Алматыдағы "Екі әлем - қос тағдыр" көрмесі

Аутизм диагонозы қойылған жас суретшілер Әлібек Қаратай мен Алан Мұхитдиновтың көрмесі Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының орталық залында өтіп жатыр.

Әлібек Қаратай сурет салумен, пластилиннен мүсін сомдаумен және мультфильмдер жасаумен айналысады. Көрмеге оның қолынан шыққан көркем суреттер, мультфильм кейіпкерлерінің бейнелері қойылған, сонымен бірге мұнда Әлібек шығарған анимациялық фильмдерді де көруге болады.

Әлібек Қаратай 2016 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы колледжге анимациялық графика мамандығы бойынша оқуға түскен. Оқу орнында ол академиялық көркем сурет және кескіндеу тәрізді өзге де арнайы пәндерді оқып үйренген. "Әлібекті өте жақсы көреміз әрі ол бізде оқыған деп мақтан тұтамыз" дейді колледж жетекшісі Зура Жұмахметова (суретте).

Көрмеге келген бойжеткен Әлібек Қаратай дайындаған анимациялық фильмді тамашалап тұр. Әлібек анимация жасайтын компьютерлік бағдарламаны өз бетімен үйренген.

Көрмеге қойылған Әлібек Қаратайдың салған суреттері.

"Екі әлем – қос тағдыр" көрмесін өткізу бастамашыларының бірі – Pionerconcep қоғамдық қорын Әлібек Қаратайдың анасы Жанат Қаратай (суретте) құрған. Қор балалар өмірін жақсарту мақсатын көздейді. Қаратайлар отбасы Алматы маңындағы шағын тау шаңғысы базасына иелік етеді. Алматы әкімшілігінің қолдауымен қор биылғы жылдың басында түрлі дертке (аутизм, Даун ауруы, балалардың церебралды сал дерті) шалдыққан балаларды тау шаңғысын тебуге үйрететін арнайы бағдарлама бастаған. Жанат Қаратайдың айтуынша, қазір осы бағдарлама бойынша 40 бала оқып-жаттығады.

Көрмеге Алан Мұхитдиновтың (суретте) бояумен, гуашь, қарындашпен салған суреттері қойылған.

Алан Мұхитдиновтың "Үшбұрыштар" картинасы.

Жас әйел мен қызы Алан Мұхитдиновтың "Саяхат" суретін тамашалап тұр.

Darai қоғамдық қорын Алан Мұхитдиновтың анасы Айман Тұңғышбаева (суретте) құрған. Қор аутизмге шалдыққан балалардың түрлі салада дамуына қолдау танытуды мақсат етеді.

Көрмеге келгендердің бірі кинорежиссер Әзизжан Заиров (оң жақта) Алан Мұхитдиновтың атасы Алдар Тұңғышбаевпен сөйлесіп тұр. Бала кезінен мүгедек режиссердің фильмдеріндегі негізгі кейіпкерлер – ДЦП дертіне шалдыққан балалар.

Көрмеде Әлібек Қаратай мен Алан Мұхитдиновтың туындыларының түрлі-түсті көшірмесі басылған жейделер де сатылды.