Беларусь оппозициясын парламент сайлауында не күтіп тұр?

Парламент сайлауының жарнамасы. Минск, 13 қараша 2019 жыл.

Қарашаның 17-і күні Беларусьте парламент сайлауы өтпекші. Сарапшылар, сайлау бюллетенінде оппозиция өкілдері саны бұрынғымен салыстырғанда көп болғанымен, саяси науқан ескі сценарий бойынша өтеді деп топшылайды.

Беларусь билігіне оппозициядағы социал-демократиялық партияның төрағасы Игорь Борисов Минскідегі көрермен залының бос қатарларына қарап отыр. Ел астанасында осы айдың басында қарашаның 17-сі күні болатын парламент сайлауының қарсаңында өтеді деп жоспарланған үміткерлермен кездесу шарасы болған жоқ.

Билік тізгінін 25 жылдан бері уысында ұстап отырған авторитарлы режимге қарсы шыққандарды басып-жаншып келген президент Александр Лукашенко басқаратын Беларусь еліндегі оппозицияның бүгінгі күйі осындай.

Игорь Борисов мемлекет басындағылар өз билігін заңдастыру үшін сайлауға қатысушылар үлесін көбейтуге мүдделі екенін, соған қарамастан, үкімет азаматтардың саяси шараға араласуын қаламайтынын айтады.

- 25 жыл бойы үкімет жұрт сайлауға учаскелеріне бармауы үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Билік үшін сайлауда халықтың құр саны ғана керек, - дейді қарашаның 6-сы күні Азаттықтың Беларусь қызметіне сұхбат берген Борисов.

Лукашенко билігі осыған дейінгі сайлауларды қолдан құрастырып келгенімен, бұл жолы дауыс саны үлкен мәселеге айналуы әбден мүмкін.

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялаған соң Минскінің Мәскеумен қарым-қатынасы нашарлап, соңғы кезде Ресей әріптестік орнату туралы талабын күшейткен. Мәскеуге ықпал еті тетіктерін іздеген Лукашенко Еуропа Одағы, АҚШ және Қытаймен әріптестік орнатуға тырысқан. Оның үстіне 2020 жылы Беларусь президенті сайлауы өтуі тиіс.

Швецияда тұратын сарапшы, журналист Алесия Рудник "Лукашенко Батыстың көңілін табуға тырысып жүргенде, әділ әрі еркін өтпесе де, осы жолғы сайлауда оппозиция белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алады" деп санайды. Сайлауға дейінгі қоғамдық пікір нәтижесіне қарағанда, түрлі кедергі-қиындықтарға қарамастан Борисов пен басқа үміткерлер халықтан қолдау тауып отыр. Бұл Беларусь халқының Лукашенконың экономикалық саясаты мен бостандықты жаншып-шектеуінен шаршағанын көрсетеді.

Қарашаның 8-і күні демократияны жақтайтын блогердің оқырмандарын Лукашенкоға қарсы наразылыққа шығуға шақырған онлайн хабарламасынан соң Минскінің орталығына мың адам жиналған.

"ОППОЗИЦИЯЛЫҚ" ҮМІТКЕР КӨП

Қарашаның 17-сі күні Беларусь Ұлттық кеңесіндегі 110 орынға 558 үміткер таласады. Сайлау комиссиясы оппозиция өкілдері ұсынған 150 үміткерді "жинаған қолдары жарамсыз" деген сылтаумен тіркемей қойған.

Анна Канапатская.

Сайлауға тіркеуден өтпей қалған үміткерлер қатарында қазіргі парламент депутаттары Анна Канапатская мен Алена Анисим де бар.

Оппозициялық Біріккен азаматтық партияның мүшесі Канапатская және оппозициямен байланысы бар тәуелсіз үміткер Анисим 2016 жылы депутат болып сайланып, Беларусьте 1996 жылдан бері парламентке өткен оппозицияның алғашқы өкілдері болды. Анисим өзі жинаған сайлаушылар қолын "жарамсыз" деп тапқан билік өзін саяси науқаннан шеттеткенін айтты.

Рудниктің сөзінше, биыл парламентке мүше екі оппозициялық депутаттың сайлауға өтпей қалғаны болмаса, жалпы алғанда 2016 жылмен салыстырғанда оппозиция өкілдерінің көбі саяси науқанға араласуға мүмкіндік алған.

