Ресей әскері Кривой Рогқа соққы жасап, үш адам қаза болды. Арасында 12 жастағы жасөспірім де бар

Кривой Рогқа жасалған шабуылдан кейін. 28 тамыз 2024 жыл. Көрнекі сурет.

Ресей әскері 21 қыркүйекке қараған түні Украинаның Днепропетровск облысындағы Кривой Рог қаласына соққы жасап, үш адам қаза болды деп хабарлады облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лысак.

Оның сөзінше, 75 және 79 жастағы екі әйел және 12 жасар бала мерт болған. Тағы үш адам жараланған – 17 жастағы жаөспірім мен 31 және 50 жастағы екі ер адам орташа жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Лысактың сөзінше, шабуылдың салдарынан екі жеке үй өртенген. 20-дан астам үй бүлінген, екі ғимарат қираған. Бұдан бөлек, мектеп ғимараты мен гараж, көлік те бүлінген.

Украина төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметі Днепрге түнде шабуыл жасалғанын хабарлады. Соның салдарынан білім орталығы мекемесінің ғимараты қираған, көп қабатты үйлердің терезелері шағылып, көліктер бүлінген. Бір адам зардап шеккен.

Азаттықтың Украина қызметі Кривой Рогқа жасалған түнгі шабуылдың салдары туралы фото-видео жариялады. Басылымның жазуынша, соққы тұрғын үй секторына түскен.

Украина әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей Днепропетровск облысына төрт баллистикалық "Искандер-М" және бес Х-59/69 ракетасымен шабуылдаған. Одан бөлек, 16 дрон жіберген.

Украина әскері бес Х-59/69 ракетасы мен 11 дронды атып түсірген. Тағы бес дрон із-түзсіз кеткен. Украинаның Днепропетровск, Кировоград, Сумы, Полтава, Одесса және Николаев облыстарында әуе қорғаныс жүйесі іске қосылған.