Қазақстан құрамасы, Тоқаев, Путин, Си Цзиньпин ашылу салтанатында. Пекинде олимпиада басталды

Қазақстан делегациясы олимпиаданың ашылу салтанатында. Пекин, 4 ақпан 2022 жыл.

Қазақстан туын шорт-трекші Абзал Ажығалиев пен конькиші Екатерина Айдова ұстап шықты. Пекин, 4 ақпан 2022 жыл.

Қазақстаннан Пекин олимпиадасына 34 спортшы қатысады. Билік бұл олимпиадаға дайындыққа және қатысуға шамамен 600 миллион теңге жұмсаған. Пекин, 4 ақпан 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиаданың ашылу салтанатында. Бұл - Тоқаевтың қаңтар оқиғаларынан кейінгі шетелге алғашқы сапары. Пекин, 4 ақпан 2022 жыл.

Екатерина Айдова ашылу салтанатына қазақтың ұлттық киімімен шықты. Пекин, 4 ақпан 2022 жыл.

Қытай басшысы Си Цзиньпин олимпиаданың ашылу салтанатында. Қытай басылымдары мен телеарналары бұл олимпиаданың негізгі ұйымдастырушысы Си Цзиньцин деп көрсетіп жатыр. Пекин, 4 ақпан 2022 жыл.

АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Эстония және Австралия Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандардың құқығын таптап жатыр деп Пекин олимпиадасына дипломатиялық бойкот жариялаған. Олимпиадаға бұл елдердің спортшылары қатыса береді, бірақ ресми билік өкілдері келмейді. 

Пекин олимпиадасына Ресей тусыз, әнұрансыз қатысып жатыр. Ресейлік спортшылар "Ресей олимпиада комитеті" деген атпен шығады. ХОК ресми Мәскеу допингті мемлекеттік деңгейде қолдап, ұйымдастырып келген деген қорытынды жасаған. Ресей 2015 жылы басталған допинг дауынан кейін олимпиадада алған көп медалін қайтарып берді.

Ресей президенті Владимир Путин Пекин олимпиадасында маскасыз отыр. Олимпиададағы ережеге сай, спорт кешеніндегі кез келген адам маска тағуы тиіс. 4 ақпан 2022 жыл.

Пекин олимпиадасы әлемде коронавирустың омикрон варианты тараған тұста өтіп жатыр. Олимпиадаға келгендер "жабық аймақта" ғана жүреді, күнде ПТР тестін тапсырады. Қалаға шығуға болмайды.

Пекин - қысқы және жазғы олимпиаданы өткізген әлемдегі жалғыз қала. Мұнда 2008 жылы жазғы олимпиада ұйымдастырылған еді. 2008 жылғы ойындардың да ашылу салтанаты осы "Құс ұясы" ұлттық стадионында болған. 4 ақпан 2022 жыл.