Мың маскалы қала. Алматының карантинге дайындығы қалай?

Көше бойында медициналық маска киіп келе жатқан әйел. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

Карантин жарияланғаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Алматыны «Мың маскалы қала» деп атай бастады. Аз уақытта танымал болып үлгерген бұл тіркес Алматының «Мың бояулы қала» деген ресми сипаттамасына ұқсайды. Карантин қарсаңында Алматы көшелерінде адам аяғы сап тыйылғанымен, азық-түлік пен дәрі-дәрмек алып жүрген, медициналық маска үшін кезекте тұрған қала тұрғындары да кездесті. Азаттық тілшісі Алматы көшелерін аралап, қаланың карантинге дайындығымен танысты.

Назарбаев пен Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан орталық дәріхана алдында таңертеңнен бері ұзын-сонар кезек түзілген. Өйткені мұнда медициналық маска сатып жатыр. Кезектегілер ішке бірнеше адам болып кіреді.

Алматыдағы орталық дәріхана алдында медициналық маска алуға кезекте тұрғандар. 18 наурыз 2020 жыл.

Дәріхана алдында және ғимаратқа кіреберісте тізілген адамдардың арасы тым жақын. Кезекте тұрғандардың бірі ара-тұра жөтеліп қояды, бірақ ешкімнің одан секем алып, бойын аулақ ұстауға тырысқаны байқалмайды. Бәрі ішке кіретін сәтін асыға күтіп тұр.

- Адамдарға масканы неге тегін таратпайды? 200 теңгеден сатып алып жатырмыз! Бұл біз үшін қымбат, әлі азық-түлік алу керек, дағдарысқа дайындалып жатырмыз ғой, - дейді құрылысқа арналған қара түсті респиратор киген әйел. Ол қара маскада, «Жұлдыздар соғысы» фильміндегі Дарт Вейдерге ұқсайды.

Алматыдағы орталық дәріхана алдында медициналық маска алуға кезекте тұрғандар. 18 наурыз 2020 жыл.

- Сізге ешкім тегін ештеңе бермейді. Масканы бүкіл дәріханаға теңдей бөлсе, мұндай кезек болмас еді. Демек маска тапшы болғаны, - дейді кезектегі халықтан алшақтау жерде тұрған ер адам. Ол кезектен орын алғанымен, өзін айналасындағылардан оқшау ұстауға тырысты.

Тұрғындар карантинде отырғысы келмейтінін айтып, наразы болғанымен, маска алу кезегін тастап кеткен жоқ.

Алматының орталығындағы бос қалған көше. 18 наурыз 2020 жыл.

Наурыздың 18-і күні Алматы көшелері бос қалды, тек көліктер ғана ары-бері жүйткіп жатты. Жол жиегінде сирек кездесетін жүргіншілердің арасында ара-тұра қызыл сөмке арқалаған “үйге тамақ жеткізіп беру” қызметінің өкілдері ғана көзге түседі. Қала қаңырап бос қалғанға ұқсайды.

Алматыдағы тамақ жеткізіп беру қызметінің өкілі. 18 наурыз 2020 жыл.

Көк базарда да әдеттегідей шу жоқ. Кейде базардың кіреберісінен сөмкесіне азық-түлік толтырған адамдар шығады. Орта бойлы ер адам дәретхана қағазы, ұн мен қораптар үйілген арбасын зорға сүйреп барады. Арбасын жүргіншілер жолына әрең жеткізген ол автокөлігі тұрған жерге қарай оңға бұрылды.

Көк базар маңында дәретхана қағазы мен азық-түлік тиелген арбаны сүйреп келе жатқан адам. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

Екі ауыр пакет ұстаған әйел телефонмен сөйлесіп тұр:

- Ет пен қант алдым. Көтере алғанымша алдым. Қазір бәрін үйге жеткізіп, май мен макарон алуға барамын, - дейді ол.

