АҚШ өкілі Иран министріне Facebook-та көңіл айтты

Иранның сыртқы істер министрі Жавад Зариф.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі анасы дүние салған Иранның сыртқы істер министрі Жавад Зарифке әлеуметтік желі арқылы көңіл айтты.
АҚШ мемлекеттік департаментінің парсы тілін білетін ресми өкілі Алан Эйр Зарифтың анасы Эфат Кашанидің қайтыс болуына байланысты Facebook парақшасында көңіл айтты.

ЭЙРДІҢ ХАБАРЛАМАСЫ

Оның Facebook парақшасындағы жазбасына 70 мыңға жуық адам «ұнайды» деген белгі басқан. Эйр бұл жазбасын Twitter-ге де жариялады. Кашанидің дүние салғанын естіген Эйр «қатты қайғырғанын» айтып, «Құдайдан қаралы отбасына сабыр тілегенін» жазады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің Ирандағы ресми өкілі Алан Эйр.

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Зарифтің анасы желтоқсанның 27-сі түнде, Тегеран ауруханасында қайтыс болған.

Көңіл айта отырып Эйр Құрандағы адам өмірден озғанда жиі айтылатын сөзді келтіреді: «Расында да біз Алланың құлымыз және Оған қайтып ораламыз».

Иран мен АҚШ және оның одақтастары Тегеранның ядролық бағдарламасын талқылап жатқанда шыққан бұл жазба жұрт назарына бірден ілінді. Хассан Роухани президент болып сайланғалы елдің сыртқы саясатында өзгеріс бар екенін әлемге әйгілеу үшін Иран шенеуніктері әлеуметтік желілерді жиі пайдаланып жүр.

ИРАНДЫҚТАР ПІКІРІ

Эйрдің Facebook-тегі хабарламасы ирандықтарды бей-жай қалдырмады.

Мәселен әлеуметтік желіні қолданушы бір азамат Эйрге «Дипломатиялық қарым-қатынасыңыз бен бұл әрекетіңізге алғыс айтамын» десе, тағы біреуі «Араб сөздерін азырақ қолдансаңыз, одан да көп алғыс айтар едім» деп жазады.

Көптеген пікірлердің арасында Иран үкіметінің шенеунігіне көңіл айтқан АҚШ өкілін сынайтындар да бар. Тағы бір ирандық 2009 жылы Махмуд Ахмадинежадты қайта сайлауға қарсы шығып, оққа ұшқан қызды меңзеп, «Неда Ага Солтанның анасына да солай көңіл айтар ма едіңіз?» деп сұраған.

Иран ядролық бағдарламасына қатысты нысанның бірі.

Эйрдің хабарламасы Иранның бірнеше ақпарат агенттігінің сайтына жарияланды, оның ішінде ресми агенттік IRNA да бар.

АҚШ мемлекеттік департаменті ирандықтармен тілдесу үшін қоғамдық дипломатия құралдарын да пайдаланып отыр.

Эйрдің әлеуметтік желі арқылы жазған хатын ирандық шенеуніктермен қарым-қатынастың жаңа әдісі деуге болады.

(Гүлназ Эсфандиаридың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).