"Көп азамат сайлауға қатыстырылмағанына қарамастан, үміткерлер арасында жаңа тұлғалар да көп" деді ол.

Алена Анисим.

Президент Лукашенко сайлау комиссиясы басшыларына үміткерлерді тіркеуде 2016 жылғы парламент сайлауына қарағанда қатаң болуды тапсырған. Қарашаның 20-сы күні Лукашенко алдағы парламент сайлауы мен 2020 жылы өтетін президент сайлауын меңзеп:

- Оларға "Біз бұл елде тәртіп барын көрсетіп, лайықты депутаттар мен президентті сайлауымыз керек" деп айттым, - деді ол.

САЙЛАУҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТӨМЕН

Сайлау бюллетенінде оппозиция өкілдері санының көп болуы Беларусь халқына сайлаудың шешуші маңызы бар екеніне кепіл бере ала ма?

Facebook парақшасына Минскідегі бос аудиторияда отырған суретін жариялағaн Борисов ел астанасында тұратын орташа деңгейлі азаматтардың дауыс беруге ықыласы жоғын айтады.

"Қызығушылық өте төмен. Минскіде сайлаушылардың шамамен 20-30 пайызы ғана дауыс беруге барады" деді ол.

"Тәуелсіз сайлау үшін" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Владимир Лабковичтің айтуынша, Лукашенко үкіметі сайлауды саясиландырып, өзгерісті талап еткен үміткерлерді саяси науқаннан шеттетіп отыр.

- Өзгеріс болатынына кепілдің жоқтығы сайлауға қызығушылық білдіретіндер саны "нөлге тең" екенін көрсетеді. Халықтың мұндай немқұрайды қатынасы – биліктің алдын ала ойластырған жоспарының нәтижесі. Билік көп жыл бойы әртүрлі репрессия амалдарының көмегімен жұртты саясаттан аулақ ұстап келді. Биліктің қалағаны да – осы. Бірақ үкіметке азаматтардың сайлау учаскелеріне келуін қамтамасыз ету қажет болып отыр, - дейді Минскіде тұратын саясаттанушы Александр Класковский.

Беларусьтің Tut.by порталының саяси комментаторы және журналист Артем Шрайбман "Оппозиция сайлауда жеңбейтінін біледі" дейді.

Тамыз айында Шрайбман Carnegie Moscow Center-ге "[оппозицияның] мақсаты өзінің бар екенін халықтың есіне салу, өз өкілдерін болашаққа дайындау және сайлаудағы заңбұзушылықтарды анықтау арқылы билікті қолдаушылар мен Батыс елдері алдында режимнің заңсыз әрекетін әшкере ету" деп жазды.

БЛОГЕР БАСТАҒАН НАРАЗЫЛЫҚ

Сайлауға қызығушылықтың болмауы Шығыс Еуропадағы 9,5 миллион халқы бар, режимнің қатаң бақылауындағы елде соңғы кезде өрши бастаған наразылық көңіл-күймен тұспа-тұс келіп отыр. Қарашаның 8-і күні Минскідегі Тәуелсіздік алаңына жиналған бір жарым мыңға тарта адам демократиялық реформаларды талап етті. Жұртты рұқсат етілмеген бұл шараға ел арасында NEXTA лақап атымен танымал Степан Светлов деген блогер шақырған еді.

NEXTA YouTube пен Telegram желісіне Лукашенко мен оның үкіметін сынайтын сатиралық мазмұндағы видеолар жариялайды. Қазанның 25-і күні жарияланған Лукашенконың билікке қалай келгені туралы видеоны 1,7 миллион адам қараған.

Полиция наразылық шарасын түсірмек болған Германияның қоғамдық телевизия тобының соңына түсіп, оларды біраз уақытқа ұстаған. Шекарасыз тілшілер ұйымы ARD TV журналистерінің ұсталуын сынаған.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы бөлімі "Беларусьтегі аз тәуелсіз ақпарат құралдарын қудалағаны аз болғандай, билік енді аккредитациясы бар шетелдік журналистердің соңына түсті" деген мәлімдеме жасады.

Аяқасты ұйымдастырылатын демонстрациялар көп өтпейтін Беларусьте бір ғана блогердің сонша халықты алаңға жинауы Лукашенкоға қауіпті белгі болғанға ұқсайды.

