Карантинге жабылған Алматы іргесіндегі қарбалас

Азаматтар Алматыдан шығып кету үшін қала іргесіндегі өткізу-бақылау пунктінде кезек күтіп тұр. Жергілікті билік "жұмысы қалада, өзі облыста тұратындарды өткізбейміз" деп мәлімдеді. Бас прокуратура талапқа бағынбай, карантин ережесін бұзғандар жазаға тартылатынын ескертті. Алматы, 19 наурыз 2020 жыл.

Коронавирустан қорғану үшін арнаулы киім киген бақылаушылар қаладан шығып бара жатқан көлік жүргізушілерінің құжатын тексеріп жатыр. Бақылаушылар жүргізушілердің жеке бас деректерін жазып алды. Алматы әкімдігінің сөзінше, қалада тіркеуі жоқ азаматтар қайта кіргізілмейді. Ресми дерек бойынша, Алматыға күн сайын сырттан 250 мыңдай көлік кіріп-шығады.
 

Карантинге дейін қарбаласта басқа қаладағы үйіне қайтуға асығып жатқандар көп. Бақылаушылар қаладан шығып бара жатқан азаматтардың да аты-жөнін, туған жылы мен телефон нөмірін жазып алып жатыр. Мыңдаған адам іргедегі аудандардан Алматыға қатынап жұмыс істейді. Қала әкімдігі "Алматыда облыс аумағында тұратын азаматтарды қалаға кіргізбейміз немесе уақытша баспана іздесін" дейді. 


 

Алматыдан шығып бара жатқан жүргізушілер. Коронавирус жұққандар саны күрт артқан шақта маска таққандар да көбейді. 

Алматы шетінде маска киген әскери жол бойына темір қоршау қойып жатыр. Қалаға қатынап жұмыс істейтін Алматы облысының "кредиті барын" айтқан кейбір тұрғыны "жол жабылса табыстан қағыламыз" деп алаңдайды. Наурыздың 17-сінде Қазақстан билігі төтенше жағдайға байланысты жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне несие қарызын төлеу мерзімін кейінге қалдыру жоспарда барын айтты.

Карантинге жабылған қала іргесінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Наурыздың 19-ынан бастап, аудан, облыстардан қатынайтын автобустар да тоқтайды. 

Медициналық маска киген әскери блокбекетті бақылап тұр. Бақылау күшейген мұндай блокбекеттер Алматыға көлікпен кіріп-шығатын 27 жерге орнатылған.

Полицей жабылған көше бойын бақылап тұр. Карантин уақытында қала ішінде адамдардың ары-бері жүруіне тыйым салынбайды, қоғамдық көліктер жүре береді. Наурыздың 22-сі түнгі сағат 00.00-де қала толық жабылады. Пойыздар мен ішкі рейстер тоқтайды. Алматы тұрғындары осы уақытқа дейін қалаға кіріп не шығып үлгеруі тиіс.

Блокбекет қойылған көше бойында тұрған полицейлер. Қала әкімдігі "карантин кезінде Алматыға жедел медициналық жәрдем, құтқару қызметі сияқты көліктерге ғана кіруге рұқсат беріледі". Олар қалаға кірмес бұрын дезинфекцияланады.

Полицей жабылған көше бойын бақылап тұр. Наурыздың 19-ындағы кешкі сағат 18.00-дегі жағдай бойынша, әлемде коронавирус жұққандар саны 225 мыңнан асты. 9 мыңнан аса адам вирустан қаза тапты. Айыққандар – 85,8 мың.