"Құжат жасатайын десем, малдан қол тимейді". СССР паспортымен жүрген ақтөбелік шопан

Әлі күнге дейін СССР паспортымен жүрген Қуанышбай Көптілеуов. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Сарытоғай қыстауы. 23 қараша 2021 ж.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жоғарғы Сарытоғай қыстауында қой бағатын 62 жастағы Қуанышбай Көптілеуов әлі күнге дейін 1987 жылы алған СССР паспортымен жүр. Қазақстан құжаты жоқ болғандықтан ол дәрігерге қарала алмайды дейді туысы. Азаттық тілшісі шалғай ауылда СССР паспортымен өмір сүріп жатқан шопанның тіршілігімен танысып қайтты.

Қуанышбай Көптілеуов Ақтөбеден 250 шақырым жердегі Жоғарғы Сарытоғай қыстауында жеке меншіктің қойын бағады.

Ертемен бір отар қойды өріске шығарған шопан түс ауғанға дейін Жоғарғы Сарытоғайдан он шақырымдай ұзап кетіпті. Жол талғамайтын көлік қана жете алатын иен даладан малшыны табу оңай болмады.

Қуанышбай Көптілеуов Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында жеке меншіктің малын бағумен айналысады.

Жастайынан мал бағуды кәсіп еткенін ғана айтқан Қуанышбай Көптілеуов томаға тұйық, көп сөзге жоқ.

– Сегізінші сыныпты бітіргелі бері қой соңындамын. 1986 жылы үйленген едім. Әйелім қой ауылдың тірлігіне көндіге алмай, бір айдан соң кетіп қалды, – деп бар өмірін үш сөйлемге сыйғызып айтып берді.

Қуанышбай Көптілеуовтің 1987 жылы берілген СССР паспортындағы фотосы.

Қуанышбай Көптілеуовтің қолындағы СССР қызыл паспорты осыдан 34 жыл бұрын – 1987 жылғы 14 желтоқсанда беріліпті. Тұрғылықты жері деген тұсқа Мұғалжар ауданы Құмжарған ауыл советінің мөрі басылған.

– Қазақстан паспортын алайын деп 2019 жылы Ембі қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығына барғанмын. Ондағылар "учаскелік инспектордан қағаз әкел", "көршілеріңнен қағаз әкел" деп қайтарып жіберді. Одан кейін ешқайда барған жоқпын. Малдан қол тимейді. Қазір қой бағатын адам таппайсың, – дейді қысы-жазы далада жүріп, жүзі күн мен аязға тотыққан шопан.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбеде тағы бір тұрғын СССР паспортын ұстап жүр

Көптілеуовтің жеке меншіктің малын бағып жүргеніне отыз жыл болған. Совет одағы кезінде де совхоз малын бағыпты.

Қолындағы екі құжаттың бірі – ескі еңбек кітапшасында "1980 жылғы 16 сәуір мен 1990 жылғы 20 қыркүйек аралығында Жұрын совхозында шопан көмекшісі болды" деп жазылған. Қазір Бірлік деп аталатын бұл ауыл Жоғарғы Сарытоғай қыстағынан 12 шақырым жерде.

Қуанышбай Көптілеуовтің СССР тұсында берілген еңбек кітапшасындағы жазу.

Кейінгі отыз жылда Қуанышбай Көптілеуовтің еңбек кітапшасына бірде-бір жазба түспеген. Оны өзі "жекенің малын баққандықтан" деп түсіндіреді. Яғни, кейінгі жылдары еңбекақы туралы келісім мал иесімен тек ауызша жасалған.

"Еңбекақыңызға ризасыз ба?" деген сауалыма шопан жауап бермей, үнсіз қалды.

Сарытоғай қыстауында қоршау ішінде тұрған қой. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы. 23 қараша 2021 ж.

Қуанышбай Көптілеуовтің Ақтөбе қаласында тұратын әпкесі Бибатпа Орысбайқызы інісі құжаты жоқтығынан дәрігерге қарала алмайтынын айтады.

– "Жасың біразға келді, Ақтөбеге кел, демалып кет" деп шақыруымыздың кемі жоқ. Келмейді. Той-томалақта да шаруасы жоқ. Соңғы кездері аяғы бастырмай, буындары ауыратын сияқты. Дәрігерге қаралатындай құжаты тағы жоқ. 1990-жылдары дүрбелең кезінде "ұрлық жасады" деп айыппен сотталып, Қарағанды облысында үш жыл жазасын өтеп келді. Оған дейін де, одан кейін де Ембіден ешқайда ұзап шыққан емес, – дейді Бибатпа Орысбайқызы.

