Әкімдік өз қаулысынан айныды. Ондаған отбасы салған үйінен айырыла ма?

Қала әкімдігінің қаулысымен "Жер Ана 1" кооперативіне берілген жер теліміне салынған үйдің алдында тұрған адам. Шымкент, 10 наурыз 2021 жыл.

Шымкент әкімдігі былтыр қаңтарда жергілікті кооперативке 35 гектар жерге үй салуға рұқсат берген. Жер 414 учаскеге бөлініп, кооператив мүшелері құрылысты бастап кеткен. Бірақ бірнеше айдан соң прокуратура әкімдік шешімін заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген. Қала әкімдігі мен жер қатынастары басқармасы прокуратура жағына шығып, өзі шығарған шешімге қарсы тұрған. Ал берілген учаскеге үй салып қойған 50 шақты отбасы енді не істерін білмей дал.

Шымкенттегі Құрсай ықшамауданы іргесіндегі 282-орамда орналасқан даулы жерге қала орталығынан бір сағат жүріп жетесіз. Қазір мұнда жаңадан салынған, бірақ бітпеген, жан-жағы қоршалмаған жеке тұрғын үйлер тұр. Әр тұстан жаяу-жалпы я ескі көлікке мініп кетіп бара жатқан адамдар, кей жерде қой бағып жүрген балалар көзге шалынады.

Құрсайға жақын жердегі тұрғын үйлерге электр сымы қолмен тартылыпты. Ал қашықтау тұрған үйлерде ол да жоқ. Әрқайсысы 8 сотықтан бөлінген әр жер телімінің басына ағаш қағылған.

Меруерт Мақсұтова толық салынып бітпеген осы үйде отбасымен бірге тұрып жатыр. Шымкент, 10 наурыз 2021 жыл.

Меруерт Мақсұтованың отбасымен бірге құрылысы бітпеген үйге көшіп келгеніне 6 айдан асқан. Үйдің қабырғасы қаланып, шатыры жабылған демесе, сырты сыланбаған. Ішкі есік-терезесі салынған.

– Келін алғанша жалдамалы пәтерде, біреудің қабағына қарап тұрдық. Мына жер берілді дегеннен, жинап-терген 6 миллион теңге ақшамызды салып, осы үйді тұрғыздық. Екі бөлмесі біткен соң көшіп келдік, – дейді Меруерт.

Мақсұтованың отбасында үш баласымен қосқанда жеті адам бар. Мектеп жасындағы балалары көрші Құрсай ықшамауданындағы мектепке қатынап оқиды.

Меруерт Мақсұтова "Жер Ана 1" кооперативіне берілген жер теліміне салған үйінің алдында тұр.

– Үйді шетінен өзіміз соғып жатырмыз. Карантин дегенге қарамадық. 10 мың шлакоблок, неше тонна цемент алдық. Терезе салдық. Құрылысшы жалдамадық, ақшамыз жоқ. Өзіміз амалдап отырмыз, – дейді Меруерт Мақсұтова.

Нұраш Беркенбаев та отбасын құрғалы өзгенің пәтерін жалдап тұрған. Жер телімі берілген соң, бар ақшасын жұмсап, саман кірпіштен үй салған. Сырты сыланбаған үйдің бір бөлмесіне терезе орнатыпты, сыртын жартылай қаңылтырмен қаптаған.

– Осыған дейін пәтер жалдап жүріп, былтыр күзде кірдім ғой бұл үйге, – дейді Нұраш Беркенбаев. – Әр айлығымнан 50 мың теңге бөліп, соған келетін материалдарды шетінен сатып алдым. Әуелі үйдің іргесін қаладым. Содан кейін пандемия басталып, карантинге жапты. Сол кезде осы жердің басында жаттық. Үш ай лайдан кірпіш құйдық. Ауырдық. 15 күн орнымыздан тұра алмай жатып, емделдік.

Нұраш Беркенбаевтың салған үйі.

Кооператив бөліп берген жерге үй салып жатқандардың көбі – ауыл шаруасындағы жас отбасылар. Кейбірі бір үйде бірнеше отбасы тұрған соң, еншісін алып шыққан, енді бірі жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұрып, өз баспанасын аңсап жүрген.

– Жалдамалы пәтерде тұрғаныма 5 жыл болды. Үлкен балам мектепке барайын деп жатыр. Балаларым мектепке барса, киімі бар, оқу құралдары бар, үй сала алмайтыныма көзім жетіп тұр. Содан үйдің бір бөлмесін бітіріп, кіріп алдық, – дейді Беркенбаев.

