Германияда атып өлтірілген шешен командирінің жақындары Красиковті Ресейге тапсыратыны жөнінде білмеген

Германияның Тбилисидегі елшілігі алдында Зелимхан Хангошвилидің суретін ұстап тұрған наразылар митингісі.

Германия билігі Берлинде атып өлтірілген бұрынғы шешен командирі Зелимхан Хангошвилидің отбасына оның өліміне кінәлі танылған Вадим Красиковті Ресейге беретіні жөнінде хабарламаған. Бұл туралы Кавказ.Реалии сайтына Хангошвилидің жесірі Манана (Раиса) Циатиева айтты.

Циатиеваның сөзінше, оны Ресейге тапсыратыны жөнінде ақпарат сот өтіп жатқанда пайда болған, алайда адвокаттар мұның екіталай екенін айтқан. Сот үкімі шыққаннан кейін адвокаттар “ресейлік агентті еліне қайтаруы мүмкін, алайда оған дейін жазасының едәуір бөлігін өтеуі керек” деген.

"Бізден ол жөнінде [Красиковті Ресейге тапсыратыны жөнінде] ешкім сұраған жоқ. Бұл Германия билігінің зардап шеккендермен санаспайтындығын көрсетеді" деді Хангошвилидің жесірі.

Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымының жазуынша, федералдық прокуратура Германия билігінің Вадим Красиковті босату туралы шешіміне наразы болған. Ал Германия үкіметі "шешімді қабылдау оңай болған жоқ, мәселе Ресей түрмесінде жазықтан-жазықсыз отырған адамдардың бостандығы мен денсаулығы, тіпті өмірі жөнінде болды" деп мәлімдеген.

1 тамызда Ресей мен Батыс елдері тұтқын алмасты. Келісім аясында Германия түрмесінде отырған Вадим Красиков те босап шықты. Журналистердің зерттеуіне сәйкес, Красиковтің Ресей ФСБ-на қатысы бар.

Зелимхан Хангошвили туралы Bellingcat зерттеуінде Вадим Красиковтың 1965 жылы қазіргі Түркістан облысының Кеңестөбе ауылында 1965 жылы 10 тамызда дүниеге келгені көрсетілген. 1980 жылдары отбасымен бірге Бурятияға көшкен.

Ичкерия тәуелсіздігі үшін күрескен Грузия азаматы, этникалық шешен Зелимхан Хангошвилиге Ресейде "терроризм" айыбы бойынша іздеу салған еді. Грузияда оған бірнеше рет қастандық жасалған соң 2016 жылы Германиядан баспана сұраған. 2019 жылы 23 тамызда оны Берлиндегі саябақта атып өлтірген.