"Біраз сарапшылардың күдігіне қарамастан, NEXTA ұйымдастырған наразылық шарасы Лукашенконы алаңдатуы мүмкін. Беларусь үкіметі өткен жылы парламентте ақпарат құралдары туралы заңға өзгерістер енгізілген кездің өзінде онлайн медиа мен блогерлерді шектей бастаған" деді Рудник.

Беларусьте және шетелде аталған заң "сөз бостандығын шектейді" деп танылып, сынға ұшыраған.

Степан Светлов Азаттықтың Беларусь қызметіне қарашаның 11-і күні алаңға жиналған адамдардың санын көріп таңғалғанын, бастапқыда ең көп дегенде 300 адам ғана келер деп ойлағанын айтады.

"Беларусьте қалыптасқан жағдайға, 25 жылға созылған қорқынышқа қарамастан, қоғамның әлі де біріге алатыны қызық көрінді" дейді блогер.

Ол оқырмандарын қарашаның 15-і күні оппозициялық топтар ұйымдастырған митингіге шақырғанын терістеді. Светлов қарашаның 8-і күні болған жиын саяси шараға жатпайтынын, ол күні ойы ортақ азаматтар өздерін жалғыз сезінбес үшін бірігу мақсатында жиналған дейді.

ЛУКАШЕНКО ПЕКИН, БРЮССЕЛЬ МЕН ВАШИНГТОНҒА БЕТ БҰРДЫ

Жақын күндері өтетін парламенттік сайлау Лукашенконың жолайрықта қалып, таңдау алдында тұрған сәтіне тұспа-тұс келді. Мәскеу Минскіні Ресеймен әскери және экономикалық әріптестігін нығайтуға шақырып, Лукашенконы Ресеймен келіссөздер тетігін іздеуге мәжбүрлеп отыр. Лукашенко бес жыл бұрын басталған Украина дағдарысынан қорқып, Ресейге тәуелділігін азайтуға тырысқан.

Беларусь президенті 2016 жылы адам құқықтары мен демократиядағы көрсеткіштері үшін Минскіге салған санкцияларының күшін жойған Еуропа Одағымен байланысын нығайту мақсатында қарашаның 12-сі күні соңғы үш жылда алғаш рет Венаға барды.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) және Австрия президенті Александр ван дер Беллен. Вена, 12 қараша 2019 жыл.

Шрайбман "Настоящее время" басылымына Лукашенконың Австрияны кездейсоқ таңдамағанын айтады.

- Беларусь пен Еуропа Одағының қарым-қатынасы күрделі болған кезде Aвстрия Беларуське әділдік танытты. Ресейге қатысты да солай болды. Беларусь пен Австрия арасында үлкен іскерлік байланыстар орнаған. Бұл Лукашенкоға ұнайды, - деді Шрайбман.

АҚШ-пен қарым-қатынас та түзеліп келеді. Қос тарап қарашаның 17-сі күні 11 жылдық үзілістен кейін елшілерді қабылдауды қайта бастайтынын хабарлады. Вашингтон мен Минскінің арасы 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы мәскеушіл сепаратистерді қолдағаннан кейін Беларусьтің аумақтық қауіпсіздігі үшін алаңдай бастаған кезінде түзелді.

Демократиялық реформаларды мүлде талап етпейтін Қытай да Беларуське жылы қабақ таныта бастады. Қыркүйек айында Ресей уәде еткен 600 миллион доллар несие кешіккен тұста, Қытай даму банкі Беларуське 500 миллион доллар қарыз берді. Беларусь Қытаймен бірлесіп елдегі ең ірі инвестициялық жоба – Үлкен индустриялық парк салып жатыр.

Рудниктің пікірінше, алдағы сайлау Беларусьтің Батыспен, оның ішінде Еуропа Одағымен қарым-қатынасы ары қарай қалай өрбитінін көрсетеді.

"Қарашаның 17-сі күні өтетін парламенттік сайлау – Беларусь үкіметі үшін Еуропа Одағына қарай қадам жасауға берілген мүмкіндік" деген Рудник Лукашенконың бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланатынына сенбейді.

- Беларусь билігі жұмыс істемейтін парламентке тәуелсіз үміткерлерді еркін өткізіп, Еуропа Одағының көңілін тауып, қазіргі режимнің де тұрақтылығын сақтап қала алады. Бірақ сайлау бәріне белгілі алаяқ сценарий бойынша өтетін сияқты, - дейді ол.

(Тони Веселовски, Ина Студинская және Владислау Грыдзинның мақаласынан аударылды.)