Қапастағы 288 күн. Алсу Құрмашева үйіне оралды

Алсу Құрмашева

Азаттықтың Татар-Башқұрт редакциясының тілшісі Алсу Құрмашева жақында бостандыққа шықты. Ол Батыс елдері, Ресей мен Беларусь арасындағы тұтқын алмасу шарасы аясында босатылды. Алсу 288 күнін қамауда өткізді. 19 шілдеде Татарстанның Жоғарғы соты журналисті «әскер туралы жалған ақпарат таратты» деген айыппен түрмеге жапқан. Idel.Реалии сайты Алсудың хикаясы мен журналистің тергеу абақтысынан жазған хаттарын баяндайды.

Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің тілшісі Алсу Құрмашева былтыр мамырда туған қаласы Қазанда тұратын ауру анасының көңілін сұрауға барған. Маусым айының басында Алсу Прагадағы үйіне қайтуы керек еді. Бірақ Татарстан әуежайында журналисті Ресейдің күш құрылымдары ұстап әкеткен. Журналистің қос паспорты мен телефонын тартып алған. Бірнеше күннен кейін журналистің үстінен іс қозғалып, екінші азаматтығы туралы хабар бермеген деген айып тағылды. Қос азаматтыққа ие Алсуда Ресей мен АҚШ паспорты бар.

Тергеу бірнеше айға созылды. 2023 жылы қазан айында Қазан соты журналисті кінәлі деп тауып, оған 10 000 рубль көлемінде айыппұл салды. Алсу күйеуі мен екі қызының жанына оралуға дайындалып жатты.

Бірақ сот үкімі шыққаннан кейін бір аптадан соң журналисті қайта ұстап әкеткен. Алсуды тергеу комитеті басқармасына жеткізіп, журналистің үстінен Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 330.1-бабы 3-бөлімі ("Ресей Федерациясы заңдарында белгіленген өкілетті органға елдегі әскери қызмет туралы үшінші тараптың қолына түссе, Ресейдің қауіпсіздігіне қарсы қолданылуы мүмкін деректер жинайтын тұлғаның шетелдік агенттер реестріне тіркеуге қажетті құжаттар өткізу бойынша талапты орындамауы") бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.

Журналист Алсу Құрмашева сот залында тұр. Қазан, Татарстан, Ресей, 1 сәуір, 2024 жыл.

Алсуды бірнеше күнге уақытша ұстау изоляторына қамады. 23 қазанда Қазандағы Совет аудандық соты тергеушілердің өтінішін қанағаттандырып, журналисті тергеу абақтысына отырғызған.

Алсудың тергеу абақтысынан жазған бірінші хаты достарына журналист қамауға алынғаннан кейін бірнеше күннен соң жеткен.

– Ішімде не болып жатыр дейсіз ғой? Бүгін бірінші рет жыладым… Бұл сұмдық қай кезде басталғанынан жаңылып қалдым. Шынымды айтсам, ешкімнен хат та, сәлемдеме де күткен жоқпын. Бірақ бәрі қолыма тигенде, шыдай алмадым. Көңілім босады. Әсіресе, сыпырғы мен қылшақ ысқыш. Кофе мен халуа – нағыз татар кофесі ғой! – деп жазды Алсу.

Алғашқы хатында журналист йогамен айналысып жүргенін, көп жазып, кітап оқып жатқанын айтып, өзін қолдаған жақындары мен достарына алғыс білдіреді.

– Бүгін 4х6 метрлік алаңға серуенге алып шықты. 1000 метрге жету үшін 40 айналым жүгірдік. Кейін жаттығу жасадық. Қарауыл таңғалды. Тергеу абақтысында мұндай белсенділік сирек болатын сияқты, – деп жазды Алсу 2023 жылғы хатында.

Келесі хаттарында ол төрт адамдық камера суық екенін айтып шағынды.

– Қазір немен айналысып отырсаңдар да, бәрі – маңызды әрі қажет дүние. Мүмкін кофе ішіп немесе сөре ілу үшін қабырғаны перфоратормен тесіп жатқан шығарсыңдар. Сол сәттен ләззат алыңдар, – дейді Алсу.

Желтоқсанда Алсу Құрмашеваның күйеуі Павел Буторин "Америка дауысы" басылымына берген сұхбатында "Алсу Ресейге бару қауіпті екенін білді" деп айтты.

– Бұл – қиын шешім болды, – деді Буторин. – Бірақ Алсу балаларына жақсы ана ғана емес, анасына да қамқор бала. Сондықтан сырқат анасына көмектесу үшін Ресейге барамын деп ұйғарды. Бұл қауіпті сапар екенін білдік, бірақ Алсуды түрмеге жабады деп ойлаған жоқпыз. 2 маусымда Алсуды әуежайда ұстағанда, бірден сөмкесіне қол сұғып, америкалық төлқұжатын тартып алған. Осының бәрі Алсудың АҚШ азаматы болуымен байланысты екенін бірден түсіндік.

