Корейлер өз көрін өзі қазуға мәжбүр болған. Корея соғысына 70 жыл

1950 жылы 25 маусымда Кореяның солтүстігі оңтүстігіне басып кіріп, үш жылға созылған соғыс басталды. Соғыс құжат бойынша әлі аяқталған жоқ. Фотографтар 70 жыл бұрын басталған соғыстың қалай өрбігенін суреттер арқылы баяндайды.​

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталарда Совет Одағы мен АҚШ Корея түбегін Жапониядан азат етіп, бірі түбектің солтүстігін, бірі оңтүстігін қарамағына алды.

Совет әскерінің 1945 жылы Корея түбегінде Жапон әскерімен шайқасқа түскен сарбаздары.

Екі ядролық алпауыт түбекті тастап шыққан соң 1950 жылы 25 маусымда Солтүстік Кореяның коммунист диктаторы Ким Ир Сен екі елді бөліп тұрған 38-параллельді басып өтіп, Оңтүстік Кореяны жаулап алмақ болады. Ким Ир Сен шабуылды бастау үшін Иосиф Сталиннің мақұлдауын алған деседі.

Совет танкілеріне мінген Солтүстік Корея әскері Сеул қаласында. 1950 жылдың маусым айы, соғыс басталғалы санаулы күн өткенде.

Оңтүстік Кореяның әскері бастапқыда күш көрсете алмай, шегінуге мәжбүр болды. Совет Одағының Шпагин пулеметімен, артиллериясымен және T-34-85 танкісімен қаруланған Солтүстік Корея сарбаздары көршілерінің әскерін оңтүстікке қарай ысырып, Сталинизмнің кореялық нұсқасын орнатқысы келді.

БҰҰ-дағы АҚШ делегаты Уоррен Остин советтік Шпагин пулеметін ұстап тұр. Корея түбегінде АҚШ әскерінің қолына түскен бұл қару Сталиннің Солтүстік Кореяға қолдау білдіруінің дәлелі ретінде көрсетілді.

Әлем елдері 1930-жылдары нацистік Германияға “ілтипат” білдіргені үшін ыңғайсыз күй кешкендіктен, Кореядағы агрессияға тойтарыс беру идеясы оңай қолдау тапты. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 7-1 дауысымен (Югославия ғана қарсы дауыс берген) “[Оңтүстік Кореяға] әскери шабуылға тойтарыс беру үшін және аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік қалпына келтіру үшін” әскер жіберуді мақұлдады.

Совет Одағы 1950 жылдың қаңтарынан Қауіпсіздік кеңесіне бойкот жариялап, Корея соғысы жөніндегі жиынға қатыспады. Тарихшылардың айтуынша, Совет Одағы дауыс беруге қатысқанда, резолюция қабылданбауы мүмкін еді, себебі кеңестің тұрақты мүшесі ретінде оның вето құқығы болды.

АҚШ әскерінің Кореяға келуі. 1950 жылдың шілде айы.

БҰҰ-ның қолдауымен АҚШ коммунистердің оңтүстікке жылжуын тоқтатуға тырысты.

Солтүстік Корея әскері өлім жазасына кескен АҚШ сарбаздарының бірі. Олар шілденің басында Сеулдің оңтүстігінде тұтқынға түскен.

АҚШ-тың алғашқы әскери күштері саны жөнінен де, жабдықталу жөнінен де қарсыласына жол берді. Танкіге қарсы қарулары коммунистердің T-34 танкілерін тоқтатуға қауқарсыз болды. Сөйтіп АҚШ-тың басында жіберген 400 сарбазының, 60-ы қаза тауып, 82-і тұтқынға түсті.

Ұрыс кезінде досынан айрылып, қайғы жұтқан сарбазды өзге бір сарбаз жұбатып отыр. Артқы жақта әскери санитар қайтыс болғандардың биркаларын толтырып отыр. 1950 жылдың тамызы.

Көп ұзамай коммунистер БҰҰ күштерін Корея түбегінің оңтүстік шығысына - 230 шақырымға созылатын Пусан периметрінің арғы жағына ысырып тастады.