ЖЕР ТЕЛІМІ ҚАЛАЙ БЕРІЛДІ?

Меруерт Мақсұтова мен Нұраш Беркенбаев үй салып жатқан жер "Жер-Ана 1" кооперативіне қарайды. 2003 жылы қаңтарда құрылған кооператив сол жылы ауыл шаруашылығындағы 1812 гектарды 49 жылға жалға алған. Қазір дау болып жатқан аумақ сол жердің ішіне кіреді. Ол кезде бұл жер Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Сайрам ауданына қараған.

Қала әкімдігінің қаулысымен "Жер Ана 1" кооперативіне берілген жер теліміне салынған үйдің бірі. Шымкент, 22 сәуір 2021 жыл.

2013 жылы сол кездегі облыс орталығы болған Шымкент қаласының аумағы іргелес жатқан Сайрам, Ордабасы және Төле би аудандарының жері есебінен 76 мың гектарға кеңейіп, кооператив жерінің бір бөлігі қалаға өткен. Ал 2018 жылдың соңында кооперативке тиесілі жердің 42 гектары "Ақжар-2" жеке тұрғын үй алқабы жоспарына кірген. Осы кезде "Жер-Ана 1" ауыл шаруашылық жері саналып келген жерінің нысаналы мақсатын өзгертіп, кооперативтің 409 мүшесіне үй салатын учаске ретінде таратып беруді қарастырған. Сөйтіп 2020 жылғы 10 қаңтарда қала әкімдігіне өтініш берген.

Шымкент қаласы әкімдігі жанынан құрылған жер комиссиясы 16 қаңтарда ол өтінішті қанағаттандырып, 20 қаңтарда қала әкімі "Жер-Ана 1" кооперативі сұраған жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулыға қол қойған. Оған сәйкес, әлгі 42 гектардың 34,6 гектары "Жер-Ана 1" кооперативіне "коттедж қалашығын салу үшін" 5 жылға жалға берілген. Аумақтан әрқайсысы шамамен 8 сотық болатын 414 жер учаскесі шыққан (кооперативке 409 мүше болғанымен, артығы кооператив мүшелерінің шаңырақ көтерген балаларына үлестірілген). Қалған 7 гектардан астам жерге мектеп, емхана, балабақша секілді әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарланған.

Үш күннен соң, яғни 23 қаңтар күні Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен "Жер-Ана 1" кооперативі келісімшарт жасасып, белгіленген жерде құрылыс жұмыстары басталған.

Берік Жәнібековтің жаңадан салып, отбасымен бірге тұрып жатқан баспанасы. Шымкент, 22 сәуір 2021 жыл.

– Жер бергенде қуандық қой. Өмір бойы пәтерде жүріп көріңізші, – дейді бала-шағамен үй жалдаудың қиындығын айтқан Берік Жәнібеков. – 5-6 миллион теңге ақшамыз болса, құжаты бар жер алатын едік қой.

Осы сөзді айтқан соң 35 жастағы азамат үнсіз қалып, жылап жіберді.

2006 жылдан бері пәтер жалдап күн көрдім деген Берік Жәнібеков Құрсайда туып-өскенін, марқұм әкесінің "Жер-Ана 1" кооперативінде бірталай жыл комбайн айдағанын айтады.

– Әкем арзымайтын алты мың теңгеге жұмыс істеді. Кооперативтің жері деп 8 сотықтан бөліп берген соң алдық. Үйді біткенде көріп тұрсыз, амалдап жамап кіріп алдық. Екі бауырым, алпыстан асқан шешем, төрт балам, өзім және әйелім бірге тұрамыз, – дейді ол.

ПРОКУРАТУРА ШАҒЫМЫ ЖӘНЕ БІРІНШІ ИНСТАНЦИЯ СОТЫ

Жер әкімдік қаулысының негізінде үлестірілгендіктен, кооператив мүшелері үйін еш алаңсыз сала бастаған. Бірақ шілде айына қарай Шымкент қаласы Абай аудандық прокуратурасы (жер осы ауданға қарайды) мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа жүгініп, әкімдік шешімінің күшін жоюды сұрағаны белгілі болған.

Қала әкімдігінің қаулысымен "Жер Ана 1" кооперативіне берілген жер теліміне салынған тұрғын үй. Шымкент, 10 наурыз 2021 жыл.

