Қан, граната һәм арнайы жасақ. Беларусьтегі сайлаудан кейінгі түнгі наразылық қалай өтті?

Сайлау алдында-ақ билік Минскіде наразылыққа дайындала бастады. Қалаға әскери техника мен арнайы жасақ кіргізілді. Сайлау учаскелері жабылған соң қаланың орталық көшелері жабылып, метро тоқтады. 9 тамыз күні бойы елде интернет жұмыс істемей қалды.

Наразылар 9 тамыз кешкісін Минскінің Жеңіс даңғылында.
 

Минскіде арнайы жасақ пен наразылар арасындағы қақтығыс Жеңіс даңғылында басталды. Орган өкілдері құлақ тұндыратын граната, көзден жас ағызатын газ, су шашатын көліктермен наразыларды қуып тарқатуға тырысты. "Весна" құқық қорғау ұйымы бір адамның қаза болғанын хабарлады.

Қалқан ұстаған арнайы жасақ. "Белсат" телеарнасының тілшісі "Минскідегі жағдай соғысқа ұқсайды" деп хабарлады.

Арнайы жасақ қандай көзден жас ағызатын газ қолданғаны белгісіз. Ал құлақ тұндыратын гранатаның он шақтысы жарылған. Бұл гранатадан кейін адам төрт-алты сағат естімей қалады, гранатаның ұшқындары адамды жарақаттауы мүмкін.

Беларусь басылымдарының есебінше, Минскіде 20 мыңдай адам шыққан. Елдің ішкі істер министрлігі "жағдай бақылауда" деп бағалап, біраз адамның ұсталғанын хабарлады. Министрлік қанша адам ұсталғанын айтпады. Құқық қорғаушылар елде кем дегенде 180 адамның ұсталғанын мәлімдеді.

Минскіде көше жарықтары өшірілді. Наразылар ұялы телефондарының жарығын қолданды.

Наразылар Жеңіс даңғылынан Немига көшесіне ауысты. Мұнда оларды қалқан ұстаған арнайы жасақ күтіп алды.

Бірнеше адам жараланып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.

Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, Немига көшесінде автозак бірнеше адамды қағып кеткен. Бір адам жараланған.

 

Арнайы жасақ Кальварийский көшесінде наразыларға резеңке оқ атқан. Кем дегенде үш адам жараланып, жедел жәрдем әкетті.

Құлақ тындыратын гранатаның ұшқыны наразылардың біріне тиіп, жедел жәрдем әкетті. Associated Press агенттігінің фототілшісі Мстислав Чернов соққыға жығылып, ауруханаға түсті.

Брест қаласында да жұрт наразылыққа шықты.

Гомель қаласындағы наразылық.

Могилев, Гродно, Лида, Барановичи, Жодино қаласында да халық наразылыққа шықты. Бұл қалаларда да арнайы жасақ наразыларды ұстағаны хабарланды.

Кандидат Светлана Тихановская 9 тамыз түнде мәлімдеме жасап, арнайы жасақты бейбіт халыққа кұш қолданбауға шақырды.