АҚШ сарбаздары Пусан периметрінде. 1950 жыл.

Қорғаныс сызығына айналған Пусан периметріне Солтүстік Корея күштері жан жақтан соққы берді. БҰҰ өз қарамағындағы шағын аймаққа әскери күш пен жабдықты аямай жіберді.

Кореяға келген Эфиопия әскері. БҰҰ күштері негізінен АҚШ сарбаздарынан тұрғанымен, олардың қатарында оннан аса елдің әскери контингенті болды.

Күзге таяғанда БҰҰ күштерінің қолбасшысы АҚШ генералы Дуглас Макартур тәуекелге барып, Инчхон портына теңізден соққы жасайды. Коммунистер портты жаулап, алға кетіп қалған болатын. Соққы олардың артынан тиді.

Әскер мен қару-жарақтың Инчхон портына түсірілген сәт. 15 қыркүйек 1950 жыл.

Батыс әскерлерінің Инчхонды жаулап алуы соғыстың шешуші сәтіне айналды. Коммунистер жүздеген шақырым жердегі Пусан периметрін кесіп өтуге тырысып жатқанда, БҰҰ әскерлері Сеулге қарай жылжыды.

АҚШ әскері Сеул ішіндегі ұрыс кезінде. 20 қыркүйек 1950 жыл.

Коммунистер қолынан қаза тапқан корейлердің денелері. Коммунистер Тэджоннан шегінгенде шамамен 400 бейбіт тұрғынды өлтіріп кеткен. Куәгерлердің айтуынша, корейлер өз көрін өзі қазуға мәжбүр болған.

БҰҰ-ның өкінішіне қарай, Оңтүстік Кореяның басшысы - АҚШ-та білім алған Ли Сын Ман жемқорлыққа жақын болып, саяси тұтқындарды өлім жазасына кесті. Бұл БҰҰ-ның соғысқа араласуына теріс сипат берді.

АҚШ сарбазы Совет одағының басшысы Иосиф Сталиннің суретін ұстап тұр. Ол мұны Солтүстік Кореяның қараусыз қалған бункерінен тауып алған. 1950 жылдың қарашасы.

АҚШ сарбазы Солтүстік Корея әскерінде қызмет еткен екі жасөспірімді тергеп жатыр. 18 қыркүйек 1950 жыл.

Тұтқынға түскендер тізіліп жүріп бара жатыр. 26 қыркүйек 1950 жыл.

Қазан айына таман БҰҰ әскерлерінің үлкен күшпен соққы беруі және Инчхондағы күтпеген шабуыл коммунистерді шегінуге мәжбүрледі.

Солтүстік Корея танкісі Сувон қаласының маңындағы көпірден өтіп бара жатып, әуе шабуылын тап болған. 7 қазан 1950 жыл.

Көп ұзамай БҰҰ күштері қатары азайған коммунист әскерін 38-параллельдің арғы жағына ысырып тастады. Осы кезде БҰҰ күштері арасында Солтүстік және Оңтүстік Кореяның формалды шекарасы - 38 параллельден тоқтауы тиіс пе, әлде ілгерілей беруі қажет пе деген сұрақ төңірегінде қызу талқы жүрді. Ресми Вашингтон Кореядағы әскерінің басшылығына шекарадан тоқтап қалмай, 38-параллельдің солтүстік жағына өтіп, Солтүстік Кореяның әскерін талқандауды бұйырды.

АҚШ әскери кемесі 1950 жылғы 21 қазанда Солтүстік Кореяның Чхонджин қаласындағы базасын шабуылдап жатыр. БҰҰ теңіз бен әуе кеңістігін толық бақылауда ұстады.

Бірақ бұл кезде Қытай құпия түрде соғысқа араласа кетті. Ресми Пекин жеңіл қаруланған, бірақ тәжірибесі мол мыңдаған “еріктілерін” Солтүстік Кореяға жіберіп, БҰҰ күштерін тоқтатуды көздейді.

АҚШ сарбаздары коммунистерге қарсы әуе шабуылына қарап тұр. 1950 жылдың желтоқсаны.