Азаттық прокуратура жазған шағымның көшірмесін қолға түсіре алмады. Бірақ сот құжаттарына қарағанда, прокуратура Шымкент қаласында мемлекеттен тегін жер алуға 120 мың адам кезекте тұр, ал кооператив ол кезекте жоқ деген уәж айтқан. Сонымен қатар прокуратура Жер кодексінің 44-бабына (жер учаскелерін объектілер құрылысы үшін беру) сілтеп, нысаналы мақсатты үй салуға болатындай етіп өзгерту үшін ол жерге су және электр желісі тартылуы керек деген.

Ал жауапкер Жер кодексінің 49-1-бабына сілтеп, қаулының заңға сай шығарылғанын айтады. Аталған бапта жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі келтірілген. Әуелі мүдделі тарап қарауындағы жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш береді. Егер жергілікті билік өкілдерінен құралған жер комиссиясы оны қанағаттандырса, әкімдік соның негізінде қаулы қабылдайды. "Жер-Ана 1" өтініші де осылай қарастырылып, әкімдік тиісті шешім шығарған.

Прокуратура болса Жер кодексінің 44-бабының 5-3 тармағын алға тартып отыр.

Жер учаскелерiн объектiлер құрылысы үшiн беру

Жер кодексінің 44-бабы 5-3 тармағында былай деп жазылған:

Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер учаскелерiн беруге су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда жол беріледі.

Орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекендерде мұндай жер учаскелерін беруге тек электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана жол беріледі.

2020 жылғы 14 тамызда ауданаралық сот жерді жалға беру шартының заңға қайшылығы анықталмады деп, прокуратураның шағымын қанағаттандырмады. Судья "Жер-Ана 1" кооперативіне жергілікті атқарушы билік Жер кодексінің 49-1-бабына сүйеніп берген жерді прокуратураның 44-баппен даулауын негізсіз деп тапқан.

"Өйткені аталған баптың (Жер кодексінің 44-бабы) талаптары мемлекеттік және жеке меншікке немесе жер пайдалануға берілмеген жер учаскелеріне қатысты" делінген сот қаулысында.

"Жер Ана 1" кооперативіне берілген жерге салынған үйлердің маңынан өтіп бара жатқан адам. Шымкент, 10 наурыз 2021 жыл.

Сот сондай-ақ әкімдіктің кооперативке жаңа жер табыстамағанын, бар болғаны сол кооперативтің пайдалану құқығындағы жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертіп бергенін айтқан.

Осылайша кооператив мүшелері бірінші инстанция сотында жеңіске жетті. Бірақ олардың қуанышы көпке созылмады. Прокуратура ауданаралық соттың шешімімен келіспей, Шымкент қалалық сотына апелляция шағымын түсіріп, ауданаралық соттың "кей деректі елеусіз қалдырғанын" айтқан.

ӘКІМДІК ПРОКУРАТУРА ЖАҒЫНА ШЫҒЫП КЕТТІ

Прокуратураның сөзінше, ауданаралық сот "Жер-Ана 1" кооперативінің әлгі 34,6 гектар жердің кадастр құнын төлемегеніне назар аудармаған. Прокуратура "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы даулы жердің кадастр құнын 220 миллион 793 мың теңгеге бағалағанын мәлімдеген.

Бірінші инстанция сотында жауапкер болған Шымкент әкімдігі мен жер қатынастары басқармасы бұл жолы прокуратура жағына шығып, әкім қаулысы мен жерді "коттедж қалашығын салу үшін" жалға беру шартының күшін жоюды сұраған.

"Жер Ана 1" кооперативіне тиесілі жерге салынған тұрғын үй маңынан жылқы айдап бара жатқан адамдар. Шымкент, 10 наурыз 2021 жыл.

Өз шағымында әкімдік "Жер-Ана 1" кооперативі басшысы Құматай Әшеновте жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы құқық болмаған дейді. Шағымда кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы оның жоғарғы органы екені, өтініште осы жиналыстың хаттамасы тіркелмегені жазылған. Әкімдік сондай-ақ "Жер-Ана 1" жарғысында "коттедж қалашығын салу" міндеті көрсетілмеген, кооперативтің құрылыс жүргізуге лицензиясы да жоқ дейді.

Өз шешіміне өзі қарсы шыққан әкімдік осы секілді бірнеше уәж келтіріп, одан кейін прокуратураның кадастр құны туралы сөзін қуаттаған.

2020 жылғы 19 қарашада қалалық сот жергілікті биліктің шағымын қанағаттандырып, кооператив жерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім мен учаскесін "коттедж қалашығын салуға" 5 жыл мерзімге жалға беру шартын жарамсыз деп тапты.

