"Суық үйде қалтырап отырмыз". Жылусыз қалған Риддер тұрғындары Тоқаевтан көмек сұрайды

Риддер қаласына кіреберістегі тұрғын үй қабырғасындағы жазу. Шығыс Қазақстан облысы, 8 қараша 2022 жыл.

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 22 мың тұтынушы күн суықта жылусыз отыр. Өткен айдан бері жергілікті жылу электр орталығының тозығы жеткен қазандықтары бірінен кейін бірі істен шыққан. Әкімдік жағдай біртіндеп қалпына келеді дейді. "Уәдеге тойғанын" айтқан тұрғындар Қазақстан президентінен көмек сұрады.

10 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой тұрғындарға жергілікті жылу электр орталығының бір күн бұрын ғана іске қосылған жоғары қысымды 6-қазандығы тоқтатылғанын хабарлады.

"Түнде алтыншы қазандық жұмыс істеп тұрған. Бірақ түнгі бір кезінде апатты жағдай болғандықтан жұмысы тоқтатылды, – деді халыққа жайсыз хабарды YouTube каналы арқылы жеткізген әкім. – Қазір орта қысымды үш қазандық істеп тұр. Сыртқа берілетін және қайта келетін су температурасы 56/43. Қазір алтыншы қазандықты жөндеуді бастаймыз. Аяқтаған соң қайта іске қосамыз. Түсіністікпен қараңыздар".

Риддер қалаcындағы жылу электр орталығы. Шығыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметі жариялаған сурет. 7 қараша 2022 жыл.

Қазір Риддерде ауа температурасы -4 градус. Жел соғып, күн суытып тұр.

9 қарашада Риддер билігі жергілікті ЖЭО-дағы ақау шыққан қазандықтардың екеуі қайта іске қосылып, жалпы төрт қазандық жұмыс істеп тұрғанын, радиаторға берілетін судың температурасы қалыпты шамаға жақындағанын хабарлаған еді. Бірақ кейін пәтердегі орташа температура +16 градусқа дейін төмендеді дейді тұрғындар. Бөлменің қалыпты температурасы +22-25 градус болып саналады.

Қазан айының аяқ шенінен бері Риддердегі ЖЭО қазандықтары бірінен соң бірі істен шығып, жылдың суық мезгілінде мыңдаған адам жылусыз қалған. Жергілікті әкім өткен сенбіде қалада техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялаған.

Мұндай жағдай биыл ғана емес, бірнеше жылдан бері әдетке айналғанын, жергілікті биліктің бұл мәселені шеше алмай отырғанын айтқан наразы тұрғындар мемлекет басшылығына жүгінуге мәжбүр болған.

"Қаламызда төтенше жағдай қалыптасты, жергілікті билік қауқарсыз болғандықтан сізден көмек сұраймыз". Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен өзге де мемлекеттік органдарға үндеу осылай деп басталады. Интернетте қоғамдық үндеуге қол жинайтын сайтта 7 қарашада жарияланған петицияға қазірге дейін 2300-ден астам адам қол қойған. Олар Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында жылусыз суық үйде сәбилер, қарттар мен науқастар қиналып отырғанын айтып, президенттен "бұл шаруаға араласуын" өтінген.

Азаттық тілшісі қала тұрғындарымен тілдесіп, сарапшылардың пікірін тыңдап көрді.

"СҰРҒЫЛТ ҚАЛАДАҒЫ" ЖЫЛУСЫЗ ТІРЛІК

Риддер қаласы облыс орталығы Өскеменнен солтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым қашықта, Алтай тауының батысындағы қалың орманның ішінде орналасқан. Қазақстандағы ең суық аймақтардың бірі саналатын бұл өлкенің жазы қысқа, қоңырсалқын, ал қысы ұзақ әрі қытымыр келеді. Биыл Риддерде алғашқы қар 29 қыркүйекте жауды. Қағаз жүзінде жылыту маусымы содан төрт күн басталған. Бірақ іс жүзінде бірде бар, бірде жоқ жылу әлі толық тұрақталмады деп шағынады тұрғындар.

Көпқабатты ескі тұрғын үйлердің ауласында тұрған көліктер. Риддер, Шығыс Қазақстан облысы, 8 қараша 2022 жыл.

Өзге моноқалалармен салыстырғанда, Риддерде басқа жаққа көшіп жатқандар аз. Қазір қалада 56 мыңнан астам адам тұрады, 1990 жылдары да сол шамада болған. Халықты ұстап тұрған өндіріс орыны – "Қазмырыш" компаниясы. Ел Риддерді кеншілер кенті деп те атайды. Қаланың екі ғасырдан астам тарихы тау-кен өндірісіне тікелей байланысты.

