Ежелгі петроглифтер галереясына саяхат

Экспедиция мүшелері "Ақбұлақ" курортының төменгі жағында жиналды. Олардың басым бөлігі студенттер болды. Арасында оқытушылар мен еріктілер де бар болды. "Бекен ата" қорының жетекшісі Бекбол Нұрмұханбетов пен "Есік" тарихи-мәдени қорық-музей директорының орынбасары Ермек Жасыбаев экспедиция жетекшілері болды.

Археологтар петроглифтерге қалай бару керектігін өзара ақылдасып, ақырында "Ақбұлақ" курорты арқылы баруға бел буды. Біріншіден, курорт тауда орналасқан және оған көлікпен жетуге болады. Екіншіден, ондағы қанатты жолдың көмегімен біраз қашықтықты еңсеруге болады. Суретте экспедиция мүшелері шыршалы орманға шығып барады.

Бұл жердегі ауа райы үнемі қолайлы бола бермейді. Экспедицияның бірінші, екінші күні жаңбырлатып, қар жауды. Қатты жел тұрды. Жолшыбай түсірілген мына суреттен тау бөктерін көмкерген ақ бұлттар көрінеді. Олардың қозғалысы сарқырамаға ұқсайды

Жолдың басым бөлігі тау шатқалдарын бөліп тұрған жоталар арқылы өтеді екен. Жүруге қолайсыз тік жерлер де бар. Кейбір жерлері тіпті тар. Мұнда өте абай болу керек.

Бұлттар сейіліп, айнала ашылғанда алдан Қыземшек шыңдарының бірі көрінді. Ол Есік көл жағынан ап-айқын көрінеді. Ал мына суреттегісі - солтүстік-батыс жағынан қарағандағы келбеті. Зерттеуші Алдар Горбуновтың айтуынша, Қыземшек топонимі әдетте, тіп-тік екі басты шыңдарға қарата қолданылады.

Рахат тау бөктерімен жылжыған экспедиция мүшелері Қыземшек тауының төменгі бөлігіне таяды. 

Жартасқа салынған көне суреттер Рахат тау бөктерінің өзінде де бар екен. Қайтар жолда Азаттық тілшісі Рахат тауының шыңынан түсіп келе жатып тау бөктеріндегі петроглифтерді көрді.

Алайда петроглифтердердің басым бөлігі Қыземшек етегіндегі тастар мен төменгі жағындағы аңғарларда жиі кездеседі. Әдетте, туристер мен альпинистер жолдан адаспас үшін ірі тастардың үстіне қиыршық тастардан (тур) белгілер жасап отырады. Мына белгілерді археологтар жасаған. 

Бұл - Қыземшек аңғарының төменгі бөлігі. Төмен қарай төселген тас жолақтарда тасқа салынған суреттер өте көп. Олар қола, ерте тас дәуірі, б.з алғашқы ондық ғасыр кезеңіне жатады. Бұл аймақтағы петроглифтер шоғырын 2010 жылы 10 тамызда 5 турист тауып алған деп айтылады.

Бес жылдан соң туристердің бірі Батыр Айтбаев, Галина Кердяшкина және Владислав Кердяшкин арнайы мақала жариялап, Іле Алатауындағы жаңа петроглифтердің табылғаны жайлы ғылыми қауымдастыққа хабарлады. 2014 жылы тамыз айында олар тағы бір экспедицияға шығып, петроглифтерді суретке түсірген. Олар 94 тастан 166 сурет тапқан. 2017 жылды кішігірім кітап басып шығып, "Емшек тауының петроглифтері" атты кітап жарық көрді. Ғылыми қауымдастық бұл оқиғаны аса жылы қабылдамаған. Мүмкін, бұған авторлардың петроглифтерді әуесқой-археолог ретінде сипаттауы себеп болған шығар. Батыр Айтбаевтың мамандығы - дәрігер, Галина Кердяшкина ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Сол себепті Қыземшектегі петроглифтерге қатысты ғылыми еңбектерде бұл кітапқа сілтеме берілмеген.

