АҚШ айып таққан Мария Бутинаның ісі

Behind The Charges Against Maria Butina

29 жастағы ресейлік Мария Бутина Ресей үкіметі өкілінің атынан өте ауқымды әрі лас әрекеттер жасап, АҚШ-тағы консервативтік саяси топтармен құпия байланыс орнатуға тырысқан деген айыпқа қалды.

2016 жылғы қыркүйекте Вашингтондағы Ресей елшілігі орналасқан көшеде Ресейде өткен парламент сайлауының нәтижелері мен Ресей президенті Владимир Путинге наразылар қарсылық акциясын өткізген. Орыс және ағылшын тілдерінде "Путинсіз Ресей үшін!" деген жазу ұстаған топ көшеде бір сағаттай ұрандап тұрған. Жиын соңына қарай наразы жұртқа шашы қызғылт түске боялған әйел келіп, достық пиғылда сұрақтар қоя бастаған.

"Ол қасымызға келді де, кім екенімізді, қайдан келгенімізді сұрай бастады. Facebook әлеуметтік желісінде дос болуға ұсыныс тастап, Вашингтонда орыстілділердің жиналатын жерлерін сұрады. Бізбен бірге топ болып суретке түсіп, қасымызда біраз тұрды. Содан соң кетіп қалды", – дейді 2016 жылғы шараны ұйымдастырушылардың бірі Дмитрий Валуев.

Әйелдің есімі – Мария Бутина, ол наразы топтың қасында жарты сағаттай болған. Кейін Азаттыққа сұхбат берген Валуев өзіне достық ұсынған Марияның Facebook-тегі парақшасына кіріп, оның испан тергеушілері ықпалды қылмыстық топқа қатысы болуы мүмкін деп күдіктенетін ресейлік депутат Александр Торшинмен жақындығын байқағанын айтады.

Мария Бутинаның (оң жақтан екінші) Вашингтонда наразылық акциясын өткізгендермен бірге түскен суреті. Колумбия федералдық округі, қыркүйек, 2016 жыл.

"Путин агенттері Вашингтонда еш жасырынбастан емін-еркін жүре береді екен деп ашуландым да қойдым", – деді ол Азаттыққа сұхбатында.

Арада 18 ай өткенде 29 жастағы Мария Бутина Кремльдің агенті ме, жоқ па деген сауал төтесінен қойылды. Өйткені АҚШ құқық органдары оны Ресей үкіметінің агенті бола тұра, АҚШ-тың "Шетел агентін тіркеу актісінің" талаптарын бұзған деп айыптады.

Шілденің 18-і күні Вашингтондағы АҚШ федералдық сотында сөз алған Бутинаның адвокаты Роберт Дрисколл оның кінәсі жоқ екендігін айтып, күдіктіні сотқа дейін кепілге босатуды өтінген. Бірақ АҚШ прокурорлары Бутинаның Ресей дипломаттарының көмегімен елден қашып кетуі мүмкін екенін алға тартып, соттан оны қамаудан босатпауды сұраған.

Адвокат Дрисколл сотқа сарғылт түсті түрме киімімен келген клиентінің Ресей агенті емес екенін және қашып кету ойы жоқ екенін айтқан. Ресей басшылығы шілденің 15-інде Бутинаның тұтқындалуына наразылық білдірген және АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Хельсинкидегі кездесуіне кедергі келтірмек болды деп АҚШ-тың ресми орындарын айыптаған.

Шілденің 18-і күні журналистерге берген сұхбатында Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов: "АҚШ арнайы агенттері тек Америкада ғана емес, басқа елдерде жүрген Ресей азаматтарын да қудалап жатыр. Біз Бутинамен кездесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", – деп мәлімдеген.

Тұтқындалғаннан кейін үш күн өткен соң, шілденің 18-інде прокурорлар Мария Бутинаның Ресей барлау агенттіктерімен үнемі байланыста болғанын дәлелдейтін құжаттар тапсырған. Олардың айтуынша, АҚШ аумағында Ресейдің бұрынғыдан басқа, кең ауқымдағы жаңа барлау торабы жұмыс істейді.

Сібірдегі Барнаул қаласынан шыққан Мария Бутинаның жиһаз дүкені болған. 2012 жылы ол АҚШ-тағы саясатқа ықпал ететін аса белсенді мекеме – "Ұлттық атқыштар қауымдастығы" (NRA) сынды ұйым құрмақ болған.