Қалада өткен ғасырдың басында салынған, бүгінде кетеуі кеткен ескі ғимарат пен тұрғын үй көп. Біз сөйлескен жергілікті тұрғындар Риддерді "Сұрғылт қала" деп сипаттады.

Кейінгі жылдары қалада халықтың көңілін жабырқататын жайт көбейген. Сондай мәселенің ең үлкені биыл күзде болды: орталық жылу желісіне қосылған тұрғын үй, мектеп және балабақшалардың түгелге дерлігі жылусыз қалды.

Your browser doesn’t support HTML5

Риддерде 22 мың шаңырақ жылусыз қалды. Жағдайдың жай-жапсары

Қалада "жылу дұрыс берілмей жатқанын" жергілікті жұрт қазанның басынан бастап, ал орталыққа қосылған құбырдан ыстық су деп беретіні "ыстық емес" екенін жаз бойы айтқан. Бірақ тиісті мекемелер тарапынан бәлендей қозғалыс байқалмады дейді тұрғындар. Тек 24 қазанда ЖЭО-да қазандық жұмысы тоқтағаннан кейін билік осы көкейкесті мәселе жөнінде ресми ақпарат таратты.

"Риддер қаласында қолайсыз жағдай болды. Риддер ЖЭО басшылығы мазут сапасын бақыламай, ол сумен араласып, салдарынан жылу станциясы қазандықтары уақытша тоқтады" деп хабарлады облыс әкімі Даниал Ахметов инстаграм парақшасында.

Арада бір апта өтер-өтпесте басқа бір жоғары қысымды қазандық істен шығып, бір орталықтан берілетін жылу жүйесіне қосылған тұрғын үйлер жылусыз қалды.

Автобус аялдамасында тұрған адамдар. Риддер қаласы, ШҚО, 8 қараша 2022 жыл.

Бұдан кейін 5 қарашада болған апат оқиғасы қала әкімін жергілікті ауқымда техногендік сипатта төтенше жағдай жариялауға мәжбүр еткен. "№1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды. Салдарынан жылу тасымалдағыштың температурасы +39 °С дейін төмендеді (қалыпты температура мөлшері +70 °С). Қазіргі кезде Риддер қаласының 22 мыңнан астам абонентіне жылу беру азайтылды" деп түсіндірді облыс әкімі.

Бастапқы екі жағдайда бір күннен кейін жергілікті билік "қазандықтар жөнделгені" жайлы хабарлады. Ал кейінгі жолы "жөндеу" бес тәулікке созылды, әлі де жалғасып жатыр. Осылайша қала халқы бірнеше күн бойы жылусыз суық үйде отыруға мәжбүр болды.

Қаладағы ЖЭО 1997 жылы AES Suntree деген компанияның меншігіне берілген. Ал 2018 жылы одан "Green Energy Q" компаниясы сатып алды. Тұрғындар осы кейінгі иесі келгеннен бері кәсіпорында проблема пайда болғанын, жылда "әбден қыс түскенде әбігер басталатынын" айтады. Пәтердегі жылу радиаторындағы ыстық судың температурасы тиісті мөлшерден төмен болатыны 2019 жылы алғаш айтыла бастаған. Содан бері жылда қайталанатын құбылысқа айналды дейді тұрғындар.

"ҚЫС ІШІНДЕ БҮКІЛ ЖҮЙЕ ҚАТУЫ МҮМКІН"

Риддерде биыл алғашқы қар қыркүйектің аяғында жауды. Қағаз жүзінде жылыту маусымы да сол кезде басталған. Бірақ іс жүзінде бірде бар, бірде жоқ жылу әлі толық тұрақталмады деп шағынады жұрт.

Риддер тұрғыны Қайыржан Оразбеков суық пәтерінің бір бөлмесін электр пешпен жылытуға мәжбүр екенін айтады. ШҚО, 8 қараша 2022 жыл.

Риддерде тұратын Қайыржан Оразбеков бәрінен бұрын суық үйде тастай сумен ыдыс-аяқ жууға мәжбүр қарт анасын аяйды. Ол бірнеше күннен бері үйдегі бір ғана бөлменің есігін қымтап жауып, ішін электр пешімен жылытып жан сақтап отырғанын айтады.

"Бір бөлменің есігін ашпай, электр жылытқыш (обогреватель) қосып қоямын. Сонда іші жылып тұрады. Өйткені зейнеткер анамның жағдайына алаңдаймын" деді ол Азаттық тілшісіне.

Светлана Худякова есімді тағы бір тұрғын таяуда ғана ауруханадан шығыпты. Оған дәрігер "үйде жылы оранып, денсаулығыңызды күтіңіз" деп кеңес берген.

