Әлемге Ресейдің көзімен қарау Қазақстанға тән бе?

Қазақстанда ресейлік ақпарат құралдарының ықпалы басым екенін тәуелсіз сарапшылар жиі айтуда. Бірақ оның ұлттық қауіпсіздікке де зияны бар екенін барлығы бірдей мойындағысы келмейді.
Ал бұл мәселені екінші жағынан қарайтын болсақ, қазақстандық оқырмандардың басым бөлігі әлемдегі болып жатқан оқиғаларға Ресейдің көзқарасымен қарап отырғанын көруге болады.
Мұхтар Шахановтың 2006 жылдың 11 сәуірінде жасаған депутаттық мәлімдемесінде мынандай деректер көрсетілген. «Қазпошта» акционерлік қоғамы, «Қазпресс» ЖШС (АиФ Қазақстан), «Алма-медиа» баспа үйі ЖШС (Караван), «Евразия-пресс» ЖШС, «Эврика- пресс» ЖШС, «Бико» ЖШС, «Бурда-Алатау-пресс» ЖШС арқылы Қазақстанға Ресей Федерациясының 5248 газет-журналы тарайтындығы айтылған. Бұл аз ба, әлде көп пе?
Одан соң, қазақ тілінде жарық көретін 453 басылымды қоспағанда, Қазақстандағы орыс тілінде шығатын 2303 газет-журналды Ресейдің ақпарат көздеріне арқа сүйемейді деп тағы айта алмаймыз. Олардың қаншасы Мәскеудің жүргізіп отырған ақпараттық саясатын айналып өтіп, әлемдік деңгейдегі агенттіктердің қызметін пайдаланып отырғаны да белгісіз.
«Менің ойымша, егемендік алғаннан кейін 5-6 жылдан соң, біздің идеологиялық базамыз болып табылатын бұқаралық ақпарат кеңістігі тұтастай Ресейдің ықпалына түскен сияқты. Бұған Ресейдің ынтасынан гөрі, Қазақстанның билік жүйесінің ыңғайы және соларға барлық жағдайды жасап беріп жатқандығы әсер етіп отыр.
Керек десеңіз, олардың газет-журналдарын былай қойғанда, халық көп көретін телеарналар мен электронды БАҚ-тары да Қазақстанның ақпарат кеңістігін толықтай жаулап алды. Мәселен, «Рахат» телеарнасы ресейлік «Сегодняны» көрсетеді. Құтты бір сол мемлекеттің телеарнасы сияқты. «31 арнаның» 20 пайыз акциясын ресейлік СТС-тің сатып алуы да осы мәселенің бір көрінісі. Менің ойымша, бұл өте қауіпті және қате саясат. Себебі, идеологиялық кеңістік арқылы біз дүниежүзіндегі мәселелерді түсініп және халықаралық саясатты ұғып отырмыз. Ал біздегі барлық ақпараттарда Ресейдің саясаты жатыр.
Өкінішке қарай, біз мемлекеттік тілді дамытпау арқылы Ресейдің хабарларын алуға өзімізді-өзіміз мәжбүрлеп отырған сияқтымыз. Әйтпесе, ағылшын тіліндегі немесе көрші мемлекеттердегі ақпарат көздерін пайдалануға болар еді, бірақ біздің ойлау, ақпараттарды сараптау жүйеміз орыс тілінде қалыптасқаннан кейін Ресейге арқа сүйеп отырғанымыз рас. Бұл жерде ақпараттың тиімділігі және тездігі керек, сондықтан ұғынуға оңай орыс тіліндегі ақпараттарды пайдаланамыз да, оның ішіндегі негізгі бағытына, ішкі саясатына көп мән бермейміз. Ал мұның бір қауіпі - біз Кеңес үкіметіндегідей идеологияның құрсауында қалып қойып, жеке мемлекет ретінде дамуымызға кедергі болады», - деді Дос Көшім Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.
Бүгінгі адамзат өмірінде ақпараттың алар орыны ерекше екені белгілі. Осыдан 100 жылдай бұрын ақпараттық соғыс жүргізудің стратегиясына байланысты «Сион даналығы хаттамаларының жинағы» деген құжат құрастырылып, оның екінші тарауында мемлекет жүйесінде қоғамдық пікір қалыптастыруға ерекше ықпал ете алатын - баспасөзге баса мән берілген. Сарапшылардың арасында ақпараттық майдан жүргізуде сол хаттамадағы қағиданы ескерген ел өзгенің басқару жүйесі, халықты ақпараттандыру, терроризм, экономикалық соғыс, қаржы бағдарламасы, жалпыхалықтық дауыс беру сияқты мемлекеттің басты салаларын тұтастай бақылауға алады деген пікір бар.
КСРО кезіндегі ақпараттық соғыстың мәні үш бағытта жұмылдырылып, қызмет етті делінеді. Біріншісі – америкалық саясаттың барлық аспектілерін жоққа шығаруға арналған материалдарды жариялау, екіншісі –НАТО-ға кіретін мемлекеттерді арандатуға арналған материалдарды әзірлеу. Ал үшіншісі – бейбітшілікті жақтайтын батыстық мемлекеттерді қолдау. Сол сияқты «қырғи-қабақ соғыстың» тұсында Америка Құрама Штаттары 1953 жылы президент Дуайт Эйзенхаузердің бастамасымен кеңестік ақпараттық идеологияға тойтарыс беру үшін – ЮСИА (USІS, Unіted States Іnformatіon Agency) деп аталатын агенттік құрды. Ақ үйдің «оң қолы» саналатын бұл агенттікте әлемнің 142 елінде 2,5 мың теле-радио, газет-журналдар қосындары мен 13 мыңнан астам тілші жұмыс істеді.
Әлемнің алпауыт елдері ақпаратқа ерекше мән беріп отыр. Өйткені, оны қару ретінде де, бітімгершілікке арқау болатын құрал ретінде де пайдалануға болады. Осы жағдайға байланысты президент Н. Назарбаевтың жарлығымен "2006-2009 жылдардағы Қазақстан республикасы ақпарат кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігі туралы тұжырымдамасы" бекітілді. Одан бері бірнеше жыл өтсе де, көзге көрінер өзгеріс байқалмай тұр. Себебі, газет-журналдарды саудалайтын дүңгіршектерде өзге мемлекеттің басылымдарынан көз сүрінеді. Кеңес үкіметінің тұсында да дәл осындай жағдай болған. Яғни, бұдан тәуелсіздік алғалы бері қазақстандық ақпарат кеңістігінде көп нәрсенің өзгере қоймағанын көруге болады.
Әлемді Ресей терезесі арқылы көру мәселесі қазақстандықтардың арасында кең етек жайып отырғаны жасырын емес. Біз жақында Грузия мен Оңтүстік Осетияның арасында басталған қарулы қақтығыстарға байланысты халықтың пікірін сұраған едік.
Аты-жөнін атамауды өтінген зейнеткер:

