"Бұлақ басындағы күмбез". Қайнар сардобасының өткені мен бүгіні

Сардоба – ауыз су көзін сақтау үшін салынған архитектуралық құрылыс нысаны. Ташкент облысы, Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Сардоба – суды жинап, сақтауға арналған ертедегі гидротехника құрылысы. Орта ғасырларда мұндай нысандар Орталық Азияның қуаңшылық жайлаған аудандарында кең тараған. Қара судың бағасы алтынға пара-пар болғандықтан, сардобаларды бұлақ басына салған, осылайша су көзін шаң-тозаң мен күннен қорғаған. Ал ұзақ жолға шыққан сауда керуендері мен жолаушылар осындай жерден шөл қандырып, су құйып алып отырған.

Қайнар сардобасы – біздің заманымызға дейін жеткен аздаған құрылыстың бірі. Ол Өзбекстан аумағында, Сырдарияның бір саласы Ахангаран өзеніне жақын маңда орналасқан.

Сырдария Орталық Азиядағы ірі өзен, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан аумағынан өтіп, соңында Арал теңізіне құяды. Азаттық журналисі әрі фотограф Пётр Троценко Сырдария бойы мен оның салаларына сапарлап, өзен жағалап тірлік кешіп жатқан қарапайым балықшылармен, саудагерлермен және фермерлермен әңгімелесіп, өзеннің қазіргі жай-күйін біліп қайтты. Сонымен бірге, Сырдария мәселесін зерттеп, оны шешу жолдарын іздеп жүрген сарапшылармен сөйлесті.

Ташкент облысындағы Қайнар сардобасы. Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Қайнар сардобасы туристер көп баратын танымал жерлерден тысқары жатыр, содан да болар, Өзбекстанның өзінде де оны білетіндер аз. Әрі оған жету де оңай емес: мұнда жалпы жолдар жақсы болғанымен, сардоба аттас Қайнар қышлағына дейін атам заманда төселген асфальты әлдеқашан тозып біткен, ойқы-шойқы қара жолмен жүруге тура келеді. Бір кездері ірі совхоз болған жерде бүгінде бірнеше үй ғана қалған.

Ташкент облысындағы Қайнар сардобасы. Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Тарихшы ғалымдар Қайнар сардобасына алғаш назар аударған кез ХІХ ғасырдың аяғына тұспа-тұс келеді, ал ХХ ғасырдың 20-жылдары, совет өкіметі кезінде сәулет ескерткішін жіті зерттеу басталды. Совет тарихшылары оны "Ахангаран өзенінің оң жақ жағалауындағы бұлақ басындағы күмбез" деп атады. Судың қайнар көзіне орнатылған күмбез болғандықтан, жергілікті халық оны "Қайнар күмбезі", яғни "қайнар су көзіндегі күмбез" деп атады. Табиғи сүзгі қызметін атқарған күмбез бұлақ суын ластанудан қорғады..

Қайнар сардобасы. Ташкент облысы, Өзбекстан. 27 маусым, 2024 жыл.

Қайнар сардобасы нақты қашан тұрғызылғаны белгісіз, зерттеулерге қарағанда, XVII-XVIII ғасырларда салынған. Ғалымдар бұрын бұл жерде қызметі осыған ұқсас, бірақ ежелгі құрылыс нысаны болған деп болжайды. Ертеде салынған сардоба ежелгі замандағы құрылысшылар инженер және сәулетші ретінде өз ісінің хас шебері болғанын паш етеді, олар табиғи ресурсты тиімді пайдаланып қана қоймай, ұзақ уақыт бойы мызғымайтын құрылыс та сала білген.

Қайнар сардобасы. 20-ғасырдың бірінші жартысында салынған сурет.

Өткен ғасырдың бас кезінде сардобаның үстіндегі күмбезді көруге болатын, бірақ кейін ол көзден бұл-бұл ұшқан, әрі құрылыстың өзі де кейінгі жүз жылда табиғи факторлардың және уақыттың әсерінен әбден тозған. Соған қарамастан, ол жердегі бұлақтан су қазір де шығып жатыр, Қайнар қышлағын мекендейтін азғантай халық бұлақ суын әлі күнге дейін пайдаланады.ду.

Сардоба Кайнар. Ташкентская область, Узбекистан. 27 июня 2024 года.

Бірнеше жыл бұрын сардоба қайта жөндеуден өткен, өзбек тарихы мен мәдениетінің білгірлері мұны "вандализм" деп атаған. Ескі сардобаның үстінен жаңа кірпіштен жоғарғы жағын қайта салып, бірегей тарихи ескерткіштің келбетіне нұқсан келтірген.

Ташкент облысындағы Қайнар сардобасы. Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Сардобаны қайта жөндеу жұмысы туралы мақалада: "Өресі таяз өзбек шенділері (сонымен бірге жұрттың бір бөлігі) арасында әбден ескірген көне құрылыс елді "ұятқа қалдырып" тұр, сондықтан оны тез арада жөндеп, жаңажылдық ойыншық сияқты жалтыратып қою керек деген пікір бар", – деп жазылған.