Риддер тұрғыны Светлана Худякова. ШҚО, 8 қараша 2022 жыл.

"Таяуда ғана ауруханадан емделіп шықтым. Бүйрегіме операция жасады. Маған суық тигізуге болмайды. Бірақ дірдеңдеп отырған қазіргі түріме қараңыз" дейді Худякова ренішпен.

"Рассвет" пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Елена Каиль Риддерде жылыту маусымы басталғалы жылу құбырындағы температура екі күн ғана талапқа сай болды, ал ыстық су шілдеден бері жоқ деп шағынды.

"Кейінгі апат (авария) 5 қарашада болды. Содан бері суық үйде отырмыз. Халық жылытқыш көп қосқан соң электр желісіне күш түсіп, жарық та жиі өшіп қалып жатыр. Егер жағдай тұрақталмаса, қыс ішінде қаланың бүкіл орталық жүйесі қатып қалайын деп тұр" деді ол 8 қарашада Азаттық тілшісіне.

Риддер қаласындағы "Рассвет" пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Елена Каиль. 8 қараша 2022 жыл.

"СОВЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ЕСКІ ЖАБДЫҚТАРМЕН ІСТЕГЕН"

Мамандығы энергетик, қоғам белсендісі Денис Данилевский "стратегиялық маңызды нысандарды жекеменшікке беріп, белгісіз адамдарға сеніп тапсыру қауіпті" дейді. Ол "ұлттық құндылыққа" жататын кәсіпорындарды мемлекет иелігінен шығаруға қарсы болған. Былтыр Өскемен мен Шүлбі ГЭС-тері жекешелендіріледі деген ақпарат тарағанда ел президентіне хат та жазған.

"Мемлекет кәсіпорындарды жекеге берсек, олар табыс тауып, экономикаға серпіліс әкеледі деп халықты сендірді. Сөйтіп кейбіреуін тиын-тебенге, кейбірін тіпті тегін бере салды. Оның салдары қалай болғанын, міне, Риддер жылу электр орталығындағы жағдай көрсетіп отыр. Меншік иелері жаңадан ештеңе істемей, сонау совет тұсындағы ескі жабдықтарды қолдануды ғана білген екен, соған көзіміз жетті" деді Денис Данилевский.

Ауладағы ойын алаңы. Риддер, ШҚО, 8 қараша 2022 жыл.

Ол жергілікті билік қаланы жылумен қамтамасыз ететін нысанның меншік иесі жайлы айтуға жергілікті билік құлықсыз дейді.

"Риддер ЖЭО 1997 жылдан бастап жеке меншікте. Әуелі америкалық AES компаниясы алды. Кейін 2018 жылы қазіргі иесі "Green Energy Q" компаниясы сатып алды. Бірақ, неге екені белгісіз, біраз уақытқа дейін кәсіпорынның жаңа иесі туралы қала әкімдігі ештеңе айтқысы келмеді. Ашық дереккөздерден компанияның Алматы қаласында тіркелгенін, бес қызметкері бар шағын кәсіпорын екенін білеміз. 2020 жылғы наурыз бен 2021 жылғы ақпан аралығындағы өндіріске жұмсаған шығыны – 2,089 млрд теңге, ал табысы – 1,498 млрд теңге. Мұндай шығынмен қалай жұмыс істеді, ақша қайдан келіп жатыр екен?" дейді Данилевский.

Энергетика саласы бойынша сарапшы, экономист Петр Своик Риддердегі проблемаға алдымен билік жауапты деп есептейді.

"ЖЭО жекеменшік компания иелігінде, бұл нені білдіреді? Яғни, меншік иесі өзінің табысты, өндірістің пайдалы болуын, оған қоса қалада жылу мен энергия бағасы тым қатты көтерілмеуін де алдын ала ойластырып, болжам жасап, баланс сақтап отыруы керек деген сөз. Ал олай істеу мүмкін емес нәрсе. Себебі халықтың төлем қабілеті онсыз да төмен. Сондықтан қожайынға ештеңе дей алмаймыз, сұрақты тек жергілікті билікке қоямыз: неге олар жекеге сатып жіберді? Әлбетте, кәсіпорынды мемлекетке қайтару қажет және ЖЭО жұмыс істеп тұра алатындай, ал халыққа ауыр салмақ салмайтындай теңгерімді шешім табу керек деп ойлаймын. Мемлекеттік қолдау арқылы тарифті тым қатты көтермей, бақылауда ұстау керек" дейді Своик.

Ал Денис Данилевский егер "Риддер ЖЭО" мемлекет иелігіне алынып, бюджет қаржысына жөнделетін болса, кейін тағы да жекешеленіп кете ме деп қауіптенеді.