Экспедиция мүшелерінің палаткалары. Лагерь маңында жылға ағып жатыр. Бірақ айналадағы шөп қалың болғандықтан суретте көрінбейді. Тауда осы сияқты шағын өзендердің болуы жабайы аңдарға қолайлы. Сол себепті ежелгі дәуірде бұл маңды адамдар мекендеген. Олардың тұрмыс тіршілігі мен мәдениетін тарихшылар зерттеуге тырысып жатыр. Бұл жер теңізден 3000-3100 метр биіктікте жатыр. Мұнда қатты жел болмайды дегенмен ауа райы өте суық. Бірнеше рет лагерь мен айналаны қар басып қалды, жаңбыр жауды. Бірінші күні экспедиция мүшелері археологиямен айналыспады. Олар төңіректі шолып, айналаға үйренуге тырысты.

Экспедицияның екінші күні таңертең күн жарқырап тұрды. Бірақ түске қарай қайта жаңбыр жауды. Экспедиция мүшелері үшін дәл осы күн өте өнімді болды. Студенттер мен еріктілер петроглифтердердің бір бөлігіне келді. Оларға қызыл материалдан жасалған үшбұрыштар мен лейкопластырь таратылды. Олардың міндеті бұл бұрыштарды петроглифтері бар тастарға жапсыруы керек болды. Бұрыштар тез бітіп қалып, тастарда белгілер пайда болды.

Қыземшектегі петроглифтерді кәсіби түрде зерттеу 2015 жылы басталды. "Есік" қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері келіп, тастарды зерттеген. Бұл сапардың қорытындысы Алексей Чекин және Әсел Амарғазиеваның "Қыземшек және Науакескеннің петроглифтері" атты ғылыми мақаласында баяндалған. Чекиннің пікірінше, көне террасада суреттері бар ірі паннолар болған. Олар жер сілкінісі, су тасқыны сияқты табиғи апаттардың салдарынан бүлінген. Бір бөлігі - үйінділер астында қалған, бірі - сыртында болған. Чекиннің пікірінше, мына таста ең қызықты сурет - Күн культы элементтерінен хабар беретін тауешкі бейнеленген. Археологтың ойынша, бұл Күн культы мен Фарнаның (ежелгі иран құдайы, күн қуатының материалдық көрінісі) өзара жақындығын дәлелдейді.   
 

"Есік" қорық-музейінің ғылыми қызметкерлерінің ойынша, ежелгі дәуірлерде бұл жерде Есік көліне апаратын жол болған (Қырғызстан аумағында). 2015 жылы осы жерден табылған арбалар жолы осыны меңзейді. Экспедиция барысында бұл болжамға тағы бір дәлелдің барына көзімізді жеткіздік: мына таста түйелер мен түйекештер бейнеленген.

Студенттер мен еріктілерден соң петроглифтерге қорық-музейінің өкілі Ермек Жасыбаев нөмірлер қойып отырды. Олардың саны шамамен 80-ге жетті. Бұдан кейін экспедиция мүшелеріне петроглифтердің сипаттамасын жазуы үшін парақшалар таратылды. Ерікті Ален Күдербаев аң аулау сәті бейнеленген тасты тауып, сипаттамасын жазды.

Бекбол Нұрмұханбетов, Ален Күдербаев және Ермек Жасыбаев Ален тапқан аң аулау сәті бейнеленген тасты қарап жатыр. Ермектің айтуынша, бұған дейін бұл тасты ешкім зерттемеген.

Экспедиция барысында археологиялық ескерткіштер маңында ескірткіштердің қай дәуірге жататыны туралы мәліметтері бар тақташалар орнатылды

Бұл жерлерден тек петроглифтер ғана емес, өзге де артефактілер табылған. Мысалы, тоналған қорған-қорымдар, дуалдар, сүрлеу-соқпақтар, аң аулауға арналған жасанды орлар. Ғалымдардың айтуынша, мұнда аңшылардың қоныстары болған болуы мүмкін. Суретте Бекбол Нұрмұханбетов тереңдігі бір метрден асатын жасанды орда отыр. Бекболдың айтуынша, бұл орды ежелгі дәуір аңшылары тауешкілер мен өзге де жабайы аңдарды аулау үшін қолданған.

Үш күннен кейін экспедиция мүшелері үйлеріне қайтты. Бекбол Нұрмұханбетов Қыземшек ескерткіштерін зерттеу жұмыстарының өнімді болғанын айтты.