AzattyqLIVE: Қазақша дубляждың жайы қалай?

Кинодраматург Салтанат Дүнгенбаева (оң жақта) мен журналист Қасым Аманжол AzattyqLIVE студиясында. Алматы, 23 желтоқсан 2016 жыл.

Қазақстан парламенті қарап жатқан «Мәдени даму» туралы заң жобасында елде көрсетілетін шет тіліндегі фильмдерді мемлекеттік тілге аудару талабы бар. Көркем фильмдерді дубляждау проблемасы бұған дейін де көтерілген. Талқылауға сарапшы Салтанат Дүнгенбаева қатысты.

Қазақстан кинотеатрларында жыл сайын көрсетілетін 200-дей шетелдік фильмнің бірнешеуі ғана мемлекеттік тілге тәржімаланады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдерді қазақшаға тәржімалау сапасы мен туындыларды көрсету шарттарына қатысты көрермен тарапынан сын да айтылып жүр.

Кәсіби дубляждың бүгінгі ахуалы қалай? Қазақстанда дыбыстауға арналған сапалы студиялар бар ма? Аудармашылар деңгейі жетілген бе? Жасөспірімдерге арналған фильмдерді дубляждаудың қандай ерекшеліктері бар? Қазақ тіліне дубляждалған нұсқалар бәсекеге сай ма? Оларды кинотеатрларда прайм-тайм кезінде көрсету туралы тілек ескеріле ме? Аймақтарға таратуға жағдай жасалған ба?

Осы және өзге де сауалдарға «Көліктер-2», «Моана» тәрізді балалар мен жасөспірімдерге арналған бірнеше анимациялық фильмнің дубляжымен айналысқан маман - кинодраматург Салтанат Дүнгенбаева жауап берді.