Испания - Еуропа чемпионы. Бұл ел Еуро додасын төртінші рет жеңді

Испания құрамасы Еуропа чемпионатының кубогын алған сәт. Берлин, 14 шілде 2024 жыл.

Футболдан Испания құрамасы Германияда өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанды. Бұл елдің футболшылары 14 шілдеде Берлинде өткен финалда Англия құрамасынан басым түсті.

МАТЧ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Ойынның бірінші таймында екі құрама есеп ашқан жоқ. Ал екінші таймда Испания шыға салып, есеп ашып кетті. Испания ойыншысы Нико Уильямс ағылшын Джордан Пикфорд қорғаған қақпаға гол салды. Уильямсқа пасты кеше, 13 шілдеде ғана 17 жасқа толған жас жұлдыз Ламин Ямаль шығарып берді.

Нико Уильямс (қызыл формада) салған гол.

Дегенмен 73-минутта Англия есепті теңестіріп кетті. 22 жастағы Коул Палмердің айып алаңынан тепкен добы Испания қақпасынан табылды. Палмерге пас шығарып берген - Англия құрамасының лидерлерінің бірі Джур Беллингем. Бір қызығы, Палмер 70-минутта басқа бір ойыншыны алмастырып, ойынға шыққан еді.

Ал 86-минутта Испания ойыншысы Микель Оярсабаль Англия қақпасынан саңылау тауып, есепті еселеді. Оярсабаль 68-минутта Испания капитаны Алваро Моратаны алмастырған еді. Сонымен 2:1 есебі ойын соңына дейін сақталды.

Микель Оярсабальдың (қызыл формада) Англия қақпасына салған голы.

Осылайша Испания Еуропа чемпионатында төрт рет (1964, 2008, 2012 жылдары ұтқан) жеңіске жеткен алғашқы ел болды. Ал Англия екінші рет қатарынан финалда жеңілді әрі Еуропа чемпионатын әлі ұта алмай келеді. Ағылшындар Еуро-2020 додасының финалында Италияға жол берген.

Испания ойыншылары Ламин Ямаль (сол жақта), гол авторлары - Нико Уильямс (ортада) пен Микель Оярсабаль (оң жақта) финалда. Берлин, 14 шілде 2024 жыл.

Германиядағы чемпионатта Испания құрамасы кіл фавориттерден басым түсті. Ширек финалда Германияны, жартылай финалда Франция құрамасын жарыстан шығарды. Ал топтық кезеңде Италия мен Хорватиядан басым түсті. Бұл елдің құрамасы додада барлық жеті ойында (турнир рекорды) жеңіске жетті.

Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родри Еуро-2024 додасының үздік ойыншысы, Испанияның 17 жастағы футболшысы Ламин Ямаль турнирдің ең үздік жас футболшысы атанды.

МАТЧТАН КЕЙІН ҚАРСЫЛАСТАР НЕ ДЕДІ?

Нико Уильямс, Испанияның бірінші голын салған ойыншы: Эйфория. Бүкіл ойыншыларымыз жеңіске лайық болды. Біз көп тер төктік. Англияның құрамы мықты болды, олар кез келген уақытта ойынды өзгерте алатындай қауіпті еді. Бірақ біз олардың шабуылына төтеп беріп, Еуропа чемпионы атандық. Біз бақыттымыз.

Микель Оярсабаль, Испанияның екінші голын салған ойыншы: Құрамаға көмектесу үшін алаңға шығып, міндетімді орындадым. Ойынның аяқталуына 26 минут қалғанда шығып, гол салудың өзі мен үшін жетістік. Бұл гол сонысымен құнды. Дегенмен менің орнымда басқа футболшы да болуы мүмкін еді.

Луис де ла Фуэнте, Испания бапкері: Өте бақыттымын. Бақытты жанкүйерлерді, бақытты ойыншыларды көрудің өзі бақыт. Нағыз команда, Еуропа чемпиондары! Бұған дейін ойыншыларыммен мақтанамын деп айтқан едім, сол мақтанышым екі еселенді. Дәл қазір футболшыларымыз әлемдегі ең үздік ойыншылар, оны бүгін дәлелдедік.

Англия капитаны Харри Кейн (ақ формада) мен Испания капитаны Алваро Мората (қызыл формада) допқа таласып жатыр.

Гарет Саутгейт, Англия бапкері: Финалдың соңына дейін күрестік. Меніңше, допқа дұрыстап иелік ете алмадық. Олар қысым жасағанда сол қысымнан шығуымыз керек еді, бірақ олай жасай алмадық. Матч соңында қарсылас ойынды бақылауда ұстады. Олар турнирдегі ең үздік команда болды және жеңіске де лайық.

Харри Кейн, Англия құрамасының капитаны: Финалда жеңілу өте ауыр. Ойынға оралу үшін бәрін жасап, есепті де теңестірдік. Бірақ бір сәт доптан көз жазып қалып, соның сазайын тарттық. Біз қарсыласқа қысым жасай алмадық, допқа дұрыс ие бола алмадық. Турнирдің соңғы ойыны болғандықтан көбі физикалық, психологиялық тұрғыда шаршады. Финалда күрестік, бірақ допқа ие бола алмадық.

Келесі Еуропа чемпионаты 2028 жылы Ұлыбритания мен Ирландияда болады.