Олег Белялов суреттеген Қазақстан табиғаты

Коронавирус инфекциясынан қайтыс болған Олег Беляловтың суреттері қойылған көрме. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл.

Қазақстандық орнитолог, фотограф, оператор әрі режиссер Олег Белялов 2020 жылы жазда коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде Беляловқа арналған "Адам жанының географиясы" атты ретроспективті фотокөрме өтіп жатыр. Азаттық тілшісі Беляловтың өмірі мен шығармашылығын жақсы білетін адамдардың ол туралы естелігін тыңдап көрді.

Олег Белялов 1960 жылы 23 тамызда Алматыда кинооператор, табиғат туралы фильмдері үшін Қазақстан мемлекеттік сыйлығы алған Вячеслав Белялов пен кардиолог дәрігер Лилия Белялованың отбасында дүниеге келген. Олег өмірінің төрттен үш бөлігін кино, фото және орнитология саласына арнады.

Фотографу Олег Беляловтың шығармашылығына арнаған көрмедегі оның суреті. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл.

ДАРЫНДЫ ОРНИТОЛОГ

Анатолий Ковшарь, орнитолог, биология ғылымдарының докторы:

"[14 жасында] қалаға жақын маңдағы таулы өңірде біздің орнитологиялық стационарымыз барын білген Олег әкесіне сол жерде жұмыс істейтін топ құрамында болғысы келетінін айтып, көмек сұраған. Ол кезде "Қазақстанның таулары мен шөлдері" фильмін түсіруді жаңа бастаған әкесі маған "Ұлым құстарға қатты қызығады. Жазғы тобыңа алшы. Ауруынан айықсын" деп қолқа салды.

Осылайша 1974 жылы жазда Іле-Алатау орнитологиялық тобының қатарына 14 жасар ерікті қосылды. Ол өзі шамалас мектеп оқушылары және Қазақ мемлекеттік университеті мен басқа да жоғары оқу орындарынан келген практикант студенттермен бірге құс ұясын іздеп, олардың тыныс-тіршілігін бақылауға кірісті. Жұмыстың ауырлығы (құстарды бақылау таңғы бес-алтыда басталып, жиналған деректі картаға түсіргенше түн ортасы болатын. Жаңбырлы күндерден өзге уақытта күн сайын жұмыс осылай үздіксіз жалғасатын!) да оның бұл салаға құштарлығын баса алмады. Бірнеше тәжірибе маусымынан кейін Олег ең үздік бақылаушы атанып, орманның жоғарғы шекарасынан (2500 – 2700 метр) бастап Альпі белдеуіне (3000 – 3300 метр) дейінгі шатқалды мекендейтін бүкіл құсты бес саусағындай білетін маманға айналды. 1975 жылы маусымда ол әкесімен бірге Совет шыңына (4200 метр) шықты.

Олег әртүрлі жастағы адамдарды біріктіретін тұлға болып қалыптасты және осы қасиеті өмірінің соңына дейін бойында қалды. Оның арқасында орнитология саласына құстарды жақсы көретін көптеген дарынды маман келді.

Ақбас тырна. Фото авторы - Олег Белялов. Сурет оның ұлы Алексей Беляловтан алынды.

АРХЕОЛОГИЯ, БОТАНИКА МЕН АЛЬПИНИЗМДІ ЖАНЫ СҮЙЕТІН

Олег Белялов ғалым болған. 150-ден астам ғылыми еңбектің авторы. 2011 жылы Валентина Ильяшенкомен бірге сұр тырнаның жаңа түрін сипаттап, Орта Азияны мекендейтін құстардың анықтамалығын дайындауға қатысқан. Виктория Ковшарьмен бірге "Қазақстанның орнитологиялық бюллетенін" шығарған.

Беляловты жақсы білетін адамдар оның орнитологиядан бөлек, археология, ботаника мен альпинизмге ынтық болғанын айтады.

Элина Алтынбекова, дизайнер, реставратор әрі конструктор Қырым Алтынбековтың қызы әрі көмекшісі:

"Оған үнемі тамсана қарайтынмын. Өз саласын жақсы білетініне қызығатынмын. Жай ғана жақсы фотограф емес, Олег Белялов өте сезімтал адам еді, эмпатия деңгейі жоғары болатын. Ол фотоға белгілі бір нысанды толық етіп түсіретін. Кез келген бөлмені фотостудияға айналдыра алатын.

Ол құрған композицияларда кадрдағы заттарға жан біткендей көрінетін. Бұл – ғажап көрініс. Олег Белялов археологиялық нысан тарихын білетін жалғыз фотограф болған сияқты. Зерттеуге деген құлшынысының арқасында этнография, археология бойынша көп кітап оқыды. Сондықтан оның суреттеріндегі заттар әртүрлі қырынан ашыла түсетін.

