Алматыда оқушы қыз көп қабатты ғимараттан құлаған

Алматыда мектеп оқушысының денесі көп қабатты ғимараттың жанынан табылды. Ол биіктен құлаған. Бұл бір апта ішіндегі екінші жағдай: 16 қыркүйекте алматылық екі оқушы биіктен құлап мерт болған еді.

Сенбі күні Алматы полициясы оқиға Бостандық ауданында болғанын хабарлады.

"Бұл факт бойынша Бостандық аудандық полициясы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде мерт болған бала қауіпті ойын ойнап, өлімалды хат қалдырды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Алматы қалалық полиция департаменті қасақана жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікпен қудаланатынын ескертеді және тек ресми мәліметтерге ғана сүйенуге шақырады" деп жазылған Алматы полициясының хабарламасында.

16 қыркүйектегі екі қыздың өлімінен кейін полиция мәселе суицид жөнінде болып отырғанын айтқан. Оның себебі айтылмады.

"Оның суицид екені сөзсіз. Өзіне қол жұмсауға итермелеу фактісі бойынша іс қозғалды. Бұдан басқа ештеңе айта алмаймын" деді 19 қыркүйекте үкімет кулуарында ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха.

Алматы әкімі 16 қыркүйектегі жағдайдан кейін пәтер иелерінің кооперативтеріне көп қабатты ғимараттардың үстіне шығатын есіктердің жабық екеніне көз жеткізуді тапсырды. Әкімдік көп қабатты ғимараттардың төбесі мен шатыр асты орындарды жабуға кеңес берді.

Оқу ағарту министрлігі және цифрлық даму министрліктері ата-аналарды жасөспірімдердің телефондарында қауіпті ойындар мен қосымшалар бар-жоғын тексеруге үндеді.