Осыдан кейін үй соғуды бастап қойған кооператив мүшелері екіұдай күй кешкен.

– Сот үй салмасын деп шешкенін естіген соң құрылысты да тоқтаттық. Бітіретінімізді, не бітірмейтінімізі білмей қалдық. Сотта не болып жатқанын білмейміз. Құдайдан тілеуімізді тілеп отырмыз, – дейді Меруерт Мақсұтова.

Сот шешімінен кейін не істерін білмей қалғандардың қатарында Берік Жәнібеков те бар.

– Бірінші сотта жеңдік дегенде үмітіміз оянды. Сол кезде үйді сала бастадық. Әркімнің босағасында жүре бергенше, лайдан кірпіш жасап, қабырғасын қаладық. Шатырын жауып, сылап, ақтадық. Ағайын туыс жабылып істедік, – дейді ол.

ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ ҰЙҒАРЫМЫ

Қала сотының шешімінен кейін енді "Жер-Ана 1" апелляцияға шағым берді. Кооперативтің сөзінше, Жер кодексінің прокуратура сілтеп отырған 9-бабы (Жер үшін төленетін төлемдер) 5-тармағында нысаналы мақсатты өзгерткенде "жер учаскесiнiң меншiк иесi... жердің кадастрлық (бағалау) құнына тең болатын соманы бюджеттiң кiрiсiне төлеуге мiндеттi" деп жазылған, "Жер-Ана 1" жерді жалға алып отырғандықтан, әлі меншік иесіне айналмаған.

"Жер Ана 1" кооперативінің төрағасы Құматай Әшенов.

Жоғарғы сотқа жолданған шағымда кооператив төрағасы Құматай Әшенов "Жер-Ана 1" кооперативі атынан өтініш беруге құзыретті екенін, сөйте тұра кооператив мүшелері жиналысының хаттамасын өткізгенін, онда жердің нысаналы мақсатын өзгертуді 409 мүшенің 352-сі қолдағанын айтқан.

2021 жылғы 15 наурызда Жоғарғы сот судьясы Шолпан Даниярова "Жер-Ана 1" кооперативі жетекшісінің бұл уәжі Шымкент қалалық сотының актісін кассациялық тәртіпте қарауға негіз бола алмайды деген ұйғарым жасаған.

ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?

Жоғарғы сот кооператив басшысының шағымын қарастырудан бас тартқан соң, Шымкент қалалық сотының шешімі күшінде қалады. Бірақ бұл шешім бар болғаны әкімдік қаулысының "Жер-Ана 1" кооперативі жерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулы мен учаскені үй салу үшін жалға беру шартын жарамсыз етпек. Даулы 42 гектар әлі де кооперативтің пайдалануында қалады.

Билік шешімінің салдары тапқан-таянғанына 50 шақты үй немесе уақытша баспана салып қойған отбасыларды шарасыз күйде қалдырды.

"Жер Ана 1" кооперативіне тиесілі жерге салынған тұрын үйлер. Шымкент, 10 наурыз 2021 жыл.

Азаттық Шымкент қаласы әкімдігіне хат жолдап, әкімдіктің шағымы заңсыз шешім шығарғанын мойындауы ма, билік атынан норматив акті қабылдағандарға тәртіптік жаза қолданыла ма, тұрғындардың шығыны өтеле ме деп сұрады.

Қала әкімі Мұрат Әйтеновке жолданған хатқа оның орынбасары Мәулен Айманбетов жауап берді.

"Аталған жер дауы сот тәртібімен қаралып, түпкілікті шешім қабылдануына байланысты, тиісті шара қабылдауға негіз жоқтығын назарыңызға жеткіземін" деп жазды әкім орынбасары.

"Жер Ана 1" кооперативіне тиесілі жерге салынған үйдің маңында жайылып жүрген жылқы.

Айманбетов сондай-ақ жер "Жер-Ана 1" кооперативінің өтінішін қараған жер комиссиясы төрағасының орынбасары, Шымкент қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы Берік Әшірбековтің 2021 жылғы 16 наурызда жұмыстан босатылғанын айтты. Әкім қаулысы негізінде жерді жалға беру шартына қол қойған осы Әшірбеков еді. Оның қызметтен не себепті босатылғаны белгісіз.

Ал Әйтеновтің өзі Шымкент әкімі қызметіне "Жер-Ана 1" кооперативіне байланысты қаулы қабылданған күннің ертесіне, яғни 2020 жылғы 21 қаңтарда келген. Оған дейін қала әкімі қызметін Ерлан Айтаханов атқарған.