1950 жылдың соңына қарай Совет Одағының үрей туғызар Миг-15 әскери ұшақтары (мына суреттегісі фотокамераға 1963 жылы түскен) Солтүстік Кореяның әуе кеңістігінен көрінді. Олардың көбін Совет Одағының тәжірибелі ұшқыштары басқарды. Ұшқыштар Қытай әскер киімін киді деседі. Кремль ұшқыштарының Кореядағы әуе шайқасына қатысқанын жоққа шығарды. АҚШ ұшқыштары әуе шайқасы кезінде радиодан жау ұшқыштарының орыс тілінде боқтасқанын естідік деген.

АҚШ әскері Қытай әскерінің “күтпеген шабуылына” тап болған сәт. 1950 жылдың желтоқсаны.

Қытайдың айбатты әскеріне тап болған БҰҰ күштері шегінуге мәжбүр болады. Шегіну кезінде Қытай әскері жан-жақтан шабуылдап отырды. АҚШ генералының “Шегіну? Оттапты. Біз шегініп жатқан жоқпыз, біз тек басқа жақтан шабуылдап жатырмыз” ("Retreat, hell! We're not retreating, we're just advancing in a different direction.") деген танымал сөзі осы кезде айтылған.

БҰҰ күштері Солтүстік Кореядағы Хыннам портын тастап шығып, көшіруге жарамайтын зауыттары мен жабдықтарын жарылғыш затпен жойып бара жатыр.

БҰҰ әскері мен жабдығы парашютпен жерге қонып жатыр. 1951 жыл.

Солтүстік Кореядан шегінген БҰҰ әскері қайта күшейген коммунистерді тағы да тоқтатуға кіріседі.

Оңтүстік Кореядағы Хвенсон маңында тұтқынға түскен Қытай сарбаздары. 1951 жылдың наурызы.

1951 жылы жазға қарай соғысып отырған елдердің басшылары келіссөз жүргізуге тоқтам жасайды.

АҚШ сарбаздары миномет снарядтарынан қорғану үшін траншеяда бой тасалап жатыр.

Бірақ бейбітшілік орнату жөніндегі келісім өте баяу жүрді. Тіпті екі тараптың делегациялары бір-біріне екі сағат 11 минут үнсіздікпен қарап отырған кез болған. Әскердің шабуылдауы, кореялықтардың зардап шегуі жалғаса берді. Тараптар келіссөз кезінде ұтымды жағдайда болу үшін әскери шабуылын үдете береді.

АҚШ әуе шабуылының Вонсандағы қойманы жарып жіберген сәт. Солтүстік Корея, 1951 жыл.

Ақыры 1953 жылы 27 шілдеде БҰҰ күштерінің қолбасшысы ұрысты тоқтату жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл келісім Кореяны 38 параллель бойынша екіге бөлді. Алайда бейбітшілік туралы келісімге сол күйі қол қойылмады. Бұл дегеніңіз - техникалық тұрғыда Корея соғысы әлі аяқталмады деген сөз.

Оңтүстік кореялық бала Инчхондағы шайқас кезінде көшеде жалғызсырап отыр. 1951 жыл.

Соғыс шамамен 3 миллион адамның өмірін қиып, Корея түбегіндегі көптеген ірі қаланы жайпап кетті. Қаза тапқанның көбі - қарапайым корейлер.

Жараланған АҚШ сарбазы. 1950 жыл.

Қорғаныс департаментінің дерегінше, АҚШ соғыс кезінде 33 686 адамынан айрылған. Бұл - БҰҰ күштері арасындағы кісі өлімінің 90 пайызы.

Корея түбегінің ғарыштан түсірілген суреті. Суретте жарығы жоқ Солтүстік Корея мен жарығы көп Оңтүстік Корея.

Соғыстан бергі жетпіс жыл ішінде Солтүстік халқы кедей басшысы диктатор тоталитар ел болып қала берді. Ал Оңтүстік әлемнің ең демократиялы әрі дамыған елдерінің біріне айналды.