Обама мен Буш әкімшілігі Ирак үшін бірін-бірі кінәлады

АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) Ирак премьер-министрі Нури әл-Мәликидің қолын қысып отыр. Вашингтон, 1 қараша 2013 жыл.

Иракта экстремистік топтардың жеңіске жетіп, қалаларды басып алуы АҚШ-тың қазіргі және бұрынғы басшылығы арасында айтыс тудырды. Екі жақ бірін-бірін «тиімді саясат жүргізбеді» деп айыптайды.
Иракта экстремистік топтар күшейіп тұр. Олар тіпті бірнеше қаланы басып алды.

Мұны көрген АҚШ-тың қазіргі және бұрынғы президент әкімшіліктерінің өкілдері бұған қатысты бірін-бірі айыптай бастады.

«БІРБЕТКЕЙ ОБАМА»

Республикалық партия атынан сайланған Конгресс депутаттары бар кінәні Сирияда "әбжіл қимыл жасай алмаған" Обамаға жауып отыр. Олардың айтуынша, «президенттің Ирактан әскерді алып кету шешімі (2011 жыл) асығыстық болған».

Ал Демократиялық партия өкілдері бар кінә Обаманың алдында ел басқарған Джордж Бушта деп санайды. Олар «Иракқа шабуыл жасаған – Буш (11 жыл бұрын). Оның соңы осындай хаосқа ұласты» дейді.

Маусымның 15-і күні CNN телеарнасынан республикалық партия атынан сайланған Конгресс мүшесі Линдсей Грэхэм сөйледі. Ол Обаманы «адасып жүрген оқшау адам» деп сипаттайды.

"Біздің президент – жағдайды бәрінен жақсы білемін деп санайтын бірбеткей адам. Ол Ирактан әскерді алып кетті де, бұл елді құрдымға батырды. Саясатты тез арада өзгерту керек, сонда ғана жағдайды түзей аламыз" дейді ол.
Оқып көріңіз: Ирак пен Сирияның бұрынғы, бүгінгі және болашақ картасы

Ал Обама әкімшілігі: «Бағдат біздің әскерге Ирак сотының алдында иммунитет бермеді. АҚШ солдаттарын Ирак сотынан қорғай алмайтын болған соң, әскерді тегіс алып кетуге мәжбүр болдық» деп мәлімдеген.

СИРИЯДАҒЫ СЫЛБЫРЛЫҚ

2012 жылы президент сайлауында Обамадан жеңіліп қалған республикалық партия өкілі Митт Ромни де кешегі қарсыласын түйреп өтті. Ол NBC телеарнасына:

"Ирак премьері Нури әл-Маликиді АҚШ қарулы күштерінің мәртебесі туралы келісімге қол қойғызуға қауқарымыз жететін еді. Бірақ Обама оны істемеді. Президенттің осы дәрменсіздігінің кесірінен Иракты енді дағдарыс дендеді" деді.
Қараңыз: «Сүннит бүлігін» басуға шиит жасағы аттанбақ

Сенаттағы Демократиялық партия өкілі Карл Левин қазіргі басшылықты жақтап, «Ирактағы жағдайда асығыс қимылдауға болмайтынын» ескертіп:

Сенатор Карл Левин. Вашингтон, 17 шілде 2012 жыл.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын Ирак үкіметі АҚШ әскерін елде қалдыру туралы құжатқа қол қоюдан жеме-жемге келгенде бас тартқан. Сондықтан бұл жерде қандай да бір әрекетке бармастан бұрын жақсылап ойланып алған жөн" деді.

Ал Республикалық партия өкілі Майк Роджерс «Обама әкімшілігі Сирияны үш жыл бойы ұмыт қалдырғандықтан» бұл аймақта «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» атты экстремистік ұйым күш алып кетті» деп санайды.

«Әл-Қаиданың» сүннит тармағына жататын бұл ұйым қазір Ирактың солтүстігіндегі бірнеше қаланы басып алды. Оның сыртында, көршілес ел - Сирияның да біраз бөлігіне ықпалы жүреді. АҚШ Конгресіндегі өкілдер палатасында Барлау комитетін басқаратын Роджерс Fox News телеарнасына:

"[Обаманың] сенімсіздігі бұл ұйымның бас көтеруіне, қаржы жинап, жаттығуына, сөйтіп осы шабуылды бастауына мүмкіндік берді" деді.