Мария Бутинаның азаматтардың қару ұстау құқығы туралы айтқандары АҚШ-тағы кейбір ынталы адамдардың назарына іліккен.

2012 жылғы желтоқсанда Мәскеуде өткен шеруде Бутина Азаттыққа мұндай шараны өткізуге бір жағынан АҚШ-тағы атыс себепкер болғанын айтқын.

"Егер қару ұстауға мүмкіндік берілмесе, онда конституциядағы өмір сүру құқығының құны бар ма? Адам өзін қорғағысы келсе, оның қорғайтын құралы жоқ", - деген ол.

Осы арқылы америкалықтардың, соның ішінде қару ұстау құқығы үшін күресетін белсенділердің назарын іліккен Бутина төрт жыл бойы АҚШ-қа туристік визамен жиі барып, NRA басшылығымен жақын қарым-қатынас орнатқан. Сот құжаттарында Бутина "ұстазым" деп атаған Торшинді 2014 жылдан бері бірнеше рет NRA-ның шараларына алып барғаны айтылған. Ол осы кездесулердің барлығын жан-жақты сипаттап, Facebook және басқа да әлеуметтік желілерде посттар жариялаған. Кейін Торшин осы ұйымның өмір бойғы мүшесіне айналған.

Ресейлік депутат Александр Торшин.

2015 жылғы маусымда National Interest деп аталатын консерваторлар журналында Бутина АҚШ республикалық партиясын қолдап мақала жазған. Оның пікірінше, тек республикалық партиядан сайланған президент қана Мәскеу мен Вашингтон арасын жақсарта алады.

Ресей елшілігінің алдында Валуевпен кездесерден бір ай бұрын, 2016 жылғы тамызда, Бутина Вашингтондағы Америка университетінде оқуға студенттік виза алған. Соның арқасында ол АҚШ-та ұзақ уақытқа қалу құқына ие болған. Прокурорлардың айтуынша, Вашингтонға келген соң ол АҚШ саясаткерімен жеке қарым-қатынас орнатып, ерекше мүддесі бар бір ұйымда қызмет бергені үшін тағы бір белгісіз адамға төсектес болуды ұсынған.

Washington Post басылымы сот құжаттарында "АҚШ-тың бірінші адамы" деп аталған кісі – республикалық партияның кеңесшісі, біраз уақыт лоббисі болған Пол Эриксон болуы ықтимал деген болжам жасаған.

2017 жылғы қаңтардың 20-сында Бутина АҚШ президенті болып жаңадан сайланған Дональд Трамптың инаугурациясына қатысып, аты аталмаған ресейлік лауазымды адамға Капитолий ғимаратының қасында тұрған суретін жіберген.

Ресейлік шенеуніктің: "Сен батыл қызсың! Басқа не айтам?" деп жазғанына Бутина: "Ұстаздарым жақсы ғой!" деп жауап қайтарған.

Сот құжаттарында әлгі ресейлік шенеуніктің оған: "Сен батыл қызсың! Басқа не айтам?" деп жазғаны баяндалған. Ал Бутина оған: "Ұстаздарым жақсы ғой!" деп жауап қайтарған.

Сотқа тапсырылған әлеуметтік медиадағы посттарына қарағанда, Мария Бутина Вашингтондағы консерваторлар да, либералдар да жиі барып тұруға тырысатын National Prayer Breakfast шарасына бірнеше жыл бойы қатысып келген. 2017 жылғы ақпанда ол Торшинмен бірге 12 ресейлікті Prayer Breakfast-қа алып барған. Washington Post газетінің жазуынша, содан кейін Пол Эриксон Торшин мен жаңа сайланған Трамп екеуін кездестіруге тырысқан.

Сот материалдары бойынша, АҚШ басылымдары Бутинаның іс-әрекеттері туралы жаза бастаған соң аты-жөні беймәлім ресейлік лауазымды тұлға оған: "Саған табынушылар әлі автограф сұрап жүр ме? Сен Анна Чапманнан озып кеттің. Ол ойыншық тапаншамен суретке түсіп жүрсе, сен шын қарумен түсіп жүрсің" деп жазған.

Ресейлк тыңшы Анна Чапман. (Мұрағаттағы фото.)

