Полиция Алматы перзентханасынан жоғалған сәбидің табылғанын хабарлады

Дүние есігін енді ашқан нәрестелер. Көрнекі сурет.

Алматыдағы №1 перзентханадан үш күн бұрын жоғалған нәрестенің табылып, анасына қайтарылғанын хабарлады бүгін ішкі істер министрлігі. Полиция осы баланы ұрлаған деген күдікпен 25 жастағы әйелді ұстаған.
Қарашаның 23-cі күні Қазақстан ішкі істер министрлігі өткен сенбіде Алматыдағы №1 перзентханадан жоғалып кеткен жас сәбидің табылып, анасына қайтарылғанын және оны ұрлаған деген күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

«Алматы қаласының ішкі істер департаменті қызметкерлері ағымдағы жылдың 20 қарашасында №1 қалалық перзентханада нәрестені ұрлағанына күдікті 25 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ұсталған азаматша сағат 9.20-да ғимаратқа кіріп, палатадан өзінің халатын киіп, бірнеше күн бұрын туылған ұл баланы ұрлағаны анықталды. Одан кейін қызметкерлерге байқатпай перзентханадан шығып, таксиге отырған. Арнайы жүргізілген операция барысында таңғы сағат 4-те нәресте күдіктінің пәтерінен табылып, медициналық мекемедегі анасына қайтарылды», – делінген сейсенбі күні Қазақстан ішкі істер министрлігінің интернет-сайтында жарияланған ақпаратта.

Алматыдағы №1 перзентханада қарашаның 17-і күні дүниеге келген ұл бала үш күннен соң осы мекемеде жоғалып кеткені туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған. Алматы полициясы бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу бастағаны белгілі.

Алматының №1 перзентханасында бала ұрлау оқиғасы соңғы үш жылда осымен екінші рет тіркеліп отыр. 2007 жылы ақпан айында осы перзентханада медбике өмірге келгеніне екі-ақ күн болған қыз баланы ұрлап кеткен еді. Ол жолы сәби көп кешікпей Алматының шетіндегі үйлердің бірінен табылып, 19 жастағы анасына аман-есен қайтарылған болатын.