"Мұндай мысал біздің елде аз емес. Бұл тағы да проблеманың қайталануына әкелуі мүмкін. Оның үстіне президент Тоқаев жекешелендіру жалғасатынын бірнеше рет айтқан" деді ол.

Жайма базарда сауда жасап тұрған адамдар. Риддер, ШҚО, 8 қараша 2022 жыл.

ТЕК ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ "КІНӘЛІ" МЕ?

Риддер қаласы жылусыз қалған күндері халық атқарушы билік пен ЖЭО басшылығына көп сын айтты.

Олар әкімқаралар тек бос уәдемен жарылқайды деп ренжиді. Мысалы, шілдеде жылыту маусымына дайындық мәселесі бойынша кеңес өткізген облыс әкімі Даниал Ахметов "қала мен аудандар әкімдері барлық жөндеу жұмысын бақылауда ұстайтынын" айтқан. Оның орынбасары Ержан Нұрбаев "Риддер ЖЭО" компаниясына іссапармен барғанын, мекемеде жөндеу жұмыстары ішінара аяқталып жатқанын Риддер әкімі Дмитрий Горьковой инстаграм парақшасына жазған. Осы постының астында да қала әкімі "барлығы жоспар мен кестеге сай келе жатыр" деп сендірген еді.

Риддердегі Мәдениет сарайы. ШҚО, 8 қараша 2022 жыл.

Облыс әкімі Даниал Ахметов қазіргі қалыптасқан жағдайға ЖЭО басшылығы мен қызметкерлерін кінәлі санайды.

"Турасын айтқанда, Риддер жылу электр орталығында шиеленісті жағдай [қалыптасты]. 5 қарашада сағат 10:40-та багер сорғысында қиындық туды. Бұл фактіге қызметкерлер дұрыс назар аудармағаны өте өкінішті. Салдарынан багерді су басты" деді облыс әкімі. Ал кәсіпорын басшылығы туралы: "Тұрғындар неге мұндай жағдай болып жатыр деп сауал қойып жатыр. Өкінішке қарай, оның бір себебі – жылу көзі басшылығының өз нысанына немқұрайды қарап, сапасыз және тиімсіз жөндеу жүргізуі" деді Ахметов. Әкім қазіргі кезде ЖЭО-ны қаланың коммуналдық меншігіне қайтару мәселесін қарастырып жатқанын да айтты.

Осы күндер ішінде ЖЭО басшылығы өз атына айтылған сын-айыптауларға жауап қатпады. Азаттық тілшісі бірнеше рет хабарласып, мәселеге байланысты пікір алуға талпынғанымен, бұл мәселе жөнінде сөйлесуге құлық танытпады.

Қазір облыс прокуратурасы ЖЭО басшылығына қатысты "міндетіне салғырт қарау" фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Риддер қаласындағы көпқабатты ескі тұрғын үйлердің бірі. ШҚО, 8 қараша 2022 жыл.

Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой 9 қарашадағы жағдай бойынша, ЖЭО-дағы №1, №2 және №3 қазандықтар іске қосылды, үйлер "біртіндеп жылып келеді" деп хабарлаған.

"Алдағы уақытта төртінші және алтыншы қазандықтарды қалыпқа келтіреміз. Олар жылыту маусымында үздіксіз жұмыс істесе, барлығы жақсы болады. Ал ортадағы бесінші қазандықтың жағдайы өте нашар. Оған тағы да мамандар алдырып, көп жұмыс істеу керек болады" деді Риддер әкімі Дмитрий Горьковой жергілікті блогер Александра Осиповаға берген сұхбатында.

Риддер қаласы, Шығыс Қазақстан облысы, 8 қараша 2022 жыл.

Жергілікті билік жағдай біртіндеп тұрақталады деп сендіруге тырысқанымен Риддер тұрғындарының көңіліндегі алаң сейілмей отыр.

"Бұзылған қазандықтар жылдам жөнделіп, халыққа жылу қашан беріледі, қазандықтар қыста тағы да істен шығып қалмай ма?" деген сауалға ешкім кесіп жауап бере алмайды. Қалада жарияланған төтенше жағдай әлі күшінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Өскемен 2050 жылға дейін металлургия зауыттарына тәуелді болып қала бермек. Қалаға бұл қаншалықты қауіпті?Өскеменнен 35 шақырым Айыртау тұрғындары таза суға мұқтаж Қазақстан Еуроодаққа былтырғыдан екі есе көп көмір сатқан. Ал ішкі нарықтың жайын кім ойлайды?"Сиқы кеткен қала". Қайтадан облыс орталығына айналған Семейдің қазіргі жағдайы"Уәдеге тойып болдық, бізге ауыз су керек". Билік бұл мәселені қашан шешеді?