Қуанышбай Көптілеуов. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Сарытоғай қыстауы. 23 қараша 2021 ж.

Жасы алпыстан асқан, еңсесі еңкіш тартқан Қуанышбай Көптілеуовтің өзі "денсаулығым жаман емес" дейді. Бірақ керзі етік киген аяғын сүйрете басып, ат үстіне де екі-үш ұмтылып барып мінді.

Азаттық тілшісімен әңгіме барысында шопан соңғы рет дәрігерге қашан қаралғанын есіне түсіре алмады. Айтуынша, жыл он екі ай мал соңында жүретін Қуанышбайдың әр кеш сайынғы ермегі – теледидар. Спорт жарыстарын әсіресе, футбол мен бокс көргенді ұнататын айтады.

Қуанышбай Көптілеуовтің екі иті – Ақтабан мен Шарик үнемі иесінің қасында бірге жүреді.

Қуанышбай шопанның жыл он екі ай бойғы серігі екі иті ғана. Жеке басы туралы айтуға онша құлық танытпаған шопан Ақтабан мен Шарик атты екі иті туралы айтқанда көзі нұрланып кетеді. Ұзап кеткен отарды қайырып келген қанденді "Шарикон" деп еркелетіп, дорбасындағы азығынан беріп қояды.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті Қуанышбай Орысбайұлы Көптілеуов ішкі істер органдарына, оның ішінде миграция басқармасына құжат жайымен арызданбағанын айтты. Ал Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімі Асқар Шериязданов "бұл мәселемен айналысамыз. Қуанышбай Көптілеуовті тез арада құжаттандыру Ембі қаласы әкіміне тапсырылды" деді.

Мұғалжар ауданы полиция бөлімшесі көші-қон қызметінің аға инспекторы Қайырбек Балмағамбет "СССР паспортымен жүрген адамдар бізге хабарласса, Қазақстан құжатын жасауға көмектесеміз" дейді.

– Көптілеуовтің қолында туу туралы куәлігі болса, халыққа қызмет көрсету орталығына бармастан тікелей көші-қон қызметіне келуіне болады. Сол құжат негізінде жеке бас куәлігін рәсімдеуге көмектесеміз. Ал туу туралы куәлігі болмаса тұрғылықты жеріндегі учаскелік инспекторға барып, тану хаттамасын толтыруы керек. Хаттама толтырылған жағдайда туу туралы куәлігін қайта жасауға болады, – дейді ол.

Қуанышбай Көптілеуов тұратын Сарытоғай қыстауындағы малшы үйі. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы. 23 қараша 2021 ж.

Ал Қуанышбай Көптілеуовтің өзі "құжаттарымды реттеп алсам, Ембіге қайтамын. Ембіде інімнің үйі бар, далаға тастамас" деді.

Заңгерлер СССР паспортымен жүрген азаматтар туып-өсіп, еңбек еткен, бүкіл саналы ғұмыры өткен өз елінде бюрократиялық кедергі кесірінен не зейнетақы, не дәрігер көмегін ала алмай, ондаған жыл бойы өгей адамның күйін кешетінін айтады.

Қазақстанда ел азаматы бола тұра тиісті құжатсыз жүргендер тұрғылықты жері бойынша полиция департаментіне арыз жазуы тиіс. Өтініш 30 күн ішінде қаралып, арыз иесінің Қазақстан азаматы екені анықталса, оған Қазақстан паспорты және жеке куәлігін беруге негіз болатын анықтама беріледі.

СССР паспорты мен совет билігі кезінде берілген еңбек кітапшасы.

Қазақстан паспортын алуға өтініш жазуға 1974 жылғы үлгідегі СССР паспортын ұстап жүргендер немесе ондай құжатын жоғалтқан; 1992 жылғы 1 наурызға дейін тұрақты тіркеуі жоқ; халықты құжаттандырудың деректер базасына енгізілмеген адамдар құқылы.

Қазақстан тәуелсіздік алғанына отыз жыл болса да елде СССР паспортымен жүргендер әлі бар. Азаттық осыған дейін Ақтөбе облысында 68 жастағы Лариса Чернышеваның Совет одағы тұсында берілген құжатпен жүргенін жазған. Кейін жергілікті билік органдары Чернышеваға Қазақстан құжатын тапсырған. Қазақстандық құжаты болмағандықан көп жыл бойы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмаған Чернышева жақында алғашқы зейнетақысын алды.

Көші-қон полициясы өкілдері СССР паспортымен жүрген адамдар зейнетке шығарда ғана құжат ауыстыруды ойлай бастайды, оған дейін жүре береді дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан төлқұжатын ала алмаған қарияның мұңы