2017 жылдың жазынан бастап АҚШ Федералдық барлау бюросы Мария Бутинаны бақылауға алғаны туралы шілденің 18-інде өткен сот тыңдауында АҚШ прокуроры Эрик Кенерсон мәлімдеген.

Күзге қарай оны тек құқық органдары ғана емес, Конгресс комитеттері де бақылай бастаған. Қарашада оған Сенаттың қаржы комитетінен хабарласып, Торшинге қатысты құжаттарды сұратқан. Арада төрт ай өткенде федералдық сайлау заңдарының орындалуын бақылайтын мемлекеттік мекеме – Федералдық сайлау комиссиясы оған "сайлауға күдікті араласу әрекеттері" туралы сауалдар қойған. АҚШ прокурорлары мен Бутинаның адвокатының айтуынша, ол сәуір айында Сенаттың барлау комитетінде сегіз сағат бойы сауалдарға жауап беріп, ол әңгіме мыңдаған бет болып қағазға түскен.

Сол айда АҚШ Қаржы министрлігі "Ресейдің дұшпандық іс-әрекеттерін жүзеге асыруға қатысқаны үшін" Торшинге және Ресейдегі 23 үкімет және бизнес өкіліне қаржылық санкция салған.

Сәуір айында ФБР өкілдері Мария Бутинаның Вашингтондағы пәтерін тінтіп, компьютерін, құжаттары мен басқа да материалдарын тәркілеген. Шілденің 14-інде ФБР агенттері Бутина мен "Бірінші адамның" жүк көлігін жалға алатын жерде жылжымалы қорап сатып алып жатқанын көрген.

Ертесінде оның Вашингтоннан кетіп қалуына жол бермеу мақсатында ФБР агенттері Мария Бутинаны қамауға алған. Тұтқындауға құжат дайындап жатқан кезде прокурорлар әсіресе "Бірінші адамға" бұрынғыдан да көп айып тағылуы мүмкін екенін айтқан.

Сот материалында: "Тіпті Бутина Колумбия округіндегі Вашингтон қаласынан кетіп қалуға тырысқанымен, оның АҚШ-пен негізгі байланысы – "АҚШ-тың бірінші адамы", осы арызды қолдап жазған аффидевитінен оның Ресейдің ресми өкілімен байланысы болғанына қарамастан, жасырын ықпал ету операциясына құрал болғаны айтылады", – делінген.

АҚШ прокурорлары да Бутинаның "АҚШ-тың бірінші адамымен" қарым-қатынасы оның астыртын әрекетінің фунционалдық жағы болған деген болжам айтқан.

"Бұл қарым-қатынас АҚШ-пен тығыз байланысты көрсетпейді, себебі Бутина оны өз іс-әрекетінің қажетті бөлшегі ретінде ғана қарастыратын сияқты. Мәселен, кем дегенде бір оқиғада Бутина "АҚШ-тың бірінші адамынан" басқа бір кісіге арнайы мүддесі бар топтағы қызмет үшін төсектес болуды ұсынған", – делінген сот материалында.

Мария Бутина ресейлік азаматтардың қару ұстау құқығын заңдастыруды қолдайтын акцияда сөйлеп тұр. Мәскеу, 21 сәуір 2013 жыл.

Америка университетінің басшылығы Мария Бутинаның 2018 жылғы мамырда оқуды бітіргенін растаумен шектеліп, басқа комментарий беруден бас тартты.

Осыдан бір жыл бұрын, 2017 жылғы сәуірде, Бутина университеттегі курстастарымен бірге АҚШ-тағы азамат соғысы өткен жерлердің бірі – Пенсильваниядағы Геттисберг қаласына барып, демалыс күндері өткен семинарда "тарихты әркелкі интерпретациялау, түсініспеушілік және оны шешу жолдарын" талқылаған.

Университет веб-сайтында жариялаған ақпаратта Мария Бутина бұл семинарды "бізді қазіргі кезеңнен өткен заманға апарған уақыт мәшинесі сияқты" деп сипаттаған.

"Түрлі буындар мен мәдениеттердің өкілдері ретінде әр елден келген студенттер бір-бірімізді жақсы түсініп, керемет уақыт өткіздік. Бұл бізді бөлшектеп тұрған айырмашылықтарға емес, ұқсастықтарға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік берді", – депті Бутина.

(Майк Экельдің мақаласы ағылшыннан аударылды.)