- Бұл соғысты тоқтату үшін американдық "демократиялық әдісті" пайдаланып, Грузияны бомбылау керек. Американдықтар Иракқа басып кірді ғой, дәл солай Ресей де Грузия территориясына әскер жіберуі керек. Грузиндер американдықтарға арқа сүйеп, ешкімнен қорықпай отыр. Әйтпесе, неменеге Оңтүстік Осетияны бомбылай бастады деп ойлайсыз? Бұл тығырықтан шығатын екі-ақ жол бар. Оның біріншісі, Грузияның президентін халықаралық сотқа беру, екіншісі, Ресей әскер жіберіп, бұл мемлекеттің әкімшілік басқармасын құрту керек.

Ал екі мемлекеттің арасындағы соғыстың басталғанын телеарналар арқылы білдім. Өйткені, газетті көп оқымаймын. Онда да ресейлік арналарды көремін. Себебі, мұндай мәселе қазақстандық арналарда көп айтылмайды. Ал американдық және британдық каналдарды мүлдем көрмеймін. Олар үнемі өтірік айтады.
Қуаныш Сариев, зейнеткер:
- Соғысты бастап отырған Михаил Саакашвили. Өйткені, Грузияның барлық халқы Оңтүстік Осетиямен соғысқысы келіп отырмаған болар. Жалпы алғанда Ресей, Қазақстан сияқты мемлекеттер бұл соғыстың күшейіп кетпеуіне атсалысулары керек.
Ал Саакшвили Америкаға сеніп отыр ғой. Бұл белгілі нәрсе. Егер Америка оны қолдамайтын болса, олар мұндай соғыс ашпас еді. Ал халықаралық жаңалықтарды көбінде «Хабар» телеарнасы арқылы көремін.
Алла, Алматы қаласының тұрғыны:
- Әлемде табиғи апаттар көп орын алып жатқан кезде, соғыс ашып қажеті жоқ еді. Бұл соғысты американдықтар ұйымдастырып беріп отыр. Мұндай жағдайды тек солар ғана жасай алады. Менің сіңілімнің жоғары оқу орында оқитын баласы кеше бізге «батыстық ақпарат құралдарында Ресей Грузияға қарсы соғыс ашты деген хабар таратылды» деп айтып келді.
Света, Алматы қаласының тұрғыны:
- Грузиядағы жағдайды біреулер әдейі ұйымдастырып отырған шығар. Бұл соғыс осетиндерді жек көретін грузиндердің немесе грузиндерді жек көретін осетиндердің тарапынан болды деп ойламаймын. Басқару бұрынғы қалпынша қалғандықтан, осы соғыстың артында Мәскеу тұрған шығар деп ойлаймын.