Ташкент облысы Қайнар қышлағы. Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Сардобадан бірнеше жүз метр жерде Қайнар қышлағы орналасқан. Тұрғын халықтың көбі басқа жаққа көшіп кеткен, ал қышлақта қалған азғантай жұрт әлі күнге дейін сардобаның суын пайдаланады. Әйткенмен, олардың айтуынша, кейінгі жылдары судың сапасы қатты нашарлап кеткен.

Ташкент облысындағы Қайнар қышлағында тұратын Әлимардонның шағын шаруашылығы бар, қой мен сиыр бағады. Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Бәкене бойлы, жас шамасы елулердегі Әлимардон көзін ашқалы Қайнарда тұрып жатыр. Әйелі екеуінің шағын шаруашылығы бар, сиыр мен қой бағады. Балалары әлдеқашан есейіп, қалаға кетіп қалған. Әлимардон бұрын бұлақтың суы мол, қышлақта да халық әлдеқайда көп болатын деді. Қазір Қайнарда ауыл шаруашылығымен айналысатын үш отбасы ғана қалған. Мұнда басқа күнкөріс көзі жоқ.

Ташкент облысындағы Қайнар қышлағы. Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Әлимардонның шағын ауласында кептерхана, төбесі шатырмен жабылған сәкі және ағаш отын жағатын пеш бар. Әйелі Нилуфар ошақ басында түскі астың қамымен жүр.

– Халық көп кезде өмір сүру де жеңіл еді, электр қуатынан таршылық жоқ болатын, – деді фермер. – Қазір тоқ болғанымен, оның күші жарыққа ғана жетеді, тамақ пісіру мүмкін емес, тіпті су қайната алмайсың. Сондықтан тамақты не газға пісіреміз, не отын жағамыз.

Ташкент облысындағы Қайнар сардобасының фотосын көрсетіп тұрған адам. Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Әлимардон үйінен аздап мыжылған жылтыр фотосурет алып шығып, бірнеше жыл бұрынғы Қайнар сардобасының келбетін көрсетті: ескі кірпіштен тұрғызылған, алақандай терезелері бар келісті ғимарат әбден тозып, жерге кіріп кетіпті.

Қайнар сардобасындағы бастау. Ташкент облысы, Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

– Қайта жөндегенге дейін мұнда су көп еді, үлкен құбыр арқылы жақын маңдағы жердің бәрін суғаруға жететін, – деді Әлимардон. – Өнімді де жақсы алатынбыз. Жөндеу жүргізген кезде бұлаққа құм төгіліп, соның салдарынан су азайды әрі қатты ластанып кетті.

Ташкент облысындағы Қайнар сардобасы. Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Әлимардон сардоба суын бау-бақша мен мал суғаруға әлі пайдаланып отыр. Алайда, қатты лас болғандықтан қазір бұлақ суы ішуге жарамайды деді ол. Сардобаның басында тұрғанымызда бір көлік келіп тоқтады да, одан түскен екі жігіт бұлақтан су ішуге беттеді.

– Бұл жерден су ішуге қорықпайсыңдар ма? Суы лас дейді ғой, – екеуін сөзге тартпақ болып сұрақ қойдым.

– Лас түгі де жоқ, ылғи ішіп жүрміз, ешкім уланған жоқ.

Ташкент облысындағы Қайнар сардобасы. Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Бұлақтан шығып жатқан судың бетіне көз тоқтаттым. Сардобаның суы расында да лайсаң, ал мұқият көз салсаң, су түбінде ерсілі-қарсылы жүзіп жүрген ұсақ балықтар мен басқа да жәндіктерді көресің.

Ташкент облысындағы Қайнар сардобасы. Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Сардобадан уақыт тезінен, аптап ыстық пен желден әбден мүжілген ескі кірпіш қалдықтарын да көруге болады. Әр тұста тас арасынан жол тауып шығып қураған бұталар көзге шалынды, олардың өсімдікке мүлде қолайсыз жерде қалай өсіп шыққанына еріксіз таңғаласың.

Әлимардон шаруаның әйелі Нилуфар құрт ұсынып тұр. Ташкент облысы, Өзбекстан, 27 маусым, 2024 жыл.

Жолға шығып бара жатқанымызда Әлимардонның әйелі Нилуфар тор қоршаудың ар жағынан бірнеше құрт ұсынды. Кепкен әрі тұзды құрт мұндағы тұрмыс-тіршілікке тамаша метафора болатындай: жартылай қараусыз қалған қышлақ, олақ адамның қолынан шыққандай кейіптегі сардоба, жер астынан сыздықтап шығып жатқан бұлақ – күн сайын тағдырдың тосын сынына тап болса да, тырмысып тірлік кешуді бұдан артық сипаттау қиын.