Карлаг тұтқындары өздері жайлы музейде болды

Қарағанды облысы Долинка кентіндегі бұрынғы Карлаг басқармасы ғимаратында орналасқан саяси репрессия құрбандарына арналған музей алдында тұрған адамдар. Бүгін музейде ашық есік күні жарияланған.

Қарағанды тұрғыны 84 жастағы Иван Карпинский бұрын Степлагта тұтқында болған. Зауытта токарь болып жұмыс істеген. Ол украин әдебиетін оқығаны үшін тұтқындалғанын айтады.

Бүгін Карлаг музейіне негізінен сол лагерьде тұтқында болған адамдардың ұрпақтары келді.

Қарағандылық 80 жастағы Имран Газимиев «Шахтер даңқы» құрмет белгісін үш мәрте иеленген. Ол тоғыз жасында Шешенстаннан Қарағанды облысына жер аударылған. Бүгін ол Карлаг музейіне алғаш рет келді. Демікпесі бар, жүрегі сырқат қарияға мұндай жету оңайға түспеген.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне байланысты бүгін Карлаг музейіне кіру тегін болды, бірақ оларға музейде суретке түсіруге тыйым салынды. Жай күндері музейге кіру үшін әр адам 700 теңге (төрт доллар шамасында) төлейді.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейге келген бойжеткен. 

Карлагтағы арнайы бөлмеде төрт жасқа дейінгі сәбилерді ұстаған. Оларды емізуге тұтқындағы аналарына күніне үш рет келуге рұқсат берілген. Кейде аналары балаларына тығып бір үзім нан әкелетін. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіндегі бұл бөлмеге бүгін көбінесе әйелдер келді.

Бүгін Қарағанды облысының Долинка кентіндегі музей мен сталиндік репрессияға ұшыраған эстондарға орнатылған ескерткіш ашылған Спасск кентінде Эстонияның бұрынғы президенті Арнольд Рюйтель (ортада) де болды. 

Немістер жағында соғысып тұтқынға түскен испандықтар мен СССР аумағында тұрған, кейін Қарағанды облысындағы Спасск лагерінде айдауда болған испан азаматтарының жеке басының деректері жазылған есеп қағаздары. Қарағанды облыстық мемлекеттік архиві жақында ғана саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне осы лагерьде тұтқында болған испан азаматтары туралы дерегі бар 152 құжат өткізген. 

Испаниядан келген делегация мүшелері саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне жаңадан қойылған экспозициямен танысып тұр. Олардың келуіне орай музей қызметкерлері репрессияға ұшыраған испандықтар туралы арнайы көрме ұйымдастырған. Испания мен Эстониядан келген делегацияларға арналған эксурсияны бүгін осы музейге келген басқа адамдар тарап кеткен соң өткізді.

Эстонияның төтенше және өкілетті елшісі Яан Рейнхольд (оң жақта): «Сайып келгенде, Эстонияда әр отбасы Карлаг қасіретін шеккен. Жер аударылып, айдалғандар әр шаңырақта болған. Эстондар аз халық болғандықтан қатты зардап шеккен. Біз Карлаг туралы осындағы ескерткішті сақтағаны үшін Қазақстан тарапына алғысымызды білдіреміз. Бүгін Спасскіде ашылған ескерткіш – Қазақстанда эстондарға қойылған естелік белгілердің алғашқысы, екінші ескерткішті биыл АЛЖИР-де («отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері», оның музейі Астана маңында орналасқан) орнатпақпыз. Бұл екі халықты біріктіреді, және де Эстония мен Қазақстан тарихшылары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біздің тарихымызды ақтаңдақтардан арылту үшін осының бәрін жалғастыруымыз қажет».

Карлагтағы ер адамдарды қамауда ұстаған камера. Бүгін Долинкадағы саяси қуғын-сүргін музейіне келгендердің кейбірі ол жерде фотосурет мен видеоға түсіруге тыйым салынғанына, өздеріне экскурсия өткізетін ешкім болмағанына кейіс білдірді.

СССР-де 1930-жылдары болған ашаршылық құрбандарына арналған қабырға алдында электрондық деректермен танысып тұрған қыздар.

Музейге қойылған Карлаг тұтқынының жеке ісіндегі деректерді оқып тұрған әйел.