Ол археология экспедицияларымен сапарға жиі шығатын. Қазақстанның бүкіл археологтарын танитын, олармен көп әңгімелесетін. Олег аға археологиялық затты суретке түсірмес бұрын оны жан-жақты зерттеп, ол туралы тарихшылар мен археологтардың пікірін білуді жөн санайтын".

Жамбыл облысындағы шабындық. Фото авторы - Олег Белялов. Сурет оның ұлы Алексей Беляловтан алынды.

Олег Маликов, қазақстандық альпинист:

"1978 жылы көктемде Олег Белялов тауда жүріп, өмір сүріп үйрену үшін жігіттермен бірге альпинизм секциясына келді. Олег секцияда дайындықтан өтіп, үшінші разряд алып, әскерге кетті. Қайтып келгенде секциядағы достарына ілесе алмай қалғаны белгілі болды. Бірақ ол альпинизмге үлкен спорт ретінде емес, таудағы құстарды зерттеуге мүмкіндік беретін дағды деп қарайтын. Басқалар оған "тауда құстар бар, бірақ оларға жақындау қиын" деп айтатын.

Біз орақтұмсық пен жарқұс сияқты ерекше құстарды зерттедік. Бутаков шатқалында шәукілдектер мен басқа да құстар болды. Бақанас маңындағы даланы, орман-тоғайын, Айғайқұмды аралап, құстарды бақыладық. Қара мойнақ шағаланың ұя салған шағына дөп түсу үшін Алакөлге де бардық.

1994 жылы лагерьде белгілі жапон альпинисі Дзюнко Табэиді күтіп алдық. Ол – Эверестке көтерілген бірінші әйел. Дзюнко Хан Тәңірі шыңына Қырғызстан жақтан шыққысы келді, бірақ ол ойы іске аспады. Ол осы шыңға шығуды армандады. Кейінірек әйелдер командасын бастап тағы келді. Біз Дзюнко шыңға шыққанша сақтандыру жұмыстарымен айналыстық. Мен ұйымдастыру шарасын қолға алдым, Олег суретке түсіретін болды. Ол альпинистермен бірге Хаң Тәңіріне жетер жолдағы жоталар арасындағы белге дейін 5800 метр биікке көтеріліп, сол жерге қонып, суретке түсіріп, кері қайтты. Бұл оның спорттағы жеке жетістігі болды".

Фотограф-пейзажист Олег Беляловтың шығармашылығына арналған көрмеде тұрған адам. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл.

Олег Беляловтың Олег Маликов және альпинист-оператор Дмитрий Соболевпен бірлескен жұмысының нәтижесінде Хан Тәңірі туралы 32 минуттық фильм шықты. 2000 жылдары Олег Маликов бүкіл материалды цифр форматына көшіріп, фильмді YouTube платформасына жүктеп, қазақстандық альпинизм тарихындағы аса құнды фото және видеоматериалдарды сақтап қалды.

Жақындарының айтуынша, Олег Белялов көп саяхаттаған. Қазақстанда жоқ құстарды көру үшін Израиль, Үндістан, Непал, Моңғолия мен өзге де елдерге барып қайтқан.

Анатолий Ковшарь, орнитолог, биология ғылымдарының докторы:

"1990 жылы жазда ескі ЛуАЗ көлігімен [досы Владимир] Морозовпен бірге Қазақстанның жазық даласының көп бөлігін аралап, Түркіменстанның оңтүстігіне жеткен. Батыс Бадхыз жерінде Беляловқа барыс шабуылдап, иығын жарақаттаған. Морозов досын Алматыға жеткізу үшін Орталық Азияның аптап ыстығында Өзбекстан арқылы жүріп, жол бойы қабынуға қарсы ине салып келген. Бұл хикая Орта Азия мен бүкіл СССР зоологтары арасында үлкен резонанс туғызды..."

Олег Беляловтың Қазақстандағы фотоэкспедицияларының нәтижесінде табиғат туралы бірнеше әдемі фотоальбом жарық көрген. Ғалымдар бұл альбомдардың ғылыми құндылығы жоғары екенін, онда құстар мен жануарлардан бөлек, өсімдіктер туралы да көп дерек барын айтады.

Барлық дерлік қызғалдақтың түп-тамыры саналатын Грейг қызғалдағы аса сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан өсімдік ретінде Қызыл кітапқа енген. Фото авторы – Олег Белялов. Сурет оның ұлы Алексей Беляловтан алынды.

Анатолий Ковшарь, орнитолог, биология ғылымдарының докторы:

"Соңғы фотоальбомын дайындауға Қазақстанның үздік флористерінің бірі, ботаник Анна Иващенко көп көмектесті. Олардың көп жылғы әріптестігінің арқасында Қазақстан өсімдіктері туралы әдемі иллюстрациялары бар бірнеше кітап шықты. 2019 жылы осы әріптестіктің ең үлкен жемісіне айналған, қызғалдақтар туралы кітап жарық көрді.

