Қалыңмал мен жасаудан шығатын дау-дамай

Тәжістан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанда қалыңдық пен күйеу жігіттің ата-анасына жүктелген қандай міндетті шығындар бар және тойға байланысты салт-дәстүр отбасылық қатынастарға, несие тарихы мен келесі ұрпаққа қалай әсер етеді?

"Енем мені "кедей" деп атап, ата-анамды тілдеді. Қалыңмалыма әкелген ақшаны қайда жұмсағанымды сұрады". Душанбелік Азизаның басындағы жағдайды сирек кездесетін оқиға деуге келмейді. Қыздың ата-анасы беретін жасау мен күйеу жігіттің жақындары төлейтін қалыңмал Орталық Азия елдеріндегі салт-дәстүрдің ажырамас бөлігіне айналған. Кейде мұндай дәстүр отбасындағы келесіздіктерге себеп болады.

Азиза бір жыл бұрын 20 жасында тұрмысқа шыққан. Күйеуінің туыстары қалыңмалға екі мың доллар әкелген. Азизаның әкесі – әскери қызметкер, анасы оқытушы болып істейді. Олар қызына жасау беріп, той жасау үшін банктен үш мың доллар көлемінде несие алған. Ата-анасы тұрмыстық техника, зергерлік бұйымдар, көрпе-жастық, ұлттық өрнекпен тігілген өзге де бұйымдар алып, күйеу жігіттің отбасына сыйлық таңдап, жас жұбайлардың жатын бөлмесін дайындаған.

- Той өткен күннің ертеңіне енем мен күйеуімнің әпкелері бөлмеме кіріп, үйімнен келген заттарды түгендей бастады. Менің бөлмеде жүргенімді көріп, аяқ тартқан жоқ. Жиһаздарды ұстап көріп, қораптарды ашып, ыдыстарды тексерді. Енем неге электр пешін сатып алмағанымызды сұрады. Ақша жетпегенін, оның үстіне үйде онсыз да осындай пеш тұрғанын айттым. Осыдан кейін енем маған күнде тиісетін болды. Бұл туралы ата-анама айттым. Мені қинамасын деп, әкем сұратқан пешті сатып әперді. Бірақ осыдан кейін де ештеңе өзгерген жоқ, әлі күнге ұрыс естіп жүрмін. Күйеуім мені қорғамайды. "Өзің кінәлісің, қалыңмалға көп ақша апарған соң, сол пешті бірден сатып алу керек еді" деп айтады, - дейді Азиза.

Азиза тұрмысқа студент кезінде шыққан.

- Маған құда түсіп келгенде, ата-анам студент екенімді ескертті. Олар университеттегі оқуыма қарсы болған жоқ. Бірақ екі аптадан кейін күйеуім "оқуыңды таста" деп ұрыса бастады. Мен бас тарттым, өйткені оқуымның соңғы жылы еді, -дейді ол.

Азизаның айтуынша, құда түскенде енесі ұлының жоғары білімі барын айтқан.

- Кейін өтірік айтқанын білдім. Мектептен кейін Ресейге жұмыс істеуге кетіп, сол күйі оқуға түспепті. Ата-анам күйеу жігіттің оқымағанын білсе, мені тұрмысқа бермес еді. Бірақ енді кеш. Қазір аяғым ауыр. Күйеуімнің үйінен кетіп қалсам, соңымнан сөз ереді, қолымдағы баламен екінші рет тұрмысқа шыға алмаймын, - дейді Азиза.

ҚАЛЫҢДЫҚТЫҢ ҚҰНЫ

Тәжікстанда қалыңдықтың жасауын қыз мектепте оқып жүрген кезден бастап жинайды. Күйеу жігіт қыздың туыстарына қалыңмал төлеуі керек. Бұл дәстүр негізінен елдің оңтүстігіндегі ауылдық жерде сақталған.

Бұрын елдің солтүстік және шығыс өңірінде қалыңдық үшін сарупо – киім мен аяқкиім әкелетін. Бұл дәстүр елдің бірқатар аймағында әлі күнге дейін бар. Бірақ кейінгі кезде көбіне киім-кешектің орнына 1-3 мың доллар аралығында ақша беретін болған.