Азық-түлік көтеріп, Көк базардан шыққан әйел. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

Әйелдің жанынан ауыр пакет көтерген пәкістандық студенттер өтті. Олар өзара урду тілінде сөйлесіп, дауыстап күліп келеді. Көшедегілер шетелдік студенттерді көрген бойда, олардан өзін аулақ ұстауға тырысады. Алматы тұрғындарының коронавирус таратуы мүмкін деген күдікпен шетелдіктерден қорқа бастағанын бұған дейін де бірнеше рет байқадым.

Алматы көшелерінде азық-түлік көтеріп келе жатқан пәкістандық студенттер. 18 наурыз 2020 жыл.

Сауда орталықтарында бірнеше күннен бері тыныштық орнаған. Dostyk Plaza сауда орталығында дәріхана мен супермаркет ғана жұмыс істеп тұр. Қалған жерлер жабылған – дәліздердің жолына тартылған қызыл ленталардың жанында күзетшілер кезекшілікте тұр. Олар жұртқа сауда орталығындағы басқа орындар жұмыс істемейтінін асықпай түсіндіріп жатыр.

Алматыда бос қалған сауда орталығы. 18 наурыз 2020 жыл.

Қаладағы дәріханалардың бәрінде бірдей медициналық маска табу қиын. Көп дәріхананың сыртына «Маска жоқ» деген қағаз ілінген, бірақ қала тұрғындары оған мән берместен, ішке кіріп маска сұрап жүр.

Алматыдағы дәріханалардың бірі. 18 наурыз 2020 жыл.

Маска сатылмайтын дәріханаларға да кезекте тұрғандар бар. Олар бірінші кезекте қажет болуы мүмкін - парацетамол, аспирин, валокордин сияқты дәрілер мен иммунитетті нығайтатын препараттар алуға келген. Қазір дүкен мен дәріхана сөрелерінен табылмайтын антисептикалық сұйықтықтардың орнына қолды тазарту үшін алатын этиль спиртінің саудасы артқан. Спиртті сұйықтық шашуға арналған ыдыстарға құйып, қолды дезинфекциялау үшін қолданады.

Дәріханадан шығып келе жатқан әйел. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

«Халық банктің» Көк базар жанындағы бөлімшесінде кезек те, шу да байқалмайды. Маска киіп, қолына пульт ұстаған қыз электронды таблодағы валютаның ресми бағамын ауыстырып тұр. Қолғап киген касса қызметкері банк клиенттерін қабылдап жатыр. Касса қызметкері де маска киген. Ол ақшаны санап, артынша қолғабына антисептикалық сұйықтық себеді.

Валюта бағамын ауыстырып жатқан банк қызметкері. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

- Қазір коммуналдық төлемдерді төлесем, енді бұл жерге аттап баспаймын, - дейді 60 жас шамасындағы қарт әйел.

Оның жүзінен әлденеге алаңдап тұрғаны, банктегі басқа адамдардан қашық тұруға тырысқаны байқалады.

Алматыдағы тұрғын-үйлерді дезинфекциялау туралы хабарландыру. 18 наурыз 2020 жыл.

Қалада тұрғын үйлердің подъездерін және жертөлелерді дезинфекциялау жүріп жатыр. Коронавирустың таралуына қарсы күрес кезінде жәндіктер мен тышқандарды да улау шарасы басталып кеткен.

Көше бойында медициналық маска киіп келе жатқандардың бірі. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

Алматы мен Нұр-Сұлтанда наурыздың 19-нан бастап карантин жарияланған. Адамдар қала ішінде еркін жүріп-тұра алады. Қоғамдық көліктер әдеттегі режимде жұмысын жалғастырады. Карантин кезінде сауда және ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтайды. Тек азық-түлік сататын дүкендер жұмыс істейді. Биліктің дерегінше, қоғамдық тамақтану орындары мен мейрамханалар тағамды үйге жеткізіп беру қызметін ғана ұсына алады.