Буторин бірінші қылмыстық істің ұзақ тергелуін күш құрылымдарының Мәскеуден бұйрық күтуімен байланыстырады.

Сұхбат жарияланғаннан кейін бірнеше күннен соң, Ресей тергеу комитеті Алсу Құрмашеваның үстінен "әскер туралы жалған ақпарат тарату" деген тағы бір қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер "Idel.Реалии" редакциясы 2022 жылы күзде жариялаған "Соғысқа жол жоқ! Украинаға қарсы басқыншылықты қолдамайтын 40 ресейліктің хикаясы" кітабын сыныққа сылтау қылған.

– Бұл Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдамайтын ресейліктердің әңгімесінен құралған жинақ, – деген желтоқсанның ортасында Буторин. – Заңгер емеспін, бірақ интернеттен Ресей Федерациясының Конституциясын табу қиын болмады. Онда "Ой еркіндігі мен сөз бостандығына кепілдік беріледі", "Азаматтар кез келген заңды жолмен ақпарат іздеп, алып, өндіріп немесе тарата алады", "Бұқаралық ақпарат құралдарына еркіндік беріледі. Цензураға тыйым салынады" деп жазылған. Ресейде жай азаматтардың өзі ойын еркін айтуға құқылы. Ал журналистер осы пікірді жинап, жариялай алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алсу Құрмашеваның қамаудағы 100 күні. Ресей түрмесінде жатқан Азаттық тілшісінің хаттары

"Әскери фейк" туралы қылмыстық іс қозғалмай тұрып, Алсу жақындарына жазған хаттарында төрт кісілік камерада көп адам отырғанын айтқан. Оның сөзінше, түн ортасында жаңа тұтқын әкеледі. Ал камерада төрт төсек-орын ғана бар.

– Сәлем! Халдарың қалай? Менің жағдайым жаман емес, тым құрығанда, әрқайсымыз өз орнымызда жатырмыз, камерадағы адам мен төсек саны тең, – дейді Алсу қарашаның аяғында. – Бүгін кешірек ояндым, өзімді жақсы сезініп қалдым. Камера ішінде махаббат пен жанашырлыққа орын жоқ. Бәрі уақытша, Алла бұйыртса, бәрі тез әрі жақсы жаққа қарай өзгеріп жатыр.

Желтоқсанда Алсу "Екі ай болғанына сене алмаймын. Қамаудағы әр минутым бәріміздің жүрегімізде тыртық қалдырды" деп жазды.

Түрмеге қамалғанына үш ай өткенде журналист "бәрі өзгерді" деген.

– Мен өзгердім, сіздер өзгердіңіздер, хаттар өзгерді. Ұзақ үзілістен кейін сіздер мереке күндері жазған ондаған хат алдым. Сондай мағыналы екен. Өз қорқыныштарыңызды айтып, маған сенім білдіріпсіздер. Басқа жұрт қалған салатты жеп жатқанда, сіздер бойкүйездікке салынбай, меніме ой бөлістіңіздер. Бұл мен үшін баға жетпес нәрсе, – деп жазды Алсу 18 қаңтардағы хатында.

Ол былтыр мамырда Қазанға барғанына өкінбейді.

– Осындай уақытта өз үйіме барғанымды батылдық көріп, тәнті болып жатырсыздар. Бірақ біз осы сәтте өмір сүреміз, басқа уақытымыз болмайды. Уақыт болатын шығар, бірақ ол кезде қазір көмегімізге мұқтаж жандар қасымызда болмауы мүмкін. Жақындарымның жанында өтпеген үш айымды ешкім қайтара алмайды. Отбасым үшін жауаптымын. Кішкентай балаларым, қарт анам – менің жауапкершілігімде. Өмірімізде 2024 жылдың 18 қаңтары қайта айналып келмейді. Бүгін не істедік? Кімге есік аштық? Ертең басқа күн, бәрі басқаша болады. Үстелде ашық терезелер мен есіктер бейнеленген ашық хаттарыңыз жатыр. Сіздер өзіне сенімді, мықты адамсыздар. Өз сұрақтарыңызға міндетті түрде дұрыс жауап табасыздар. Өзіңіз бен өзгелерге есік ашудан қорықпаңыз. Алғысым шексіз, – деп жазды Алсу Құрмашева.

Журналист хаттарының бірінде жаңа жылды "ұйқылы ояу" өткізгенін еске алған.

