Киік пен оны қорғаушыға төнген қауіп

Киіктің (ақбөкен) ұрғашы я еркек екенін мүйізіне қарап ажыратуға болады. Ұрғашы киікте мүйіз болмайды. Пайдакүнемдер жануарды қара базарда үлкен сұранысқа ие мүйізіне бола заңсыз аулайды.

"Қызыл кітапқа" енген бұл жануар бір кездері Азиядан Еуропаның батысына дейінгі ұлан-ғайыр аумақта еркін жайылып жүретін. Қазір киіктің негізгі бөлігі Қазақстанда тіршілік етеді. Оларды Ресей мен Моңғолиядан да кезіктіруге болады.

Зерттеушілер дерегінше, киікті дөңес тұмсығы жаздыгүні – шаңнан, қыстыгүні суық ауадан қорғайды.

Ақбөкеннің саны бір ғасырға жуық уақыт ішінде бірнеше рет күрт азайып, кейін қайта көбейген. 1920 жылдары Совет билігі құрып бітуге шақ қалған киікті атуға тыйым салған. 2015 жылы Қазақстанда індет салдарынан бірнеше апта ішінде 150 мыңнан аса киік (әлемдегі санының 62 проценті) қырылған.

Соңғы мәліметтер бойынша, қазір киік саны қайта өскен. 2019 жылы Қазақстанда жүргізілген санақ қорытындысы бойынша, ақбөкен саны 150 мыңнан 334 мыңға артқан.

Бірақ киікке төнген қатер әлі сейілген жоқ. Қытайда мүйізіне сұраныс жоғары киікті заңсыз аулау жалғасып келеді.

Гонконг билігі тәркілеген контрабандалық заттар. Киік мүйізінен жасалған "Деток" өнімі Қытайда кең танымал. 2018 жылы Сингапурде тұратын қытайлар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына қарағанда, азаматтардың 13 проценті киік өнімдері бар дәрі-дәрмекті тұтынатынын айтқан.

Сондықтан жануарлар әлемін қорғайтын инспектор жұмысы киік саны кеміп кетпеуі үшін аса маңызды саналады. Бірақ Қазақстанда бұл кәсіп иесінің өзіне төнетін қауіп те ұлғая түскені байқалады.

2019 жылғы қаңтарда республикалық "Охотзоопром" мекемесінің жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Ерлан Нұрғалиев (суретте) пен оның әріптесі киікті заңсыз аулап жүргендерді ұстаған кезде браконьерлердің бірі Нұрғалиевті ауыр затпен ұрып жаралаған. Басына қатты зақым келген ол екі күннен соң ауруханада көз жұмды.

Биыл шілденің 23-іне қараған күні "Охотзоопром" мекемесінің тағы бір инспекторы Қаныш Нұртазинов браконьер қолынан қаза тауып, оның әріптесі Самат Оспанов жараланды. Заңсыз киік аулап жүрген адамдар өздерінің ізіне түскен инспекторларға қарудан оқ атқан. 43 жастағы Нұртазиновтың артында әйелі мен төрт баласы қалды.