Тұрғындар қыз ұрлаған ауған полициясымен атысты

Ауғанстан жергілікті полициясы ауыл аралап жүр. 3 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауған полициясының бір топ офицері медбикені ұрлап, зорлады деген күдікпен қамауға алынды. Полицияның сорақы әрекеттері туралы арыздар бұл елде бұған дейін де көп түсетін.
«Талибан» қозғалысына қарсы күресу, оларды бақылау – Ауғанстан полициясының тек жарты уайымы. Елде полицияның жұрт арасындағы беделі төмен. Сондықтан мекеме қоғам алдындағы абыройын көтеруге тырысып келеді.

Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы, Пәкістанмен шекаралас жатқан Нұрстан провинциясында бір апта бұрын болған оқиға полицияның «абырой көтеру» науқанына соққы болып тиді.

Провинцияның Вант ауданында ақпанның 17-сі күні Ауған ұлттық полициясының (ANP) 10 офицері жергілікті клиникаға басып кіріп, Зубайда есімді медбикені әріптестерінің көз алдында алып кеткен. Бірер сағаттан кейін Зубайданы қаруланған ауылдастары мен Ауған ұлттық полициясы офицерлерінен құрылған басқа топ құтқарып алған. Қарсыластар арасында атыс болған.

Атыстан қаза тапқандар туралы мәлімет жоқ. Күдікті төрт офицер қамалған. Қалған алтауын полиция іздеп жатыр.

Бұл жайт елдегі полицияға деген наразылықты күшейте түсті. Оларға қатысты есептер онсыз да шағымға толы болатын. Есептерде қудалау мен бопсалау, зорлық көрсету, өз бетімен тұтқындау және жер тартып алу фактілері айтылады.

«ШАМСУЛЛАХ ҚЫЗДАН КЕК АЛДЫ»

Вант ауданы әкімі Рахматулла Рахмат Азаттыққа Зубайданың жарақат алмағанын және оны полиция құтқарғанын айтты. Әкім «Оны шамамен түн ортасында әкеткен. Суыт хабар ауыл тұрғындарына тез тарап, полиция әйелді алып кеткендермен атысып, құтқарып қалды. Төрт офицерді тұтқындап, қалған алтауын әлі іздеп жатырмыз. Әйелді зорламаған» деген.

Ауған әйелдері. (Көрнекі сурет)

Алайда жергілікті тұрғындардың айтуынша, офицерлер әйелді зорлаған.

Бұл жерде зорлау оқиғаларын ауған қоғамы жасыратынын, ол туралы жұрт арасында жария түрде айтылмайтынын ескерген жөн. Өйткені, зорланған әйелді туыстары өлтіріп те жатады. Оны «намыспен өлтіру» деп атайды. Ауғанстанда әйелдердің бейтаныс ер адаммен араласуы да арсыздық саналуы мүмкін.

Бұған қоса, жергілікті тұрғындар «офицерлердің аудан полициясының бұрынғы басшысы Шамсуллахтың тапсырмасымен әрекет етуі мүмкін екенін» айтады. Тұрғындардың дерегі бойынша, бұрынғы полиция бастығы Зубайдаға бірнеше рет сөз салған, бірақ қыз оған тұрмысқа шығудан бас тартқан. Кейбір тұрғындар «Шамсуллах қыздан кек алды» деп жорамалдайды.

ПОЛИЦИЯҒА ЕЛДІҢ 80 ПАЙЫЗЫ СЕНБЕЙДІ

Жергілікті тұрғын Маулави Забиуллах «ауған полициясы халыққа қызмет етіп, азаматтарды қорғаудың орнына ел ішінде қорқыныш тудырып отыр» дейді.

- Біз бәріміз - мұсылманбыз және ауғандықтармыз. Сондықтан полицияға сенім артуымыз қажет. Бірақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс полиция, шын мәнінде, тәртіпсіздік жасаса, біз оған да наразылығымызды білдіруіміз керек, - дейді ол.

Ауғанстан ұлттық полициясы қатарында 157 мыңдай қызметкер бар. Одан бөлек, бұл елде Ауғанстан жергілікті полициясы (ALP) қызмет етеді. Оның сапында - 13 мың полицей. Бұл құрылым - Ауғанстан аумағында 80 бөлімшесі бар, ықпалды күш. Жергілікті полиция бөлімшелерін үкімет қаржыландырады. Олардың міндеті – Ауғанстанның шет аймақтарындағы ауылдарда тәртіп орнату.

Жергілікті полиция бөлімшелеріне қатысты бұрыннан келе жатқан күдік бар - олар жергілікті беделді тұлғалардың жетегінде кетуі мүмкін.

2012 жылы БҰҰ жүргізген әлеуметтік сауалнама бойынша, 10 ауғандықтың сегізі ұлттық және жергілікті полицияға сенбейді. БҰҰ баяндамасы бойынша, жемқорлық пен лауазымын асыра пайдалану ауған қоғамында үлкен проблемаға айналған.

(Фруд Бежанның мақаласын аударған - Әзина Мақұлжан)