"Қазақ елінен кешірім сұрасын". Алматылық белсенділер Ресей консулдығына барып, наразылық білдірді

Бүгін, 26 желтоқсан күні өзін "желтоқсаншымыз" деген 50-ден аса азамат Ресей мемлекеттік думасына мүше екі депутаттың Қазақстан жері туралы айтқан сөзіне наразылық білдіріп, Ресейдің Алматыдағы бас консулдығының алдына келді. "Желтоқсан ақиқаты" республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері қолына "Никонов пен Федоров негізсіз айтқан сөздері үшін қазақ елінен кешірім сұрасын!" деп жазуы бар плакат болды.

– Қазақстан – аяқ астынан пайда болған мемлекет емес. Тарихымыз терең. Мемлекетімізге әркім қол сұқпасын деп жиналып отырмыз. Тыныш жатқан елміз. [Қазақcтан жеріне қатысты] мұндай мәлімдемелер бірінші рет емес, бұрын да айтылған. Ресеймен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз, сүре бергіміз де келеді. Сол үшін артық сөйлеген адамдардың кешірім сұрауын талап етеміз, – дейді бірлестік төрағасы Болат Құрымбаев.

10 желтоқсанда ресейлік "Первый канал" телеарнасындағы хабарда Мемлекеттік думаның білім және ғылым комитетінің жетекшісі, биліктегі "Единая Россия" партиясы фракциясының мүшесі Вячеслав Никонов "Қазақстан деген ел болған емес" деді. Ол қазіргі Қазақстанның "солтүстігіндегі жері иен жатқан", ал оңтүстігіндегі жерді "кезінде Ресей, Совет одағы сыйға берген" деген. Артынша Дума депутаты Евгений Федоров "Қазақстанмен біртұтас мемлекетті қалпына келтіру" туралы айтқан.

Консулдық алдына келгендер екі депутаттың сөзін "басқыншылық көңіл-күй белгісі" санайды.

– Бұл мәлімдеме – Ресей имперализмінің, басқыншылық көңіл-күйінің салқыны. Жерді басып алып, өз билігін жүргізу саясатының көрінісі. Қазақтың мыңдаған жылдық тарихы бар. Ресейде Астрахань, Бийск, Орск сияқты қалалар бар. Онда Қарабұлақ, Алтынбұлақ сияқты қазақ ауылдары бар. Бір қауым ел. Онда қазақтар тұрады. Олар қайдан келді? Аспаннан түсті ме? – деді журналист Ақын Ордабайұлы.

"Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық бірлестігінің мүшесі, журналист Ақын Ордабайұлы. Алматы, 26 желтоқсан 2020 жыл.

Жиналғандар "Консулдық жұрт талабын Ресей билігіне жеткізуі керек" дейді. Желтоқсаншылар әнұран шырқап, қазақша патриоттық сипаттағы өлеңдер айтты. "Консулдықтан біреу сыртқа шықсын!" деп талап етті. Бірақ ешкім шыққан жоқ. Наразылықты бақылап жүрген полиция Азаттық тілшісіне бүгін демалыс күні екенін айтып, "консулдық өкілдері іште жоқ" деді.

"Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық бірлестігінің мүшелері Алматыдағы Ресей консулдығы алдына Қазақстан жері туралы айтқан дума депутаттарының кешірім сұрауын талап етіп тұр. 26 желтоқсан 2020 жыл.

20 минуттай тұрған олар плакатын жинап, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбандарына қойылған "Тәуелсіздік таңы" ескерткішіне беттеді. Ескерткіш алдында олар "Петропавл қаласының атын – "Қызылжар", Павлодарды "Ертіс" деп өзгертуді" талап етті.

– Қазақстанның солтүстіктегі жерлері қазақтың ана тіліне ауыстырылсын! Ертіс, Қызылжар! Тез арада өзгертіңдер! – деп айқайлады.

"Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық бірлестігінің мүшелерінің наразылық акциясын сырттай бақылап отырған Алматы әкімдігінің өкілдері. 26 желтоқсан 2020 жыл.

Белсендінің бірі Дәулет Жайнақ қала атауын өзгерту жайлы талабы "Қазақстан билігіне бағытталғанын" айтады. Жайнақ бүгінгі акцияны Ресейдің "шовинистік көзқарасына қарсылық" деп сипаттайды. Наразылық барысын Алматы әкімдігінің өкілі бақылап тұрды. Ескерткіш алдында да әнұран шырқап, желтоқсаншылар жарты сағатқа жуық уақыттан соң тарады.

Бұл – екі орыс депутатының сөзінен кейін Алматыдағы Ресей консулдығы алдында өткен алғашқы наразылық акциясы емес. 13 желтоқсанда консулдық дуалына бір топ белсенді "Солтүстік Қазақстан – қазақ жері" деген жазу бар плакат іліп кеткен.

13 желтоқсанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі депутаттар сөзінен соң Ресейдің уақытша сенімді өкілі Александр Комаровқа наразылық нотасын тапсырған. 23 желтоқсанда мәжіліс отырысында Қазақстанның сыртқы істер министрі екі депутат сөзін "бос сөз" деп, мәлімдеме Ресейдің "ресми ұстанымы емесін" айтқан.

Депутаттар сөзінен кейін басталған талқы кезінде жұрт Ресей билігі өкілдерінің Қазақстан мемлекеттігі мен жері туралы сөзін еске алды.

Ресей либерал-демократиялық партиясының лидері Владимир Жириновский 2005 жылы "Эхо Москвы" радиосына берген сұқбатында қазақ мемлекеттігінің болғанын үзілді-кесілді түрде жоққа шығарған еді. Ол "Қазақстанмен арадағы шекара – ең бір түсініксіз шекара. Польша, Финляндия – тарихи қалыптасқан мемлекеттер. Ал Қазақстан... Адамзат тарихында ешқашан да мұндай мемлекет болмаған" деген.

2014 жылы Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа баға беріп жатып: "Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттігі болмаған" деп мәлімдеді.

Жироновскийдің де, Путиннің де бұл мәлімдемесі Назарбаевтың кейбір жылдары айтқанымен үндес шықан. Экс-президент Қазақстанның қазіргі аумағында қазақ мемлекеттігі мен шекарасы "1992 жылға дейін болмағанын" бірнеше рет айтқан. 2005 жылы Назарбаев "Қазақстанның, қазақтардың ешқашан шекарасы болмаған. Қазіргі кезектегі шекараларда мемлекеттігі белгісі ешқашан болмаған" деген. Бұл пікірін 2011 жылы да қайталап, "Еш уақытта қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, БҰҰ-ға жеткіздік. Ешқашан қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ" деп мәлімдеген.