Мұнай бағасы Беларусь мұнай өңдеу зауыттарын тығыраққа тіреді

Новополоцкідегі «Нафтан» мұнай өңдеу зауыты.

Беларусьтің Новополоцк мұнай өңдеу зауытында жақсы жалақы алған күндері «келмеске кеткенін» айтқан Олег Виктаравич «Доллармен есептегенде айлығымның үштен бірі қысқарып кетті» дейді.

Олегтің айтуынша, оның ұлы осыдан жеті жыл бұрын Минскіден 240 километр жердегі Новополоцкідегі «Нафтан» мұнай өңдеу зауытындағы жұмысын тастап, нәпақа табу үшін көрші Ресейге кетіп қалған.

«Ол кеткен кезде компания табыс бойынша көздеген мақсатына жете алмай жатты, сөйтіп басшылық бонустарды азайта берді, дүкенде баға өссе де, жалақы өспеді» дейді Олег.

«Нафта» мұнай өңдеу зауыты – көпшілік армандайтындай жұмыс орны емес, ол - жалпы Беларусьтегі мемлекет бақылайтын тиімсіз экономикалық жүйенің жиынтық көрсеткіші іспетті. Бірақ жұртқа осы зауытқа жұмысқа тұрудың өзі - бақыт.

Беларусьтің экспорттан түсетін табысының төрттен бірін мұнай өнімдері құрайтындықтан, Новополоцк зауытының рөлі ерекше.

Беларусь президенті Александр Лукашенко тіпті «Нафтан» зауытының тиімді жұмыс істеуі – Беларусь тәуелсіздігінің кепілі» деген пікір айтқан. Алайда бес бірдей президенттік мерзім бойы Беларусьті басқарып отырған Лукашенко бұл ел тұтынатын газдың барлығын, мұнайдың 90 пайызын Ресей беріп отырғанын, мұндай тәуелділікті азайту үшін не істегенін айтпайды.

Новополоцкідегі мұнай өңдеу зауытының инфрақұрылымы.

Мәскеу Минскіні одақтас ету үшін оған арзан бағаға мұнай сатып келген. Беларусь ол мұнайды өңдеп, түрлі өнім шығарып, оны Батыс Еуропаға көтеріңкі сатып, пайда түсіріп отырды.

2014 жылы әлемдегі энергоресурс бағасы құлдырағанға дейін екі жақ та бұл алыс-беріске қанағаттанып келген еді. Баға төмендеген сайын Мәскеу мен Минскінің арасында шикізаттың құнына байланысты талас-тартыс күшейді. 2014 жылы Минскінің энергетикалық стратегиясы күйрейтінін дәл болжаған сарапшы Маргарита Бальмаседа:

- Беларусь Ресей ұсынған бағаларды төмендете алғанымен, өзінің негізгі мұнай өнімдері нарықтарына, мысалы ARA (Амстердам — Роттердам — Антверпен) нарығындағы бағаларға әсер ете алмайды. Ал Беларусь мұнай өнімдерінің көп бөлігі осы нарыққа шығарылады, - дейді.

Екі ел арасындағы дүрдараздық сәуір айында біраз бәсеңдегендей болған. Сол жолы Ресей президенті Владимир Путин мен Александр Лукашенко «Беларусь Ресейдің «Газпром» газ компаниясының алдындағы берешегін өтеу үшін 270 миллион доллар төлеуге міндеттеме алды» деп мәлімдеген.

Сонымен бірге екі ел арасында 2020 жылға дейінгі энергетика саласындағы ынтымақтастық бойынша жол картасы жасалды.

Шығыс Еуропадағы қатаң авторитарлық режим орнатқан бұл елде көптен бері болмаған наразылық шаралары басталған соң Беларусь президенті ресейлік әріптесін жиірек жағалап, оның алдында айыбын өтей бастады дейді сарапшылар.

Лукашенко Ресейдің Петербург қаласына барған сапарында «Айналамызда не болып жатқанын көріп отырмыз, біз Ресей мен Беларусьте тұрақтылық сақтауды қалаймыз» деді.

Наурыз-сәуір айларында болған наразылыққа үкіметтің жұмыс істемейтін азаматтарға салық салу жоспары себеп болды.

«Қоғамдағы арамтамақтарға қарсы заң» аталып кеткен жаңа құжат бойынша, жылына 183 күннен аз жұмыс істейтіндерге төленбей қалған табыс салығының орнын толтыру үшін жылына 250 АҚШ доллары көлемінде салық төлеу міндеттелді.

Екі жылдан бері ел экономикасы кері кетіп жатқан тұста Лукашенко бұл заңнан бас тартуға мәжбүр болды.