– Шырша үшін рақмет! Жүйрік көңілге сапалы фотоның өзі жеткілікті. Шыршаның түрі мен иісін білемін ғой, сондықтан елестете аламын. Саяси тұтқынға емес, маған арналған әдемі, саналы хаттар алдым, – дейді Алсу.

Журналиске Прага, Париж, Австрия, Германия мен АҚШ-тан көп хат келген.

"Сондай жылы сөздер. Адам сенгісіз ғажайып. Хаттарыңыз бір ай жүріп жетті", – дейді ол қуанып.

13 қаңтарда Алсу жақындарынан бірнеше хат алғанын жазды. "Хаттар легі қалыпқа келе бастады. Хат-хабарсыз қиналып кеттім. <...> Бәрі баяу әрі адам төзгісіз болып бара жатыр, <...> Күш-қуатты қайдан аламын дейсіз бе? Бойымдағы күшімді сарқымауға тырысамын".

Павел Буторин журналистерге қыздары анасын іздеп, қамығып жүргенін айтқан.

– Ешкім саяси тұтқынның қызы болып өскісі келмейді. Бұл – абырой емес. Отбасымыз ауыр күндерді өткеріп жатыр. Қыздарымның достары мен мұғалімдеріне алғысым шексіз. Қыздардың мектептен, сүйікті ісінен қолы босамайды. Екеуі де гитараны жақсы шертеді. Бұл сәл де болса демеу. Олар жарты жылдан бері анасын көрген жоқ. Алсу бір айдан бері балаларының дауысын естімеді.

Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің тілшісі Алсу Құрмашева (ортада) сот залында. Қазан, Татарстан, Ресей, 1 сәуір, 2024 жыл.

Алсудың жұбайы қыздарымен анасының қамауда отырғаны жайлы күнде сөйлеседі. Кейде бұл тақырып үйде тіпті жиі сөз болады. "Мектепте ел қатарлы жүргісі келеді, жасөспірім балалар ғой. Бірақ үйдегі басты тақырыбымыз – Алсу", – дейді Павел.

Алсудың достары бірінші күннен бастап журналиске әртүрлі газет, көбіне татар тіліндегі басылымдар жіберген. Биыл көктемде Алсу "Безнең гәҗит" ("Біздің газет") басылымы редакциясына хат жазды.

– Қазандағы қарт анам мен ауру ағамның жанына оралғалы 10 ай өтті. 10 айдың жартысын үйде жақындарыма көмектесіп өткіздім. Еш жаққа шығуға рұқсат болмады. Былтыр 18 қазанда мені түрмеге жапты, маған тағылған айыптар әлі күнге ақылға сыймайды, – деген Алсу Құрмашева кезекті бір хатында.

Ол татар тілін, ешкімнен қорықпай, алаңсыз әңгіме айтуды сағынғанын жазады. Алсу бүкіл әлемде мыңдаған адам өз бостандығы үшін күресіп жатқанын айтып, "Бейбіт, тыныш өмір тілеймін" деген.

– Ең үлкен тілегім – мына қапастан тірі шығу. Басқа тілектерім ұмыт болды. Өмірімнің бір бөлігі тарих болып қалды. Қазіргі өмірім де тарихқа айналады, – деді Алсу.

1 сәуірде Алсу Құрмашева қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы сот отырысында бірінші рет әріптестеріне сұхбат берді. Ол кей аурулары асқынып, денсаулығы нашарлағанын, камераның ішкі жағдайы нашар екенін айтқан.

"Денсаулығымды күтуге мүмкіндігім жоқ", – деді Алсу. "Сізге медициналық көмек көрсетіліп жатыр ма?" деген сұраққа журналист "шамалы ғана" деп жауап берген.

– Ерте ме, кеш пе, ақ көйлегімді киіп, осы жерден шығамын. Асықпай, алғыс айтып отырып, сүт қатқан шай ішемін. Өйткені осының өзі баға жетпес дүние екенін білемін. Бірақ мені және жақындарымды осындай күйге түсіргендер өзін қалай сезінеді? Маған үкім оқыған соттар басын тік көтеріп жүре ала ма? Екі баланы анасынан айырып, түрмеге жапқандар қалай өмір сүреді? – деді Алсу "Безнең гәҗит" редакциясына жазған хатында.

Алсудың күйеуі Павел Буторин АҚШ-та әйелінің ісіне қоғам назарын аударуға көп күш салды. Қыздарымен бірге америкалық конгресмендермен, сенаторлармен, шенеуніктермен және қоғам қайраткерлерімен кездесті.