Қалыңдықтың отбасы жасау дайындауға 5 мың доллар көлемінде ақша жұмсайды. Жасауға тұрмыстық техника, жиһаз, кілемдер, әртүрлі мата толған сандық, көйлектер, бірнеше аяқкиім, зергерлік бұйымдар, фарфор ыдыс пен төсек жабдықтары кіреді. Одан бөлек, қалыңдықтың отбасы болашақ күйеудің үйіндегі жас жұбайларға арналған бөлмені дайындауы керек: сөрелер, тартпалар, шкаф, кілем алып, перде іледі. Тағы бір шарт: жиһаздың бәрі бір-біріне үйлесетін жаңа болуы тиіс. Қалыңдықтың ата-анасы әдетте бұл үшін қарыз алады. Жасау болмаса немесе арзан сыйлықтар берілсе, енесі келінін туыстарының "сараңдығы" үшін сөгіп, соңы үлкен дауға ұласуы мүмкін.

"ҰЛЫМА МҰНДАЙ ӘЙЕЛ ӘПЕРГІМ КЕЛГЕН ЖОҚ"

Зебоның үш ұлы бар. Ұлдарының ешбірі жоғары білім алмаған. Олар үйлену шығындарын Ресейде жұмыс істеп жүріп жинаған.

Зебо кенже ұлы Далерге ауылдық жерден келін таңдаған. Ұлы осы жазда Ресейден Душанбеге оралып, бірден үйленген. Далер болашақ әйелін бірінші рет мұсылман дәстүрі бойынша өткен неке қию кезінде көрген. Күйеу жігіт қалыңмалға 15 мың сомони (шамамен 1500 доллар) берген.

- Қыздың отбасы кедей болғандықтан, өзіне қажет киім, көрпеше, үй жабдықтары, кілем, тұрмыстық техника мен басқа да заттарын алсын деп, "жатын бөлмеге жиһаз әкелмей-ақ қойыңдар” дедік. Бірақ қыздың артынан ештеңе келген жоқ. Өзіне киім, біраз көрпеше, жастықтар, бір кілем, ыдыс пен сандық қана әкелді. Тұрмыстық техникадан газ плитасы мен пеш қана болды. Тіпті кір жуатын машинасы да жоқ. Ал біз қалыңмалға 1500 доллар бердік. Ауылдық жерде тұратындарға бұл аз ақша емес. Бірден анасына хабарласып, ойымдағыны айттым. Ол ақшасы жоғын алға тартты. Сөзге келіп қалдық. Ұлыма мұндай әйел әпергім келген жоқ, - дейді Зебо.

"КЕЛІНІНЕ КҮН БЕРМЕЙТІН ЕНЕ"

Робия мен оның болашақ күйеуі студент кезінде танысып, бір жылдан кейін шақырақ көтеруді ұйғарған. Ата-аналары Душанбе үшін шағын саналатын 1500 доллар көлеміндегі жасауға келіскен. Отбасы "осы ақшаға келін өзіне киім мен тұрмыстық техника алсын, ал жатын бөлмені дайындаудың қажеті жоқ" деп ескерткен.

- Күйеуімнің ата-анасы осындай ұсыныс жасады. Той алдында үйді толық жөндейтінін, сол кезде біздің бөлмені де дайындайтынын айтты. Отбасым келісті. Қалыңмалдың ақшасына тұрмыстық техника, ұлттық көйлек тігуге мата және ұсақ-түйек заттар алдық. Қалған ақшаны ата-анам өз қалтасынан төледі. Тойдан кейін үйге келдім. Бөлмемізге кірсем, ештеңе дайын емес. Анам күйеуімнің ата-анасымен сөйлесіп, осы мәселені көтерді. Енем бөлмені дайындау қыздың туыстарының міндеті екенін айтты. Енді сәті түскен сайын күйеуімнің туыстары артымнан аз дүние келгенін бетіме басуға тырысады. Мұны естіп қалған күйеуім бәріне ұрысты, - дейді Робия.

Робия күйеуінің туыстарымен қарым-қатынасы қиын екенін айтады.

- Енеммен тіл табыса алмаймыз. Ол маған тиісіп, әр жолы үйлеріне дүниесіз келгенімді айтып отырады. Күйеуім бұл туралы біледі. Ол жалдамалы пәтерге көшкенше күте тұруымды өтінді, - дейді ол.

