Жекей Қалидолда: Моңғолияда саяси жағдай тұрақтанды

Генерал Жекей Қалидолда, Моңғолия парламентінің депутаты.

Моңғолияның Ұлы Құралына (Парламентіне) әр сессия сайын үш қазақ азаматы сайланады. Баян-Өлгий аймағындағы халықтың 90%-ын қазақтар құрайтындықтан, бұндағы үш округтан сайланатындар тек қазақтар болып келеді. Биылғы жылғы сайлауда Баян-Өлгий халқы да Моңғолияның өзге өңірлеріндей Моңғол халық революцияшыл партиясына дауыс беріпті. Осы партия атынан сайланған үш қазақтың бірі – Жекей Қалидолда.
Жаздағы сайлауда Моңғолиядағы негізгі екі ірі саяси күштің бірі – Моңғол халық Революцияшыл партиясы басым дауысқа ие болды. Ал, Демократиялық күштер өкілдері Парламенттегі 76 орынның 25-ін қанағат тұтты. Сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін, оның қорытындысына наразы топтар қарсылық акцияларын ұйымдастырды. Алаңға 5 мыңдай адам ереуілге шығып, оның соңы қарулы қақтығысқа ұласты. Соның салдарынан 7 адам оққа ұшқан болатын.

Мен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында шілде айының соңында болған едім. Сол кезде демократтар атынан сайланған депутаттар жаңа сессияның ашылуына қатыспауы себепті Парламенттің жаңа құрамы жұмысқа кірісе алмаған еді. Моңғолияның Ұлы Құрал депутаты Жекей Қалидолдадан Моңғолиядағы қазіргі саяси жағдайдың қалай бет алып бара жатқанын сұраған едік.

- Екі үлкен саяси күш өкілдері Парламенттен орын алды. Моңғолия социалистік мемлекет болып тұрған кездегі жетекші партия - Революцияшыл партия атынан 45 адам, Демократиялық партия атынан 25 адам сайланды. Ал, жаңа Парламентті жасақтаудан бұрын, ант қабылдау керек болатын. Жаңа сессияның ашылуына демократиялық күштер атынан сайланған депутаттар келмей қойды. Бұл да сайлау нәтижесіне деген наразылықтың салдары еді. Кворум болмауы себепті де, жаңа сессияның ашылу жиналысы өткізілмеді. Ант қабылданбады. Оларды бірнеше күн күттік. Болмаған соң, келіссөздер жүргізе бастадық. Ақырында, Үкіметті жасақтауда демократиялық партия атынан да, революцияшыл партия атынан да тең деңгейде үкімет жасақтауға келістік. Содан кейін ғана, демократиялық күштер өкілдері ант қабылдауға келді.

Моңғолияда 24 партия бар. Соның бедел мен ықпалға ие болып отырғаны – Демократиялық партия мен Революцияшыл партия. Моңғолияның Конституциясы бойынша 76 орынның 38-ін жеңіп алған партия Үкіметті өзі жасақтауға құқылы. Біз ақылдастық, халық екі үлкен саяси күшті қолдап отыр. Біз қанша көп дауысқа ие болсақ та, екінші ірі саяси жақтың да интеллектуалдық күшін пайдалана отырып, бірге үкімет жасақтауға келістік, - дейді ол.

Демек, жеңген партия жеңдім деп, жалын күдірейтпей, жеңілген партиямен келісімге келген екен. Жекей Қалидолда Парламенттің жаңа құрамы жұмысын бастағаннан кейін, жаздағы қарулы қақтығысқа кім кінәлі екенін талқылап, өз қорытындысын бергендерін айтады.

- Соңғы жылдары демократиялық үрдістерге орай бұндай толқулар әлемнің бірнеше елінде болып өтті. Моңғолиядағы халық екі үлкен саяси күшке бөлінген. Сайлау қорытындысына наразы топтың жұртты көшеге бастап шығуының ақыры осылай болды. Бұндай толқулар, Украина, Грузия және Қырғызстанда орын алғаны белгілі.

Жаңа сессия жұмысын бастағаннан кейін, бұл қалай болды, мұндай ірі қақтығысқа кім жол берді деген мәселені талқылап, қорытындысын шығардық. Бұл негізінен сайлауға наразы саяси күштердің халықтың қолтығына су бүркуі нәтижесінде орын алып отыр. Олар ірі қақтығыс жасауды ойлады. Бірақ, ол мүмкін болмады.

Жекей Қалидолда баяғыдан коммунистік рухпен қаруланған Қызыл партияның жеңіске жету кілті әлеуметтік жағдайды жақсартуға қатысты жасалған нақты бағдарламада деген пікірде.

- Әрбір саяси күш өзінің сайлауалды бағдарламасын ұсынады ғой. Біз «ХХІ ғасырда Моңғол елін қалай өркендетеміз?» деген жоба жасап, ұсындық. Соның ішінде алдағы 4 жылда жасайтын іс-қимылдарымыз нақты көрсетілді. Моңғолия кедей мемлекет. Жұмыссыздардың саны көп. Біз негізінен әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөлдік. Халықтың әл-ауқатын жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесін бірінші орынға шығардық. Сыртқы қатынасты нығайтып, экономиканы көтеріп, әрбір тұрғынға қазба байлықтан түскен қаржыдан 1,5 миллион төгрөг, яғни 1200 доллардан ақшалай көмек береміз дедік, - деген ол халыққа осы бағдарламаның ұнағанын жеткізді.

Жекей Қалидолда Моңғолияның Ұлы Құралына екі рет депутат болған адам. Біріншісі – 2000 жылы болса, биыл тағы да қайта сайлану мүмкіндігіне ие болып отыр. Ол сондай-ақ, генерал атағына ие болған екі қазақтың бірі. Жекейдің айтуынша Ұланбатырда 20 мыңдай қазақ бар. Ал, қазақтың шоғырлана орналасқан Баян-Өлгий аймағының ерекше мәртебесі бар екені әмбеге аян. Моңғолияның Конституциясында «Баян-Өлгий аймағын қазақ ұлттық аймағы ретінде» көрсеткен. Екі шақырылымда да депутат болып отырған Жекей Қалидолда әрбір жаңа қабылданған заңда қазақ аймағының ерекше мәртебесін ескеріп, олардың өз тілін үйренуіне, қазақ мектептерінің дамуына кедергі жасалмауын қадағалайтындығын айтады.

- Моңғолияда жергілікті өзін-өзі басқару ісі жақсы жолға қойылған. Сол себепті де, ондағы қазақтар тілін дамытуға, ұлттық қалпын сақтауға өздері жауапты, - дейді ол.