Сәуірдің аяғында АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путинді Алсу Құрмашева мен The Wall Street журналисі Эван Гершковичті босатуға үндеді. "Журналистика – қылмыс емес", – деді ол.

Бір айдан кейін, 31 мамырда Алсу Құрмашева сот отырысына келген журналистер алдына шығып, балалар салған суреттерді көрсетті.

– Ата-аналар балаларының суреттерін жіберіпті. Бұл адамдарды танымаймын да. Мынау – Санкт-Петербургте тұратын 3 жасар қыздың, ал мынау – америкалық баланың суреті. Ата-анасы олардан еркіндік, бақыт, қуаныштың суретін салшы деп өтінген. Бала қиялынан осындай суреттер туған. Биыл жазда осы суреттегі ағаш пен шөптен басқа табиғат көрмедім, сонысымен де құнды. Суреттердің 1 маусым қарсаңында келгені қандай жақсы, – деген журналист.

Алсу 10 адамдық камераға ауысқанда өзін жақсырақ сезінгенін айтқан.

19 шілдеде Татарстанның Жоғарғы соты журналист Алсу Құрмашеваны "әскер туралы жалған ақпарат тарату" бабы бойынша кінәлі деп тауып, 6,5 жыл түрме жазасын кесті. Жабық режимде өткен сот процесі екі отырыспен аяқталды.

АҚШ үкіметі жариялаған суретте америкалық журналист Эван Гершкович (сол жақта), АҚШ теңіз жаяу әскерінің бұрынғы сарбазы Пол Уилан (оң жақтан екінші) және журналист Алсу Құрмашева (оң жақта) Ресей түрмесінен босатылғаннан кейін ұшақта отырғанда түсірілген. 1 тамыз, 2024 жыл.

Ал 1 тамызда Алсу бостандыққа шықты. Ол Батыс елдері, Ресей мен Беларусь қатысқан тұтқын алмасу шарасы аясында босатылды. 31 шілде кешке (Орталық Еуропа уақыты бойынша) Ақ үй АҚШ президенті Джо Байденнің мәлімдемесін жариялады.

Ол Пол Уилан, Эван Гершкович, Алсу Құрмашева мен Владимир Кара-Мурзаның босатылуымен аяқталған келісімді "дипломатиялық ерлікке" теңеді.

– Ресейден жалпы саны 16 адамды босатуға келістік. Оның ішінде Германияның 5, Ресейдің өз елінде саяси тұтқын болған 7 азаматы бар. Олардың кейбірі бірнеше жылдан бері жазықсыз түрмеде отыр. Бәрі көп қорлық көрді. Бүгін олардың азапты күндері аяқталды. Күрделі келіссөздер кезінде бізді қолдап, осындай нәтижеге жетуге көмектескен одақтастарымыз Германия, Польша, Словения, Норвегия мен Түркияға алғысым шексіз, – деген АҚШ президенті мәлімдемесінде.

Байден Ақ үйде де сөйледі. Бұл шараға Алсудың күйеуі Павел Буторин, қыздары Бибісара мен Мириам да шақырылды. АҚШ президенті Мириамға Happy Birthday to you әнін шырқап берді (2 тамызда Мириамның туған күні болды).

АҚШ президенті Джо Байден Алсу Құрмашеваның қызы Мириам Буторинамен бірге тұр. Байден Ресей түрмесінде отырған Пол Уилан, Эван Гершкович, Алсу Құрмашева мен Владимир Кара-Мурза бостандыққа шығатынын хабарлаған шарада түсірілген фото. Ақ үй, Вашингтон, 1 тамыз, 2024 жыл.

Азаттық радиосының президенті Стивен Капус АҚШ үкіметі мен Алсуға Ресей тарапынан жасалған әділетсіздікке қарсы күрескендердің бәріне алғыс білдірді.

– Алсу америкалық журналист болғаны үшін нысанаға ілінді. Ол жай ғана Ресейде қалған туысына қамқор болғысы келді. Ешқандай заңсыздық жасаған жоқ. Оны жақындары мен әріптестерінен жырақта, күштеп қамауда ұстау үлкен әділетсіздік болды, – деді Капус.

Азаттықтың Татар-башқұрт қызметінің директоры Рим Гильфанов редакцияда Алсудың жоқтығы қатты білінгенін айтады.

– Алсу – өз ісінің қас шебері, кәсіпқой, еңбекқор адам. Үнемі көтеріңкі көңіл-күйде айналасына нұр шашып жүреді. Бір жыл бойы бәрімізге Алсудың жылуы жетіспеді. Тезірек жанымызға оралар деп күттік, ақырында сарыла күткен сәтке де жеттік, – деді Рим Гильфанов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей мен Батыс елдері тұтқын алмасып жатыр