The Guardian: Ресей жағы Украина әскері Курскіге шабуыл жасайды деп алдын ала дайындалған

Суджа қаласының орталығындағы Владимир Ленин ескерткіші. Тамыз 2024 жыл.

Ресей әскері Украина күштері Курск облысына басып кіруі мүмкін деп қауіптеніп, бірнеше ай бойы дайындалған. Бұған облыстың Украина әскері басып алған бөлігінде қалған құжаттар дәлел. Құжаттармен британдық The Guardian басылымы да танысып шыққан.

Құжаттар Ресей ІІМ, ФСБ және Ресей әскеріне тиесілі, украин күштерінің Ресей аймағына рейді кезінде тәркіленген. Басылым Украина әскерінен құжаттар алғанын растайды, бірақ олардың түпнұсқалығын өз беттерінше растай алмағандығын жеткізеді.

Ақпанда Ресей барлау қызметі Украина әскері Сумы облысынан 80 шақырымға дейін аумаққа басып кіруге тырысып жатыр деп болжаған. Маусымда Ресей жағы украин күштерінің Суджа қаласын басып алу ниетінен хабардар болған. Украина әскері тамызда Курск облысына басып кірген. Суджа қаласы бір апта ішінде басып алынды.

Суджа шекарадан 9 шақырым жерде жатыр. Соғысқа дейін шамамен бес мың халқы болған қала Украина әскері шабуыл бастағалы бері басып алған ең ірі елді мекен. Рейдке қатысушылар The Guardian басылымына Ресей әскерінің көбі орындарын тастап, тіпті бірігіп шегінуге де атсалыспағанын айтқан.

Тәркіленген ресейлік құжаттарда Курск облысындағы әскери бөлімдердің рухының төмендігі және кадр тапшылығы жөнінде айтылған. Орташа есеппен алғанда бөлімшелер 60-70 пайыз нашар дайындалған резервтегі қызметкерлермен толықтырылған. Құжаттарда әскердегі қызметпен байланысты өзін өлтіру оқиғалары мен әскерилердің депрессиялық көңіл-күй көрсеткіші жоғары екені жазылған.

Украина әскерінің Курск облысына алғашқы сәтті жорығынан кейін көптеген батыс және ресейлік дереккөздер украин әскері шабуыл жасағанда ресейліктердің дағдарып қалғанын жазып, операция өте жоғары деңгейде дайындалған болуы мүмкін деп топшылаған.

Қыркүйекте америкалық CNN арнасы шабуылға қатысушылармен сөйлесіп, украин күштерінің Курск облысында кезіккен кедергілері туралы айтқан. Материалда қорғаныс бекіністерінің өте сапалы жасалғаны, Украина әскерінің едәуір шығынға ұшырағаны жазылған.