Кооператив мүшелерінің шығынын кім өтейді деген Азаттықтың сұрағына Айманбетов "залалды өтеуді сот қарайды" деп жауап берді.

Қала әкімдігінің қаулысымен "Жер Ана 1" кооперативіне берілген жерге салынған тұрғын үйлер.

Азаттық қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Бекен Қоныстан әкімдіктің өз шешіміне қарсы шығу себебін сұрады.

– Әкімдік өз қолымен берген құжатты өзі заңсыз деп тануға не үшін ұмтылып отыр?

– Заңсыз екені белгілі болғаннан кейін ұмтыласың да. Қаласаң да, қаламасаң да солай болмай өзі? Біз заңға жүз пайыз сенеміз, заңды қолдаймыз. Заң жүзінде шешімдер шыққан болса, сіздердің мақалаларыңыз сол бағытта жазыла берсін. Біз оған пікір беріп, уақыт жұмсағымыз келмейді, – деді әкімдік баспасөз хатшысы.

Осыдан кейін кооператив басшысы Құматай Әшеновтен бұдан әрі не істейтінін сұрамақ болдық. Бірақ бастапқыда істің құжаттарын беріп, барлық сұрағымызға қысылмай жауап беріп жүрген Әшенов бұл жолы Азаттықпен сөйлесуге құлықты емесін білдіріп, адвокатына сілтеді, адвокаты бірнеше күн бойы телефонын көтермеді.

КООПЕРАТИВ МҮШЕЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Нұраш Беркенбаев салған үйдің сыртқы есігі мен қалған бөлмелерінің терезесі жоқ. Оған үйінің іргесін құйып, қабырғасын көтеріп, шатырын жауып жатса да, бірде-бір мекемеден келіп, үй салуға болмайтынын айтпаған. Енді жер телімін мемлекетке кері қайтарса, не істерін білмейді. Дайын жер телімін сатып алуға ақшасы жоқ.

– Шешілетін шығар. Бір бөлмені бітіріп, отбасыммен бірге қыстап шықтық. Қазір екінші бөлмені бітірейін деп жатырмын. Соттың үй салуға болмайды деген шешімін ешкім таныстырған да, көрсеткен де жоқ. Көктемге дейін жерді мемлекетке қайтару туралы естімедік. Естіген соң елмен бірге көреміз деп отырмыз. Осынша халықты кеудесінен итеріп қуып шықпайтын шығар деп үміттеніп отырмын, – дейді Беркенбаев.

"Жер Ана 1" кооперативіне берілген жерге үй салып жатқан адамдар. Шымкент, 22 сәуір 2021 жыл.

Құрылысы аяқталмаған үйде жеті адам болып тұрып жатқан Меруерт Мақсұтова әкімдік құжатына сеніп қалғанын айтып налиды.

– Заңсыз болса, әкімдік неге жолға тас төседі? Өкімет тартып алса, қанша еңбегіміз далада қалғалы тұр. Жеке өзім "жерді бермейміз" десе де, ешқайда кетпеймін. Бұзып жатса ішінде отырамын, – дейді Меруерт.

Ал Берік Жәнібеков үйімді тартып алмайтын шығар деп үміттенеді, бірақ көңілі күпті.

– Құжат берсе, бір жапырақ қағаз берсе, қалай тартып алады? Басыма сыймайды, – дейді ол. – 49 жылға жалға алынған жер ғой, тимейтін шығар. Біздікі үш бөлмелі үй. Анау жерлерге дәу-дәу үйлер салып тастады. Мына халықтың бәрі не істейді сонда?

Жәнібеков сондай-ақ Қазақстан үкіметіне наразы екенін де білдірді:

– Біз сияқты қаншама отбасы жүр. Үкіметтен бір тиын сұрап жатқанымыз жоқ. Үкімет біз үшін не істеп, не тындырып жатыр? Қанша жыл пәтерде жүрсек те, әкімдікке жер бер деп жазған жоқпыз. Әкеміздің еңбегі, қара тері сіңген жерден 8 сотық жер берсін дедік. Төрт баламен пәтер сұрап көріңізші. Сыймайсыңдар дейді. Ана жерде біз тұрған кепе там бар. Керек болса алып барайын. Басқа амалым болмағасын сонда тұрдым. Өкіметке өкпеміз қара қазандай. Тынған жеріміз осы шығар. Ашуға булығып отырмын. Алып қоятын болса не істейміз? Шыңғырамыз, бір жылаймыз. Не істей аласың өкіметке қазір?