Наразыларды жаппай ұстаған күн

Астанадағы акцияға қатысушылар еуропалық бірнеше мемлекеттің дипломатиялық өкілдеріктері орналасқан ғимарат алдына жиналып, Қазақстан билігіне талаптарын айтты.

Акцияға жиналғандар: «Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!», «Масқара!» деп айғайлады.

Акцияда белсенділік танытқандарды полиция ұстап, көлікке салып алып кетті.

Билік өкілдері азаматтарды неге ұстап жатқандарын сұраған Азаттық тілшілеріне жауап бермеді.

Белсенділердің айтуынша, бұл наразылық акциясы Еуропа Одағы мен Қазақстан арасында жасалған серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің орындалу барысын бағалау үшін Астанаға келетін Еуропа парламенті ресми делегациясының сапарына орайластырылып өткізіліп отыр.

Бұған дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ымырасыз сынап жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов өз жақтастарын мамырдың 10-ы күні билікке талаппен наразылық акциясына шығуға шақырған. Ол негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын наурыз айында Астана соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

Ұсталғандардың арасында әртүрлі жастағы адамдар болды. Астанада жанына ерткен жасөспіріммен (ұлы болуы ықтимал) бірге автобусқа отырғызған әйел: "Ол әлі кішкентай ғой, сендерге не болған, балалар! Ол небары 12 жаста!" деп айғайлады.

Бұл күні нақты қанша адам ұсталғаны әзірше белгісіз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Астанада ондаған азамат ұсталған.

Алматыда да полиция бейсенбіде рұқсат етілмеген "саяси тұтқындарды қолдау" акциясына жиналған адамдарды жаппай ұстады.

Полиция өкілдері Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына жапсарлас Панфилов көшесінде адамдарды ұстап жатыр.

Азаттық тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, Алматыда наразылық акциясы болған жерден полиция 80-ге жуық адамды ұстап әкеткен.

Әуе шарын полиция қызметкерлері жарып тастағанына жылаған бала. Бұған дейін Мұхтар Әблязов биылғы Наурыз мейрамы кезінде жұртты көшедегі мерекелік шараларға көк түсті шар ұстап шығуға үндеген. Сол кезде мейрам күні көк шар ұстап шыққан кей адамдарды полиция ұстаған болатын.

Наразылық акциясына шыққандардың бірін полиция қызметкерлері ұстап жатыр.

Алматыда наразылық акциясына қатысушылар биліктен "бостандыққа шығаруды талап еткен саяси тұтқындар" арасында 2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасы" бойынша сотталған диссидент Арон Атабек, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев, 2016 жылы "жер шеруіне" қатысқаннан кейін сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев, Алматының тергеу абақтысында отырған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов және басқалардың есімдері аталды.

Қарсылық акциясына шыққан азаматты полиция әкетіп барады.

Мамырдың 10-ы күні Алматы мен Астанамен қоса Семей, Шымкент, Ақтөбе мен Орал қалаларында азаматтар қарсылық акциясына шыққан. Қазақстан бойынша нақты қанша адам ұсталғаны әзірше белгісіз. Алматыда тәуліктің екінші жартысында бүгінгі акциядан ұсталған адамдарға қарсы әкімшілік істерді сот қарай бастаған.

Наразылық акциясындағы ұрандар.