Робия күйеуімнің отбасына реніші жоғын айтады.

- Ененің келініне күн бермеуі бұрыннан бар. Әжелеріміз бен аналарымыз да осыған көніп келген. Бірақ қазіргі жастар басқа. Қыздар қорлыққа көнудің ақымақтық екенін түсіне бастады. Күйеуімді жақсы көрмесем, әлдеқашан кетіп қалар едім, - дейді Робия.

"ТҮРКИЯНЫҢ КИІМДЕРІН ӘКЕЛЕР ДЕП ОЙЛАДЫМ, БІРАҚ ОЛАР САРАҢДЫҚ ЖАСАДЫ"

Осыған ұқсас дәстүрлер Өзбекстанда да бар. Онда қалыңдықтың отбасы жасау ретінде күйеу жігіт пен оның туыстарына киім сатып әперуі керек.

Бір жыл бұрын әлеуметтік желіде Науаи қаласында күйеу жігіт өзіне сыйға берілген киім ұнамағандықтан қалыңдықты тастап кеткені туралы оқиға қызу талқыланды.

- Достарыма сарпо (жасау – ред.) ретінде Түркияның киімдерін әкелген. Маған да сондай киімдер келер деп ойлағам. Өйткені қалыңдығымның отбасы бақуатты кісілер болатын. Бірақ олар сараңдық жасап, Гиждуваннан шығатын өзбек трикотажын әкелді, - дейді мемлекеттік "Ёшлар" телеарнасынан көрсетілген видеода сөйлеген күйеу жігіт.

Өзбекстанда қалыңдықтың үйіне құдалыққа келген күйеу жігіт жағының сый-сияпаты.

"АНАМ ШАҢСОРҒЫШ САТЫП АЛМАҒАНЫ ҮШІН ЕНЕМ ШУ ШЫҒАРДЫ"

Наргизаның отбасындағы ұрыс-керіс тұрмыстық техникадан басталған.

- Анам шаңсорғыш сатып алмағаны үшін енем шу шығарды. Мен де оған дөрекі жауап бердім. Осыдан кейін енем күйеуіме: "Үйіне апарып таста, ол бізге керек емес" деп айтты, - дейді ол.

Қазір Наргиза - 23 жаста. Қызымен бірге Ташкентте ата-анасының қолында тұрады. 19 жасында күштеп қосқан күйеуі аяғы ауыр кезінде тастап кеткен.

- Күйеу жігіттің ата-анасы танысуға келгенде, аспандағы ай-жұлдызды әперуге уәде берді. Анам "Осы жігітке тұрмысқа шығасың" деді. Күйеуім ұнаған жоқ. Жақындасудан қашып жүрдім, бірақ ол мені зорлады. Бәрі басталғанда, аяғым ауыр болатын. Мен босанған кезде күйеуім жанымда болмады. Мені тастап кеткеннен кейін шариғат бойынша басқа әйел алды. Ажыраспай отыр. Баланың хал-жағдайын сұрамайды, алимент те төлемейді, - дейді Наргиза.

Наргиза балалар ауруханасында медбике болып істейді. Колледж бітірген соңинститутқа түскісі келген.

- Бірақ тұрмысқа шыққаннан кейін ол жоспарым адыра қалды. Жоғары білімім жоқ, жалақым – 50 доллар. Осы ақшаға баламды асырап, ата-анама көмектесуім керек, - дейді ол.

ӘУЕЛІ – АҚША, КЕЙІН –ҚҰДАЛЫҚ

Қырғызстан мен Қазақстанда ең төменгі қалыңмал мың доллардың көлемінде. Қыздың жасауына осы ақшаға тең немесе одан көп қаржы жұмсалуы керек. Отбасылар қалыңмал көлемін алдын-ала келісіп алады. Тек содан кейін ғана күйеу жігіттің туыстары құда түсуге барады.

Құдалықтан кейін бірден жасау дайындау басталады. Бұрын қалыңдықтың анасы шай беріп, туыстар жасауға қосатын дүниелер әкелетін. Қазір жасауды ата-анасы немесе қалыңдықтың өзі жинайды. Жасау әртүрлі болады. Бірақ әдетте жасауға жатын бөлмеге арналған жиһаз, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника, киім мен зергерлік бұйымдар кіреді.

