"Ең тартысты" ойында италиялықтар жеңді

Англия-Италия ойынынан көрініс. Ағылшын шабуылшысы Уейн Руни (ақ формалы) бірнеше мәрте доп сала алмады. Киев, 24 маусым 2012 жыл

Италия құрамасы Англия командасын ойын соңындағы пенальтиден ұтып, Еуропа чемпионатының жартылай финалына шықты. Азаттық сарапшылары «Италия жеңіске лайық болды» дейді.

Ойын бірден қос команданың өткір шабуылдарымен басталды. 4 минутта Де Россидің алыстан тепкен добы қақпа бағанасына тиді. Араға екі минут салып, англиялық Глен Джонсон айып алаңына еніп, допты жеті метр жерден тепкен. Буффон бұл допты қақпаға дарытпады. Осыдан кейін Италия құрамасы Джо Хард қақпасына 11 рет қауіп төндірді. Ал Англия ойыншылары Буффонды 4 мәрте мазалапты. Жалпы, бірінші тайм «тыныш» өтті. Төреші Педру Проенса футболшыларға ескерту берген жоқ. Қосымша уақыт та қоспады.

ПЕНАЛЬТИГЕ ҰЛАСҚАН ТАРТЫСТЫ ОЙЫН

Екінші тайм да италиялық Де Россидің қауіпті шабуылынан басталды. «Рома» шабуылшысы есепті ашатын тағы бір ұтымды сәтті пайдалана алмады. 52 минутта тағы да сол Де Росси Джо Хард қақпасын көздеді. Қақпашы оның добын қайтарған еді. Кері ұшқан допты Рикардо Монтоливо қайта тепті. Бірақ доп қақпадан биік кетті.

Италия құрамасының ойыншысы Пирло гол сақты. Италия - Хорватия кездесуі. Польша, Познань, 14 маусым 2012 жыл.


Осыдан кейін Рой Ходжсон ойынға екі тың шабуылшы қосты. Тео Уолкотт Джеймс Милнерді алмастырса, Дэнни Уэлбектің орнына Эндри Кэролл шықты.

80 минутта Италия құрамасы сапында белсенді қимылдаған Де Россиді Антонио Ночерино алмастырды. Матчтың негізгі уақытында италиялықтар да, ағылшындар да алма-кезек шабуыл жасағандарымен, гол салған ешкім болмады. Ойын 30 минуттық экстра-таймға ұласты.

102 минутта италиялық Александро Диаманти тепкен доп бағанаға тиіп, аутқа шығып кетті. 115 минутта Антонио Ночерино гол салған. Бірақ офсайд... Сөйтіп, 120 минут бойы гол соғылмады. Ойын пенальтиге ұласты. 11 метрлік футбол лотереясында Италия жеңіске жетті – 4:2.

Италия тарапынан Балотелли, Пирло, Ночерино, Диаманти пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Ал Рикардо Монталливо соға алмады.
Англиядан Стивен Джеррард, Уэйн Руни сенімді ақтағанымен, қос Эшли -Янг пен Коул тепкен доп қақпаға кірмеді. Янгтікі бағанаға тисе, Коулдікін Буффон қайтарды.

«ИТАЛИЯНЫҢ ЖОЛЫ БОЛДЫ»

Футбол сарапшысы Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, бұл ойында Италияның жолы болды.

- Еуропа чемпионаты пенальтисіз қызықсыз. Пенальти –кез келген Еуро-турнирдің дәстүрі. Жалпы Еуропада әлсіз команда жоқ. Бұл екі құраманың деңгейі бірдей. Италияның сенгені Балотелли болған. Бірақ «Супер Марио» көп мүмкіндіктерін жіберіп алды. Ағылшындардан Рунидің жолы болмады. Негізі, екі команда да ойынның пенальтиге ұласатынын білген сияқты. Италияның бұл ойында жолы болды, - дейді ол.

Англия командасының жанкүйерлері. Киев, 14 маусым 2012 жыл.


Ермұхамед Мәуленнің айтынша, «Италия үшін жартылай финал қиын болады».

- «Ежелгі жау атыспаққа жақсы» дейді ғой. Германия мен Италия 2006 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында кездесіп, италиялықтар жеңіп кеткен. Бұл жолы «неміс машинасы» есе қайтаруға тырысады. Шыны керек, қазір екі команданы салыстырсақ, Германия мықты. Немістерде мықты ойыншы көп. Ал Италияда Пирло, Балотеллиден басқа көзге ілінетін ойыншы аз.

«ТУРНИРДЕГІ ЕҢ ТӘРТІПТІ МАТЧ»

Ал футбол жанкүйері Бабыр Байменов бұл ойынға «турнирдің ең тартысты матчы» деген баға берді.

- Италия жеңіске лайық болды. Қай жағынан алып қарасақ та олар басым ойнады. Италия құрамасы – осы турнирдегі жұмбақ командалардың бірі. Жанкүйердің көбі бұл ойында Англия шығады деп жоспарлаған. Және ағылшындардың өздері Италиядан дәл осындай тегеурінді қарсылық күтпеді. Ал Англияның бүгін ойыны келіскенімен, жолы болмады.

Спорт комментаторы Рауан Оқас матч алдында «бұл ойын пенальтиге ұласады» деген болатын.

- Екі команданың қазіргі мүмкіндігі бірдей. Ойын пенальтиге ұласады. Және футбол лотереясында Англиядан гөрі, Италияның жолы көп болады. 2006 жылғы әлем чемпионатының финалын еске алсақ жеткілікті, - деген еді спорт комментаторы.

2006 жылғы әлемдік сынның финалында Италия Францияны пенальтиден ұтып, чемпион атанғаны белгілі.

Италиялық жартылай қорғаушы Де Россидің аяғындағы сурет. Польша, Познань, 9 маусым 2012 жыл.


Футбол төрешісі Еркін Шәкірұлының айтуынша, «Бұл ойын - осы турнирдегі ең тартысты да, тәртіпті өткен матч».

- Португалиялық төреші өте жақсы жұмыс істеді. Осы ойыннан кейін, Педру Проенса финалдық ойынға төрелік етуге кандидаттардың бірі болуы ғажап емес, - деді қазақстандық төреші.

Еркін Шәкірұлы да бұл ойында Италияның жеңісін заңдылық деп отыр.

- Италиялықтар 30-дан астам шабуыл жасап, жеңіске жете алмаса, үлкен өкініш болар еді. Ал Англия Италияның тактикасын «оқимыз» деп опық жеді. Жартылай финалдағы Италия мен Германия ойыны жайлы қандай да бір ой айту қиын. Әрине, көп жұрт немістерді фаворит санайды. Бірақ Италия да әлсіз емес. Бүгінгі ойында Италия емес Англия фаворит болған. Бірақ олар жеңілді. Демек, жартылай финалда да күтпеген нәтиже тіркелуі ғажап емес, - деді ол.