Жер аударылған немістер шығармашылығы

Генрих Фогелердің (1871-1942 жж.) «Революция күрескерлеріне жәрдемдесу халықаралық ұйымының отырысы» атты бұл картина 1924 жылы салынған. Германия компартиясының мүшесі болған Фогелер 1931 жылы СССР-ге қоныс аударған. Германияда билік басына Адольф Гитлер келген сәттен бастап ол саяси эмигрантқа айналған. Мәскеуде тұрып, жұмыс істеген Фогелер ұлты неміс болғаны үшін 1941 жылы қыркүйекте Қазақстанға жер аударылған. Қарағанды түбінде ауылдық ауруханада аштық пен дерт меңдеп қайтып болған. Оның нақты қай жерге жерленгені белгісіз. Генрих Фогелердің Қазақстанға жер аударылғаны қалың жұртшылыққа тек 1980-жылдардың соңында ғана белгілі болған. Қарағандыда Фогелерге орнатылған ескерткіш бар. Қарағанды мұражайында оның үш еңбегі сақтаулы тұр. Олар Мәскеуде, суретшінің ұлынан сатып алынған. Бұл суреттердің барлығы Алматыдағы көрмеге қойылды.

Қазақстандағы «Возрождение» немістер қоғамдық бірлестіктері ассоциациясының төрағасы Александр Дедерер (ортада) ассоциациясы мүшелері және Қарағанды қаласының бейнелеу өнері мұражайының бас маманы Дәмелі Қадырқұловамен (сол жақта) әңгімелесіп тұр.

Көрмеге қойылған туындылардың көбі – 123 шығарма Тараз қаласынан әкелінді. Олардың авторы Леонид Брюммер (1899-1972 жж.) Украинаның Херсон қаласында туған. Ол екінші дүниежүзілік соғыстың алдында Қабардин-Балқар елінің орталығы Нальчик қаласында тұрған. 1941 жылы неміс ұлты өкілі ретінде Павлодар облысына жер аударылған. Өмірінің соңғы жылдары Жамбылда өткен. Өз қолынан шыққан мыңнан аса шығарманы және басқа суретшілердің 20-дан астам жұмысын, сонымен бірге өнер жайындағы өзінің бай кітапхана қорын Жамбыл облыстық өлкетану мұражайына мұраға қалдырған. 2002 жылы Германия елшілігінің қолдауымен Таразда Леонид Брюммердің көркемсурет мұражайы ашылған. Суретте: Леонид Брюммердің автопортреті.

Көрмеде Леонид Брюммердің картиналары автордың Украина (Днепр пейзажы, «Көне Қырым» сериясы және басқалар), Қарабин-Балқар, Павлодар облысы, Жамбылда тұрған өмір кезеңдеріне қарай топтастырылған.

Суретте: Леонид Брюммердің 1917 жылға дейін, Украинада тұрған кезде салған үш суреті қойылған. Сол жақта – Киевтегі шіркеу, оң жақта – Херсон маңындағы Днепр пейзаждары бейнеленген.

«Қазақ қызы» портретін Леонид Брюммер 1944 жылы Павлодарда салған. Тараз қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайының өкілі Елма Ділдебаеваның сөзінше, бұл суреттің «Қазақ Джакондасы» деген бейресми атауы да бар.

Леонид Брюммердің қылқаламынан туған суреттерде Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының автор тұрған кездегі көріністері қалған.

Қарағанды қаласының бейнелеу өнері мұражайының қызметкері Дәмелі Қадырқұлова Қазақстандағы «Возрождение» немістер қоғамдық бірлестіктері ассоциациясының өкілдеріне көрме экспозицияларын көрсетіп тұр. Оң жақта қабырғада – Қазақстанға 1941 жылы депортацияланған немістердің отбасында туып-өскен қарағандылық суретші Виктор Аренттің «Қызғалдақтар» картинасы.

Алматыдағы көрмеге суреттермен бірге екі скульптура қойылған. Олардың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Юрий Гуммель. 1927 жылы туған оның отбасы неміс ұлты өкілдері болғандықтан 1941 жылы Әзербайжаннан Қазақстанға жер аударылған. 1991 жылға дейін Қарағандыда тұрып, еңбек еткен Гумель қазір Германияда тұрады. Ол Қарағандыдағы Нұркен Әбдіровке, Владимир Ленинге қойылған ескерткіштердің қосалқы авторы. Суретте: Юрий Гуммель ағаштан қашап жасаған қазақ күйші-композиторы Құрманғазының бейнесі.

Суретші Александр Вабельдің «Война высшего-беспредметного с предметами» атты еңбегі. Автор 1959 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Авангардтық ағымды таңдаған ол, арнайы білімі болмаса да, өз бетінше сурет салуды үйренген. Неміс экспрессионистерінің ықпалында шеберлігін дамытқан суретші Василий Кандинскийді «рухани әкем» деп санайды. 1996 жылдан бері суретші Одессада тұрады.

Көрмеге шығармалары қойылған суретшілердің ішіндегі жалғыз әйел – Ирина Борхманның (1902-1995 жж.) «Борька» атты суреті. 1941 жылы қыркүйекте тұтқындалып, 1942 жылдың басында «тыңшылық» айыбымен он жылға түрмеге және өмір бойына жер аударуға кесілген Борхман «Қарлаг»-тың Долинка лагерінде жазасын өтеген. 1956 жылы бостандыққа шыққан соң Мәскеуге оралған. Көрмеге қойылған оның жұмыстарының бірі өткен ғасырдың 40-жылдары, бояу өте қат кезде, шошқа қанымен жазылған.

Германияның Алматыдағы бас консулдығының өкілдері Торстен Розен (сол жақта) және Рабан Рихтер (оң жақта) көрме экспозициясымен танысып тұр.

«Ленин серуенде» картинасына салынған эскиздің авторы Владимир Эйферт (1884-1960 жж.) екінші дүниежүзілік соғысқа дейін, 1936-1939 жылдары, Мәскеудегі Александр Пушкин атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайының директоры болған. Соғыс басталған соң неміс ұлтының өкілі болғаны үшін совет билігі оны жер аударған. Негізі Ташкентке баруы тиіс болған ол жаңылысып басқа поезға отырып, арқаның аязды күні үстіндегі жұқа киімімен Қарағанды облысынан бір-ақ шыққан. Кейінірек Қарағанды қаласына қоныс аударған Эйферт өмірінің соңына дейін сол қалада тұрған. Ол өзі суретші болып істеген Сергей Киров атындағы клубта бейнелеу студиясына жетекшілік еткен. Кейін Қазақстанға танылған бірнеше суретші кезінде Эйферттен тәлім алған.

Қарағанды мен Тараз мұражайларынан Қазақстанда әр жылдары тұрған 13 неміс суретшісі салған картиналар Алматыға бір аптаға әкелінді.