ЖАСАУ ҮШІН ТӨБЕЛЕС

36 жастағы Бақыт әйелімен Қырғызстанда тұрады. Алғаш рет үйленуге талпынып көргенінде екі жақтың туыстары жасау мен қалыңмал үшін дауласып, тойы болмай қалған.

- Жасым 22-де, қыз – 18-де болатын. Қызды жақсы көрдім, оның да кәсіп қуатын жоспары болған жоқ. Бай отбасының жалғыз қызы еді. Мен - мигранттар отбасындағы төрт баланың бірімін. Ата-анам Ресейден келген. Олар қалыңмалға 3 мың доллар бермек болды. Бірақ қыздың отбасы 10 мың доллар талап етті. Қымбат ыдыс, бриллиант пен көлігін есептемегенде, жасауының өзі кемінде 10 мың доллар тұрады деді, - дейді Бақыт.

Оның айтуынша, әкесі тойдан бас тартуға көндіруге тырысқанымен, Бақыт келіспеген. Туыстарының көмегімен күйеу жігіттің отбасы қалыңмал көлемін 10 мың долларға жеткізген.

- Соған дейін қалыңдығым екеуіміз бірнеше рет ұрсысып үлгердік. Оның ата-анасын жек көрдім. Бірақ жасау келгенде менің ата-анам өзін қалай ұстағанын көргенде, нағыз тозақ басталғандай болды. Олар тоңазытқыш пен кондиционердің, шкаф пен қыздың үстіндегі киімнің бағасын есептеуге кірісті. Соңында бәрін қосқанда жасауға 10 мың доллардан артық ақша кетпеген деп тауып, "қалыңмалды артық төледік" деп шықты, - дейді Бақыт.

Осыдан кейін Бақыттың қалыңдығы ата-анасының үйіне кетіп қалған.

- Ертеңіне қалыңдықтың туыстары келіп, жасауын жинай бастады. Ағасы қыздың пәктігі туралы сұрады. Бірге болғанымызды айттым. Ол жасауды алып кететінін, бірақ қыздың қасына түнеп шыққаным үшін қалыңмалды қайтармайтындарын айтты. Осы сәтте менің туыстарым "қалыңмалды қайтармаса, жасауды да бермейміз" деп төбелес шығарды. Бұл мен үшін сұмдық болды. Қалыңдығыма қарап, ары қарай онымен бірге бола алмайтынымды түсіндім. Оның да көзінен дәл осындай ойды оқыдым, - дейді ол.

"МАҒАН ЖАСАУ КЕРЕК ЕМЕС"

Ағылшын азаматына тұрмысқа шықпақ болған қырғыз қызы Жылдыздың отбасы күйеу жігіттен 20 мың доллар қалыңмал талап еткен.

- Таңғалдым. Күйеуім бай отбасынан шықпаған. Он жасында анасы қайтыс болған, әкесі күйеуім мен әпкесін жалғыз өсірген. Үйлерінде менің ата-анамда бар бес көлік пен алтын жалатылған шамдар жоқ, - дейді Жылдыз.

Ол кезде Жылдыз 30 жаста болған. Ұлыбританияда магистратура бітіріп, сонда қалып жұмыс істеген. Күйеу жігітімен бірге Бішкекке келген кезде үйіне бүкіл туысы жиналған.

- Бәрі 30 жаста тұрмысқа шығып жатқаныма уайымдап, маған жүзімнен жастығым тайған шақта үйленуге келіскен күйеуіме алғыс білдіргендей қарады. Әкем әпкесіне Германияда оқуға стипендия жеңіп алған қызын шетелге жібермеуге кеңес бергенде шыдай алмадым. "Қызыңды тұрмысқа бер, бала туып, бақытты болсын" деді. Орнымнан тұрып кетіп қалдым. Кейін туыстарым артымнан жасау дайындауға келіскенін естідім. Біреу тоңазытқыш, біреу электр пеш алатын болыпты. Бірақ шарт бойынша, күйеу жігіт кемі 20 мың доллар қалыңмал төлеуі керек екен, - дейді Жылдыз.

