамырда Мирзияев Ташкентте өткен Владимир Путинмен келіссөзден кейін көші-қон мәселесі туралы айтты. Ол “Ресей президенті осы нәзік тақырыпқа қатысты ұсыныстарымды қолдады” деп мәлімдеді.

Өзбекстанға қарағанда Ресейге азырақ мигрант жіберетін, бірақ мигранттардың ақшасына көбірек тәуелді Қырғызстан мен Тәжікстан басшылары да жоғарыдағы мәселелерді көтерді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 9 мамырда Мәскеуде Владимир Путинмен кездесуіндегі басты тақырыптың бірі көші-қон мәселесі болатынын айтқан. Осы аптада бір топ тәжік мигранты Азаттыққа бес күннен бері Ресей мен Қазақстан шекарасында тұрғанын айтқан. Олар Қазақстан арқылы Ресейге өтпек болған.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон. Астана, 2022 жыл.

Қырғыз мигранттары тәжік және өзбек азаматтарына қарағанда, біршама басымдыққа ие. Өйткені Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына мүше.

Алайда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 9 мамырда өткен Еуразия экономикалық одақ басшыларының кездесуінде одаққа мүше елдер арасында жұмыс күші қозғалысына қатысты келісім сақталмай отырғанын айтты. “Бұл ұйым беделіне нұқсан келтіреді” деді Жапаров.

Ресейдің көші-қон жүйесіндегі ықтимал өзгерістер мен көрші мемлекеттердің өкпесі ресейлік омбудсмен Татьяна Москалькованың 27 маусымда ТМД елдерінің адам құқықтары жөніндегі комиссиясы отырысында берген оптимистік бағасына сай келмейді.

«[ТМД] елдерінің заңдарына жүргізілген зерттеу құжаттардың бәрінде шетел жұмысшыларына жақсы жағдай жасауға мән берілгенін көрсетті», — деді Москалькова. Ол Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығына байланысты, АҚШ пен Еуроодақ санкцияларына іліккен.

«Бірақ [қатысушылар] мигранттар құқығын қамтамасыз етуде шешуді қажет ететін мәселелер барын айтты. Комиссия осы бағытта жұмысын жалғастырады. Басты мақсатымыз — азаматтарға құқықтық қорғау механизмдерін ұсыну. Сонда ТМД аумағындағы барлық ел азаматы әлеуметтік қамқорлықты сезінер еді», — дейді Москалькова.