Ол тау мен шөл флорасын жетік білетін маманға айналып, тіпті қызғалдақтың жаңа түрін сипаттап жазды. Қазақстанның орталық музейінде фотограф болып істеген (1990) жылдары елдің тарихы жайлы білім алды; археологиялық қазба жұмыстарын түсіру кезінде бұрын Қазақстан аумағын мекендеген халықтар мәдениетінің тарихы туралы көп ақпаратпен танысты. Өзі сүйетін орнитология саласында да шетелдік орнитологтармен (оның ішінде белгілі систематиктермен) араласып, үнемі осы саладағы білімін жетілдіріп отыратын".

Фотограф-пейзажист Олег Беляловтың шығармашылығына арналған көрмеде суретке түсіріп тұрған адам. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл.

РЕЖИССЕР, ОПЕРАТОР ҺӘМ АКТЕР

Олег Белялов табиғатты түсіру техникасын жас кезінде әкесіне көмектесіп, оператор ассистенті болып жүргенде меңгерген.

Анатолий Ковшарь, орнитолог, биология ғылымдарының докторы:

"Ол түсірген материалдардың бір бөлігі BBC-дің "Орыс аюында қонақта" (1990) деген сериалының тау табиғаты туралы фильміне енді. Әкесінің "Сілеусін қайта оралды" деген фильмінде браконьердің рөлін ойнады. Кейінірек Ральф Пфеффердің неміс телевизиясына дайындаған Үстірт пен Маңғыстау туралы фильмдерін түсіруге белсенді қатысты".

2000 жылдары Олег Белялов өзі де фильм түсіруді қолға алып, бұл салада да едәуір жетістікке жеткен.

Фотограф-пейзажист Олег Беляловтың шығармашылығына арналған көрмеде. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл.

Алексей Белялов, ұлы:

"Әкемді көбі фотограф және орнитолог ретінде таниды. Бірақ кейінгі үш-төрт жылда ол "Мерген" студиясымен бірге бес авторлық фильм түсірді. Бұл "Қазақфильмге" арнап түсірілген Қазақстанның табиғаты туралы фильмдер сериясы еді. Осы еңбегі үшін жылдың үздік режиссері, үздік документалист деген марапатқа ие болды".

Олег Белялов "Қазахфильмге" "Алтын Емел" (2017), "Алатау" (2018), "Қызғалдақтар отаны" (2018), "Қарқаралы" (2019), "Баянауыл" (2019) деп аталатын бес толықметражды деректі фильм түсірген. Ол аталған фильмдердің сценариін жазып, режиссер мен оператор қызметін де өзі атқарған.

КАРАНТИН-2020

Алексей Белялов, ұлы:

"Әкем үнемі жұмыспен жүретін белсенді адам болғандықтан, оған карантин кезінде үйде отыру қиынға соқты. Бұрын аптасына бір рет экспедицияға шығатын еді. Ал 2020 жылы ұзақ уақыт үйде отырып, карантин талаптарын қатаң сақтаса да, бәрібір вирус жұқтырып алды. 60 жасқа толардан бір ай бұрын қайтыс болды".

Фотограф Олег Беляловтың ұлы Алексей Белялов. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл.

Анатолий Ковшарь, орнитолог, биология ғылымдарының докторы:

"Пандемия Олег үшін үлкен сынақ болды. Қаладағы пәтерде төрт қабырғаға қамалып отыруды ауыр қабылдап, бұл туралы Facebook парақшасына жазып жүрді. Ол әлеуметтік желіде әдемі иллюстрациялары бар, "карантиннің 7-күні... карантиннің 39-күні" деп басталатын "карантин күнделігін" жүргізді. Олег өз жазбаларында үйде отырудан жалыққанын жеткізіп қана қоймай, көптеген қызықты ойын бөлісіп, естеліктерін баяндайтын. Ол виртуалды күнделігін жаңадан бастаған кітабым деп атады.

Олег ондаған жыл бойы біздің дәуіріміздің шежірешісі болды. Оның арамыздан кеткенін сезіну өте ауыр. Бұл адамның көп жылдар бойы өмірімізде ойып тұрып орын алып келгенін ешқайсымыз түсінбеген екенбіз! Онымен жақын араласқан адамдардың әрқайсысы әлі ұзақ уақыт Олег қоңырау шалып, хабарласып қалатындай сезімде болады деп ойлаймын".

Элина Алтынбекова, дизайнер:

"Ол суреттеріне жан бітіретін. Тылсым табиғатты өз жан-дүниесі арқылы беруге тырысатын. Оның өлімі туралы суық хабар төбемізден жай түскендей әсер етті. Өмірге шексіз құштар адам еді. Жұмысын өмірім деп түсінетін".

Қазақстандық фотограф-пейзажист Олег Белялов.

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіндегі "Адам жанының географиясы" фотокөрмесі 2021 жылғы 16 ақпанға дейін жалғасады.