Экономикалық тоқырау қарапайым белорустардың тұрмысына әсер ете бастады. Орташа айлық жалақы 2014 жылдың ортасында ең жоғарғы шегіне жетіп, 630 долларды болса, 2017 жылдың басында бұл көрсеткіш 380 долларға төмендеді. Наразылық шараларының бірі болған Новополоцк қаласында да жағдай соған ұқсас.

Мұнай өңдеу зауытындағы проблемалардың кесірінен Новополоцк Беларусьтегі жалақы деңгейін 2016 жылғы межеге жеткізе алмаған жалғыз қала болды.

«Нафтан» зауытындағы орташа жалақы - 600 рубль (300 доллар). Алайда Виктаравичтің айтуынша, шынайы көрсеткіш бұдан әлдеқайда төмен, себебі жүздеген менеджер мен олардың аспандаған жалақылары орташа көрсеткішті өзгертіп жібереді.

Новополоцк көшесі. (Көрнекі сурет)

Степан есімді тағы бір тұрғынның айтуынша, елдегі ең жақсы жалақы төлейтін компания болғандықтан, бір кездері «Нафтанға» жұмысқа тұру өте қиын болған. Ал қазір мұнда вакансиялар ұзақ уақыт бос жатады дейді ол.

Бір кездері «Нафтан» советтік индустриялдық Беларусьтің символына айналған. Маңайдағы әскери базаларды отынмен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды нысан саналған Новополоцк қаласының әлеуметтік жағдайы Беларусь тәуелсіздік алғалы құлдырап келеді.

1993 жылдан бері қала тұрғындарының саны 4 мың адамға ғана өскен.
Қаладағы ең ірі жұмыс беруші «Нафтан» мұнай өңдеу зауытының шаруасы шатқаяқтаған бірер жылдың ішінде мәселе тіпті күрделене түсті.

Новополоцкіде 1969 жылдан бері тұрып жатқан ақсақал қалада жағдай күннен күнге нашарлап бара жатқанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, қаладағы бизнес нысандарының көбі жабылып қалған не өлместің күнін көріп отыр.

Жағдайдың қиындап бара жатқаны рас.

- Жағдайдың қиындап бара жатқаны рас. Бақшаның өнімдері болмағанда, жарымжан кемпірім екеуіміздің зейнетақыға күнелте алмасымыз анық еді, - дейді ол.

Лукашенко зауыттағы жағдайды оңалта алмаған менеджерлерді орнынан алып тастаған. 2016 жылы наурыз айында зауыт жұмысшылары «жоспарға сай жұмыс істеп жатқанына қарамастан «Нафтанның» банкрот болуына мұнай өңдеу ісінен онша хабары жоқ шетелдіктерді жұмысқа шақыру себеп болды» деп ашық хат жазған еді.

1993 жылдан бері Новополоцк халқының саны 4 мың адамға ғана көбейген.

Кремль минералды ресурстарды өндіру салығын енгізуді ойластырып отыр, ал бұл шикізат бағасын арттырады деп қорыққан Лукашенко үкіметі Ресейден тыс энергия көздерін іздестіріп жатыр.

Бұған қоса, Беларусь «Нафтан» мен Мозырьдағы мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау арқылы оларды тиімді ете түсуге күш салып жатыр. 2015 жылы екі зауытты модернизациялауға 4 миллиард доллар кетеді деп болжанған. Бұл – ақшадан қысылып отырған Беларусь үшін үлкен сома.

Беларусь сарапшысы Татьяна Маненоктың айтуынша, Беларусь қымбат шикізат импорттауға мәжбүр болған жағдайда, Минскінің қиын ахуалын совет заманынан қалған мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау ғана жеңілдете алады.

«Модернизация аяқталған соң «Нафтандағы» және жалпы Новополоцкідегі жағдай жақсарады. Әсіресе, мұнай бағасының өсуі бұған көп әсер етеді» дейді Маненок. Басқалар аса оптимистік пікір айтпады.

Экономист Леонид Зайканың айтуынша, Новополцк пен Мозырь қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттары Беларусьті кері тартып отыр.

- Бұл мұнай өңдеу зауыттары ұлттық символға айналған. Бірақ олар тек Ресей мұнайын алып, оны өңдеп, «бізде бәрі жақсы» деуді ғана білетін басшылық үшін ғана пайдалы. Біздің елде мұнай-химия өндірісінің экологияға зияны шектен асып кеткен. Бұдан құтылу керек, ол үшін мұнай өңдеуге арқа сүйейтін дәстүрден арылған жөн, - дейді Зайка.

Тони Веселовскидің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.