Ол жағдайды болашақ күйеуіне түсіндірген.

- Ол өзінде ондай ақша барын, егер мен қарсы болмасам, жинаған ақшасын беруге дайын екенін айтты. Ол 30 мың, мен пәтерге жинап жүрген 50 мың доллар ақшамды қостым, - дейді ол.

Жылдыз әкесіне ақшаға қосып келесідей мазмұндағы хат жолдаған: "Ұлдарым үйленуге асығып, қыздарымның тұрмысқа шықпай жүруінің себебі неде деп ойланып көрмедіңіз бе? Өзіңіздің алты әпкеңіз, анам және оның үш әпкесіне қарап, оларды бақытты жандар дей аласыз ба? Сіз анамның, атам әжемнің көзіне шөп салып, ағаларым біздің көзімізше әйелдерін ұрған жоқ па? Ал енді атам мен ағаларымнан бастап бүкіл ер адамдарға қараңыз. Өз кәсібін сүйетін, әйелдері дайындап отырған асқа тыңқиып алған олар нәпсісін тия алмай, өздерінен махаббат пен жылылық күтетін өзге әйелдерге барады. Ойыңызға келгенді айтып, оқуға түсуді мақсат етіп үш жыл бойы неміс тілін үйренген қыздың өміріне балта шаба аласыз. Өйткені сіз оның анасының үлкен ағасы, ер азамат және ақылшысыз. Бізге тұрмысқа шығуға білім кедергі болған жоқ, қайта білім бізге мүмкіндік сыйлады. Мына ақшаны алыңыз. Мен үшін ұялмайсыз деп үміттенемін. Жасау керек емес, тоңазытқыш пен электр пеш өзімізде де бар".

- Той алдында әжем маған өзінің сандығын сыйлады. Анам мен әпкем сандыққа ескі ұлттық бұйымдарын салды. Жеңгем ұлттық көйлек тігіп берді. Тағы бір әжем күйеуім екеумізге арнап жемпір тоқыды. Бұл мен күткеннен де керемет жасау болды, - дейді Жылдыз.

"ҚЫЗЫМДЫ АЛЫП КЕТТІМ, АЛ КҮЙЕУІ ЖАСАУДЫ ҚАЙТАРҒАН ЖОҚ"

Қазақстандық Арқаттың қызын 17 жасында алып қашып кеткен. "Күйеу жігіт қызымыздан он жас үлкен екен. Бірақ отбасы жақсы, ата-анасы дәрігер, жағдайлары да жаман емес. Қызым да жігітті танитын боп шықты. Бірақ қызым қалғысы келмеді. Әйелім "Ұят болады, тұрмысқа шыққың келмесе, кездесуге не үшін бардың?" деп қоймады, - дейді ол.

Күйеу жігіт алып қашып кеткеніне қарамастан ата-анасы қызына жасау жинаған.

- Бұрын жасауға тек самаурын, сандық пен кілем беретін. Қазір тұрмыстық техника, бриллиант бұйымдар, ыдыc-аяқ пен киім беру керек. Банктен несие алдық. Бірнеше мың доллар кетті. Олар (күйеу жігіттің отбасы – Ред.) "сүт ақысына" – ана сүтінің төлемі – мың доллар беріп, той шығындарын өтеді. Несиені күйеу жігіттің туыстарына сыйлық алуға да жұмсадық, - дейді Арқат.

Бірақ ата-анасы бір жылдан кейін қыздарын күйеуі ұратынын білген.

- Ұрып-соққаннан түсік тастапты. Алып кетейін деп едік, өзі "қаламын" деді. Тағы бір жылдан кейін күйеуі үйіне екінші әйел етіп алғысы келген қызын таныстыруға әкеліпті. Осыдан кейін қызымызды алып кеттік. Ал жасауды бірнеше айға салып, зорға алдық. Күйеуі дүниені бергісі келген жоқ. Қызымыздың заттарын күйеуінің басқа әйелмен тұрып жатқан жатын бөлмесінен алып кетуге тура келді, - дейді ол.

Мақалада кей кейіпкерлердің сұрауымен аты-жөні өзгертіліп берілді.

(Зебо Назарова, Алина Жетігенова мен Татьяна Ярмощуктің материалынан аударылды.)