Ыстық бауырсақ, сүтті шай. Украинадағы қазақтардың Бучада тіккен киіз үйі

"Мызғымастық пунктіндегі" киіз үйдің бірі. Бучада Ресейдің ракета шабуылының кесірінен жарық пен жылу шектеп беріліп жатыр. Ал киіз үй автономды жылу мен жарыққа қосылған. Жұрт киіз үйге кіріп, жылынып, ұялы телефондарын қуаттай алады.  

Қазақстаннан келген еріктілер киіз үй қонақтарына бауырсақ пен ыстық шай ұсынып жатыр. 

Украин парламентінің депутаты Сергей Нагорняк Facebook желісінде жоба қазақстандық кәсіпкерлер мен Украинадағы қазақ диаспорасы өкілдерінің арқасында пайда болғанын хабарлады. Нагорняктің айтуынша, қазақ үйді кәсіпкер Дәулет Нұржанов Қазақстаннан сатып әкелген. Нұржанов Украинаның Житомир, Винницк, Хмельницк облыстарында кәсіпкерлікпен айналысады.

Бучадағы киіз үйдің ішінде Қазақстан мен Украинаның туы ілінген. 

Буча былтыр 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейінгі орыс әскерінің қатігездігінің символына айналған. Буча бір ай бойы басқыншылар қолында қалған кезде қалада жүздеген бейбіт тұрғын өлтірілген. Қалада адам өлімімен қатар тонау, адам ұрлау, азаптау фактілері болған. Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Бучадағы қырғынды адамзатқа қарсы қылмыс деп атаған. Мәскеу өз әскерінің бейбіт тұрғындардың өліміне қатысы барын мойындамаған.

Украиналық басылымдар киіз үйді тігуге Қазақстанның Украинадағы елшілігі қолдау көрсеткенін жазып жатыр. 

 

Алдағы уақытта Украинада мұндай тағы бес киіз үй тігілмек. 

Украинаның Киев облысында Ресей басқыншылығынан қатты зардап шеккен қаланың бірі Бучада қазақтың киіз үйі тігілді. Бұл киіз үйде "Незламності" яғни, "мызғымастық" пункті орналасқан. Тұрғындар киіз үйге келіп, жылынып, бауырсақ пен тәттіден дәм тата алады.