Абай облысында Kaz minerals шахтасында бір жұмысшы қаза болды

19 қыркүйекте Абай облысында KAZ Minerals тобына қарасты Орлов жерасты кенішінде тау кен массасы опырылып, бір жұмысшы қаза болды. Бұл жөнінде компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

"2024 жылдың 19 қыркүйегінде сағат 14:20 шамасында компанияның екі қызметкері жарақат алды. Алдын ала мәлімет бойынша, оған тау кен массасының опырылуы түрткі болған. Зардап шеккендердің бірі алған жарақаттан ауруханада көз жұмды" деп жазылған компанияның хабарламасында.

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, "қайғылы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылған, оқиғаның себебі мен жай-жапсары анықталып жатыр".

Компания қаза болған жұмысшының отбасына толымды көмек беретінін мәлімдеді. Хабарламада KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук "оқиғаны тергеуге қатысу үшін өңірге барғаны" жазылған.

Кейінгі кезде өндіріс орындарында кеншілердің қазасы жиіледі. Екі күн бұрын Жамбыл облысында "Алтыналмас АК" компаниясына қарасты тау-кен байыту кешенінде тау-кен массасы опырылып, бір жұмысшы топырақ астында қалған. Компания іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлаған.

31 тамызда KAZ Minerals тобы Ертіс шахтасында төрт адамның денесі табылғанын, олардың газдан улануы мүмкін екені хабарланды.

64 жастағы миллиардер Владимир Ким - KAZ Minerals-дің президенті және атқарушы емес директоры. Биыл Forbes журналы оның байлығын 3,6 миллиард доллар деп бағалаған. Ал Bloomberg агенттігі – Кимнің байлығын 7,39 миллиард доллар деп көрсеткен. Кимге KAZ Minerals акциясының 63,5 пайызы тиесілі.

Олег Новачук Nova Resources B.V. компаниясы арқылы KAZ Minerals Ltd акциясының 36,6 пайызына иелік етеді.

Миллиардер Владимир Ким Орталық Қазақстанда металл өндіретін "Қазақмыс" корпорациясы қарайтын Kazakhmys Copper акцияларының 70 пайызына да ие.

Forbes Kazakhstan мәліметінше, KAZ Minerals тобы ашық әдіспен кен өндіретін Ақтоғай және Бозшакөл кеніштері, сонымен бірге жерасты шахталарын бір өндіріс алаңына біріктіретін "Шығыс аймақта" жұмыс істейді.