Суға батқан бойжеткенді аман алып қалу үшін студент жігіт өмірін қиды

Мейіржан Қанатов. Сурет Қостанай университетінің қорынан.

Қостанайда жақын-туыстары мен достары 19 жастағы студентті ақтық сапарға шығарып салды. Жергілікті университетте білім алып жүрген жас жігіт Тобыл өзеніне батып бара жатқан бойжеткенді құтқарып қалғанымен өзі суға кетіп қаза болған еді.
БЕЙТАНЫС ҚЫЗДЫ АЖАЛДАН ҚҰТҚАРУҒА ӨМІРІН ҚИДЫ

Өзі танымайтын адамның өмірін алып қалам деп басын ажалға тіккен Мейіржан Қанатовпен қоштасуға, маусымның 18-і күні, марқұмның туған-туыстары мен дос-жарандары, ол оқыған Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері мен оқытушылары жиналды.

Сәрсенбінің сәскесінде, күн ыстық болғандықтан салқындап алмақшы болып, бірнеше құрбы-құрдасымен бірге Тобыл өзеніне суға түсуге
Суға батып кетуге шақ қалған бейтаныс қыздың жанына жеткен Мейіржан оны жағаға итеріп шығарғанымен, өзен ағысы өзін алып кетті...
келген Мейіржан «Құтқарыңдар!» деген дауысты естісімен көмекке ұмтылады.

Жәрдем сұрап жанұшырған жас бойжеткенді ағысы қатты өзен алып бара жатыр екен. Суға батып кетуге шақ қалған бейтаныс қыздың жанына жеткен Мейіржан оны жағаға итеріп шығарғанымен, өзен ағысы өзін алып кетеді. Бозбала өз өмірін тігіп ажалдан алып қалған он жеті жастағы қыздың есімі Махаббат екен.

Мейіржанның жанында болған жолдастарының айтуына қарағанда, суға кетіп бара жатқан қызды құтқармаққа бірнеше бозбала суға түскен, бірақ, қанша тырысса да, бойжеткенді алып шығуға шамалары келмеген. Мейіржанның денесін құтқару қызметінің адамдары бірнеше сағаттан соң су астынан тапқан.

Өзен арнасы ағып жатқан сол тұста бұлақ бар екен, яғни судың түбі мұздай суық болған. Мамандар ыстықтан суыққа бірден түскен кезде адам денесінің құрысып, буындары тартылып қалатынын айтады.

«ОЛ ӨНЕРГЕ ҚҰШТАР ЕДІ»

Қостанай университетінің математика және компьютерлік бағдарлама факультетінің екінші курсында оқыған Мейіржан Қанатовтың жасы он тоғызға биыл толған еді.

Өзбекстаннан жақында ғана тарихи Отанына көшіп келген отбасындағы төрт баланың кенжесі болған – екі ағасы, бір апасы бар. Қазір Рудный қаласының маңындағы ауылда тұрып жатқан әке-шешесі зейнет жасында.

Мейріжан «Жас өркен» театрының белсенді мүшесі болды. Университет қорындағы сурет.
Дос-жарандары табиғатынан елгезек, мінезі-ашық жарқын сабақты жақсы оқыған Мейіржанның өнерге құштар болғанын айтады. Ол университеттегі «Жас өркен» жастар театрының белсенді мүшесі болды.

Осы театрдың режиссері Айсәуле Әбдешқызының айтуына қарағанда, Мейіржан Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» пьесасында Қайырбай ролін тамаша сомдап, көрермендердің ықыласына бөленген. Жас өнерпаз биылғы Наурыз тойында Сұлтан Бейбарыстың монологын орындағаны да көпшіліктің көңілінен шығыпты.

«Ол өзіне Бейбарыс пен Томирис секілді тарихи тұлғалардың қатты ұнайтынын, соларға еліктегісі келетінін айтып отыратын. Енді өзі де ерлік жасап, қаза тауып отыр», – деп мұңая еске алады Айсәуле Әбдешқызы.

Универсиетте Мейіржан оқыған факультеттің деканы Нұрлыбай Абатов марқұмды жақсы қырынан көріне білген, үлгілі шәкірт есебінде сипаттайды.
Ол өзіне Бейбарыс пен Томирис секілді тарихи тұлғалардың қатты ұнайтынын, соларға еліктегісі келетінін айтып отыратын. Енді өзі де ерлік жасап, қаза тапты.


«Шынында да, ата-анасы оның есімін тауып қойған, мейір десе мейірлі, мұғалімдерге де, жолдастарына да пейілді еді», – дейді ұстазы.

Қостанай облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың ақпараты бойынша, осы айдың басынан бері оннан астам кісі суға кетіп қаза болған. Қостанайда маусым айы айырықша ыстық болып тұр, ауаның температурасы отыз бес градустан асып кетті.

Ыстықтан бассауғалап, жанға сая іздеген жұрт өзенге шомылуды жөн көреді. Ал судан құтқару қызметінің аясы тек Тобыл өзені маңайындағы жағажайлармен ғана шектеледі.