Ілияс Есенберлинге арналған көрме

Қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына арналған «Халық жүрегіндегі қаламгер» атты мемориалдық көрменің баннері. Мемлекеттік орталық музей, Алматы, 5 маусым 2015 жыл.

Қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің балалары (солдан оңға қарай): Дильфуза, Раушан және Қозыкөрпеш.

Көрмеге Ілияс Есенберлиннің жеке заттары, оның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар – фотосуреттер, қолжазбалар, хаттар, кітаптар, картиналар қойылған. Солардың арасында жазушының жұбайы Диляра Жүсіпбекованың қолынан шыққан заттар да бар.

Көрменің ашылуында сөйлеген ақын Олжас Сүлейменов «Көшпенділер» тарихи трилогиясын жазған жазушының еңбегін ерлікке балады. «Ол өз борышын орындады. Ал оның ісін жалғастырмауымыз – түсініксіз» деді ақын. Ұйымдастырушылар көрменің ашылуына Қазақстан Жазушылар одағына мүше көптеген адамға шақыру жіберген. Бірақ, келгені жалғыз Олжас Сүлейменов қана. «Сірә, қазіргі заман, тарих туралы роман жазудан қолдары тимей жатқан болар. Ілияс Есенберлинге құрмет көрсетіп, осында келіп бір ауыз пікір айтуға уақыт таппаған әріптестері оның «Қаһарын» және басқа да айтулы шығармаларын да оқымаған-ау деген ой келеді. Кезінде жылпос жазушылардың бірі қойшыларға «Қаһар» кітабының бір данасын бір қойға айырбастағаны есімде. Сол кезде бұл кітапты сондай бағаға сатып алу қалыпты саналатын. Қазіргі мұқабасын керемет етіп шығарып жатқан романдардың арасында шопанның бір қозыға сатып алуына тұрарлық кітап барына күмәнім бар» деді Олжас Сүлейменов.

Алматыдағы мемлекеттік орталық музейде жазушы Ілияс Есенберлинге арналған көрменің ашылуына жүзге жуық адам қатысты.

Жазушы Ілияс Есенберлин бірнеше сыйлықтың лауреаты атанған. Көзі тірісінде оған Қазақ ССР-нің әдебиет саласындағы Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген. Дүниеден өткен соң жазушыға Юрий Домбровский атындағы әдебиет сыйлығы берілді. 1980 жылы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы Ленин атындағы сыйлыққа ұсынылды, бірақ сыйлық берілген жоқ. Жазушының ұлы Қозыкөрпеш Есенберлин сол кезде Ленин сыйлығы комитетінің мүшесі болған Шыңғыс Айтматовқа кейін жазған хатында сыйлықтың неге берілмегенін сұраған. Жауап хатта сол кезде шешім ол сыйлықты социалистік реализмге жазылған шығарма алуы керек деген пәрменге сүйеніп қабылданғаны айтылған.

Жазушы Ілияс Есенберлиннің жары әрі көмекшісі болған Диляра Жүсіпбековаға арналған бұрыш. Оның қолынан шыққан пейзаждар мен натюрморттар да осы көрмеге қойылған.

Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына арналған көрмеге қойылған жазушының жұмыс бөлмесін суреттейтін заттар арасында үстел, жазу машинкасы, кітап сөресі, домбыра бар. Мұндағы заттардың кейбірі жазушының туған жері – Атбасардағы Ілияс Есенберлиннің мемориалдық музейінен әкелінген.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Ленинград майданында соғысқан жазушы Ілияс Есенберлиннің әскери киімдегі суреті, наградалары мен құжаттары да көрмеге қойылған. Соғыстан кейін полковник әрі жазушы Бауыржан Момышұлы қолған қойған мына бұйрық Ілияс Есенберлиннің әскери биографиясы туралы сыр шертеді.

Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына арналған көрменің ашылуында қойылған концертте Алматы қаласындағы жазушының есімі берілген 25-мектеп-гимназия шәкірттері де өнер көрсетті.