Ақырзаман бола қалса. АҚШ пен Ресей президенттері және олардың "ядролық шабадандары"

АҚШ пен Ресей басшылары қайда барса да, "ядролық шабадан" дейтін құрылғыларын алып жүреді. Осы құрылғылар арқылы екі ел президенті әлемнің кез келген нүктесінен ядролық шабуылды бастай алады. Ал Вашингтон мен Мәскеудің құзыретінде адамзат өркениетін түбегейлі жойып жіберуге жетерлік арсенал бар. Атышулы бұл құрылғылар Женевадағы ертеңгі саммитте де көрініп қалуы мүмкін. Онда Джо Байден мен Владимир Путин кездеседі.

Мына бір былғары сөмкені АҚШ-тың "ядролық аяқдобы" деп атайды.

Ал Ресей офицерлері ұстаған мына шабадандар "Чегет" шифры деп аталады. Бұл шабадандар стратегиялық ядролық күштерді басқару жүйесіне қосылған портативті абонемент қызметін атқарады. Жүйені Кавказ аймағындағы таудың құрметіне "Қазбек" деп атаған.

16 маусым күні Женевада АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин кездескенде екі ел басшыларының осы құрылғылары сол маңда болады.

Лейтенант-коммандер Вуди Ли Қызыл алаңда "ядролық аяқдоппен" тұр. Ұрлап кетуден және жоғалтудан сақтау үшін оны былғары бау-белдікпен қолына байлап алған. Бұл сурет АҚШ президенті Рональд Рейганның 1988 жылы Мәскеуге сапары кезінде түсірілген.

АҚШ "ядролық шабаданының" сырты металдан жасалған. Оның ішінде ықтимал нысаналардың "мәзірі" көрсетілген бүктеме бар саналады. Шабаданда сондай-ақ ядролық соғыс бола қалса, президент пен оның қызметкерлері тығыла алатын бункерлер тізімі бар. Шабадан байланыс құралымен бірге былғары сөмкенің ішіне салынады.

Әскери көмекші "ядролық аяқдопты" Ақ үйдің маңында бір жаққа алып бара жатыр. Вашингтон, сәуір 2017 жыл.

Америкалық бұл құрылғының "аяқдоп" аталуын ядролық соғысты бастаудың алғашқы жоспарымен байланыстырады. Жоспарды "Дропкик операциясы" деп атаған. Америкалық футболда (football немесе аяқдоп) допты тастап, жерге тиген соң тебуді "дропкик" (dropkick) дейді.

Әскери көмекші генерал Честер Клифтон (оң жақта) президент Джон Кеннедидің (ортада) жанында "ядролық шабаданның" алғашқы нұсқасын ұстап жүр. Хайаннис-Порт, Массачусетс штаты, мамыр 1963 жыл.

Америкалық "аяқдоп" ел алдына алғаш рет 1962 жылғы Куба дағдарысынан кейін шыққан. АҚШ-тың сол кездегі президенті Джон Кеннеди кеңесшілеріне ядролық шабуылды шұғыл бастау жөнінде бірқатар сұрақ қойып, "ядролық шабадан" сол сұрақтардың жауабы ретінде пайда болған.

АҚШ теңіз әскерінің қызметкері "ядролық шабаданды" Лондондағы Бленхейм сарайына алып бара жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамптың 2018 жылғы шілдеде Ұлыбританияға сапары кезінде түскен сурет.

Ақ үй басшысы "аяқдоппен" қатар "бисквит" дейтін картаны да алып жүреді. Ол картада "аяқдоп" арқылы бұйрық беріп отырғанның президент екенін растайтын код жазылған. Дәл осындай жүйе вице-президентке де табысталған. Ол мұны президент әрекетке жарамсыз болған жағдайда қолдана алады.

АҚШ теңіз әскерінің қызметкері "ядролық аяқдопты" АҚШ елшісінің Лондондағы резиденциясында алып жүр. 12 шілде 2018 жыл.

Құрылғыны алып жүру міндеті қорғаныс қызметінің алты бөлімі арасында тұрақты ауысып тұрады, ал шабаданға жауапты адамдар өте қатаң тексеруден өтеді.

Ресей президентінің міндетін атқарушы Владимир Путин "ядролық шабаданды" қабыл алып жатыр. Кремль, 31 желтоқсан 1999 жыл.

Ресейлік жүйе туралы ашық ақпарат әлдеқайда аз. Түрлі дерекке қарағанда, Кремль шабаданы 1983 жылы іске қосылған. Бүгінде алғашқы нұсқаларының бірі Ресей музейінде тұр.

Суреттегі шабадан Ресейдің бұрынғы президенті Борис Ельцинге берілген. Ол қазір Ельцин орталығында тұр. Оны орталық көрмесіне 2015 жылы қойған.

Қатар тұрған үш қызыл батырманың сол жақтан санағандағы біріншісі "ұсынуды", екіншісі "іске қосуды болдырмауды" және үшіншісі "растауды" білдіреді. Оң жақтағы қызыл батырма "трансляция" бұйрығын береді. Құрылғы Совет өкіметінің кәрі басшылары үшін өте қарапайым етіп жасалған.

Ресей офицерлері "ядролық шабаданмен". Сурет президент Владимир Путиннің Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесуінде түсірілген. Владивосток, сәуір 2019 жыл.

Ресейлік шабаданды әрдайым теңіз әскерінің формасын киген офицер ұстап жүреді-міс. Бұл оның көптеген адамның арасынан оңай көзге түсуі үшін қажет көрінеді.

Путин Ресейдің оңтүстігіндегі Крымск қаласының әуе базасында тікұшақтан түсіп жатыр. "Ядролық шабаданды" ұстаған офицер артқы жақта әскери сәлем беріп тұр. Қаңтар 2013 жыл.

Швейцариядағы саммитте көзі қырағы адамдар АҚШ пен Ресей шабадандарын байқап қалуы ықтимал. Осыған дейінгі жиындарда құрылғылар мемлекет басшысынан санаулы метр қашықтықта болған.