Обама әкімшілігі өз атына айтылған бұл сынды орынсыз деп санайды. Олардың айтуынша, «АҚШ Дамаскіні әскери шабуыл жасаймыз деп қорқытып, соның арқасында Сирия президенті Башар Асад химиялық қаруынан бас тартты».

«БУШТЫҢ ӨТІРІГІ»

Демократиялық партияның беделді өкілдерінің бірі Обама әкімшілігін ақтап, «мәселенің түп-тамыры Джордж Буштың 2003 жылғы Иракқа жасаған шабуылында жатыр» деген пікір айтты. Өкілдер палатасындағы Демократиялық партияның жетекші өкілі Нэнси Пелоси:

"Меніңше, біз осыдан 11 жыл бұрын сәтсіз жүргізілген саясаттың зардабын тартып отырмыз" деді.

Джордж Буш АҚШ солдаттары алдында сөйлеп тұр. Техас, 3 қаңтар 2003 жыл.

Пелоси бұрынғы президент Бушты кіналайды. Оның айтуынша, «Буш Ирак диктаторы Саддам Хусейннің қолында жаппай қырып-жою қаруы бар деген желеумен АҚШ-ты шабуыл бастауға мәжбүрлеген».

"Буш әкімшілігі Америка халқына фактілерді бұрмалап көрсетті. Олар бұл ақпараттың жалған екенін біле тұра бізді соғысқа араластырды, жұртты «соғыс өзін-өзі ақтайды», «соғыс тез бітеді», «бізді құшақ жая қарсы алады» деп сендірді, Кондолиза Райстың сөзіне сенсек, «біз соғыс бастамасақ болмайтын болды», «себебі Ирактың қолында түтіндеп тұрған мылтық - ядролық қару бар». Олар Америка халқына осыны айтты ғой. Мұның бәрі, әрине, жалған. Әрі олардың өздері де мұның өтірік екенін білді" дейді Пелоси.

САЛҒЫРТ САЯСАТ

Буштың кезінде билікте болған саясаткерлердің көбі Ирак пен Сирия аумағындағы қазіргі шиеленістерге қатысты ләм-мим деп пікір айтпай отыр. Бұл аймақта Ислам халифатын құруды мақсат еткен экстремистік топтың салған ойранының оларға қатысы жоқ сияқты.

2001-2005 жылдары АҚШ қорғаныс хатшысының орынбасары қызметін атқарған Дуглас Фейт қана Politico басылымына берген сұхбатында «Ирактан АҚШ әскерін алып кетуі Обама әкімшілігінің бұл аймақтағы саясатқа салғырт қарағанын білдіреді» деді. АҚШ-тың Иракқа жасаған шабуылын жоспарлауға қатысқан Фейт:

"Президент әскер кеткеннен кейін бұл елде не болатынын ойлаған жоқ. Ол «соғыс толық аяқталды, іс бітті» деп ойлады" деген.

Оның айтуынша, «Сирия мен Ирак азаматтары үшін және АҚШ-тың ұлттық мүдделері үшін тым қымбатқа түсетін бұл қателік Обамаға «сабақ» болуы тиіс».

Пікірталасқа Буштың жақын одақтасы болған Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр араласты. Өткен аптада вебсайтында жарық көрген мақаласында ол «Ирактағы қазіргі шиеленіске Сириядағы азамат соғысы себеп болды» деген пікір айтады.

Соғысқа қарсы акцияда наразылар қолы қанға малшынған Тони Блэрдің макетін көтеріп шықты. Лондон, 24 қараша 2009 жыл.

Ол «АҚШ Иракқа басып кіріп, Саддам Хусейнді тақтан құлатпағанда, мұндай қақтығыстар қазір болып жатпас еді» деген пікірді жоққа шығарады.

"11 жыл бұрынғы Ирактағы жағдайды талқылауға қайта оралмай-ақ қоялық, біз оны істесек те, істемесек те қазіргі үлкен проблемалар алдымыздан шығар еді" дейді Блэр.

Блэрдің бұл сөзіне Лондон қаласының мэрі Борис Джонсон қатты жауап қайырып, The Telegraph басылымында оны «алжасқан мәлімдемелермен тарихты қайта жазбақшы» деп айыптады.

"Біреу Тони Блэрге барып, аузын жабуы тиіс, не болмаса Блэр бұл елді қандай апатқа ұшыратқанын мойындасын" дейді Джонсон.

(Карл Шрэктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)