Президент архивінің көрмесі

Көрмеге Қазақстанның қалыптасу тарихына қатысты заңдық және нормативті құжаттардың түпнұсқалары, стратегиялық жоспарлар, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының құжаттары, Қазақстанды ширек ғасырдан астам уақыт басқарып отырған ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ондаған суреті қойылған.

«Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы» Қазақстан президенті жарлығының мәтіні (қазақ және орыс тілдерінде).

Көрмеде Қазақстан ұлттық валютасы тарихына арналған материалдар да бар. Мысалы, алғашқы теңге банкноттарының үлгілері қойылған.

Көрмедегі суреттердің барлығында дерлік Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі кездеседі.

Көрмедегі Нұрсұлтан Назарбаевтың кескіні жоқ сирек суреттердің бірінде «Невада-Семей» анти-ядролық қозғалысы қатысушыларын көруге болады.

Көрмедегі АҚШ пен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толуына арналған суреттер топтамасы.

АҚШ бас консулы Марк Муди президент архивінің директоры Борис Жапаровқа 1991 жылғы желтоқсанның 26-сы күні АҚШ президенті Джордж Буштың Қазақстан тәуелсіздігін ресми тану туралы жазған хатының көшірмесін тапсырып тұр.

Бұл АҚШ президенті Джордж Буштың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатының мәтіні. Ол Алматы архивінде сақтаулы және осы көрмедегі экспозицияның бір бөлігі саналады.

Ал мынау сол хаттың Алматыдағы көрменің ашылуынан кейін дөңгелек үстел жиынында АҚШ бас консулы президент архиві директорына табыс еткен көшірмесі.
   

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты құттықтау сөз сөйлеген кезде Марк Муди екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар тарихы жайлы сыр шертететін фотосуреттерді көрсетті. Мына суретте АҚШ президенті Джордж Буш пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы Ақ үйде келісімге қол қойып жатқан сәті бейнеленген.

Көрменің ашылуына қатысқан Ақмарал Арыстанбекова мен Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Сұлтан Жиенбаев. 1970-1984 жылдары аралығында Қазақ ССР министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған ардагердің пікірінше, қазақ халқының «ешқашан шықпаған биікке көтерілгенін» мақтан тұту керек. Ол қазір атқарылып жатқан істердің барлығы халықтың игілігі үшін жасалып жатыр деп санайды. Ардагер Советтік Қазақстанда қазақ тілінің кенже қалып қойғаны туралы айтқан кезде отырғандардың бірі «Оған кім кінәлі?» деп сұрақ қойды. Бұл сауалға Жиенбаев: «Қазір кінәліні іздемей-ақ қояйық. Қазір бізде салтанатты жиын өтіп жатыр ғой» деп жауап қатты.

1989-1991 жылдарыҚазақстан сыртқы істер министрі, 1992-1999 жылдары аралығында Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарған Ақмарал Арыстанбекова Қазақстанның халықаралық аренаға алғашқы қадамдары тұралы құжаттарды таныстырды. Көрсетілген құжаттардың көпшілігіне кезінде Қазақстанның атынан Ақмарал Арыстанбекова қол қойған.

1994 жылғы осы құжатқа сәйкес, Қазақстан астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілген.

Қазақстанның жаңа әнұраны сөзіне Назарбаевтың қолымен түзетулер енгізілген мәтіннің репродукциясы.