"Мама, алаңға бармашы!" Азаттықтың Ақтөбедегі тілшісінің көргені

Жаппай наразылық акциясына шыққан адамдар билікке талабын айтып тұр. Ақтөбе, 5 қаңтар 2022 ж.

Ақтөбедегі қымбатшылыққа қарсы наразылық 3 қаңтарда басталып, 7 қаңтарда таңсәріде аяқталды. Азаттықтың Ақтөбедегі тілшісі облыс орталығындағы наразылықта не көрді? Ақпарат қалай таратты? Тілшіміздің өзі баяндап берсін.

"ЖОҚШЫЛЫҚТАН АЛАҢҒА КЕЛІП ТҰРМЫЗ"

7 қаңтарға қараған түні дөңбекшіп жатып, көзім әрең ілінген еді. Таңғы төрт жарымдар шамасында телефоным шыр ете қалды. Пәтерінің терезесі митингі болған алаңға қарап тұрған қала тұрғыны екен "Тарсылдатып атып жатыр. Енді алаңдағыларды автозактарға тией бастады. Жедел жәрдем де осында" деді жылап. Содан қайтып көзім ілінбей қойды. "Алаңды көруім керек" деп сыртқа шыққанымда жаңбыр құйып тұр екен. Қаңтардағы жауын – қысы қытымыр Ақтөбе үшін өте сирек жағдай.

Ақтөбедегі орталық алаңға билікке талабын айтуға жиналған адамдар. 6 қаңтар 2022 ж.

Ақтөбеде билікке түрлі талап қоятын наразылық акциялары жиі өтіп тұрады. Бірақ журналистикадағы 25 жылдық тәжірбиемде көшеге бір мезетте жүздеген адамның шыққанын көрген емеспін. Қымбатшылықтан қажыған жұрт ПРЕССА деп жазылған кеудешемді көріп, тұс-тұстан жеңімнен тартқыштап проблемасын айтып қалуға тырысып жатты.

– Әлеуметтік ахуал дұрыс болса, ешкім бұл араға келмейді. Жоқшылықтан келдік, күнкөрістің қиындығынан келіп тұрмыз. Ай сайынғы 50-70 мың теңге жалақымен күн көріп, бала-шаға асырау мүмкін болмай барады. Автобус жолақысы 150 теңге деген не сұмдық?! Ақтөбенің іргесіндегі Ақжардан күніне жұмысқа келіп-кеткенім үшін ғана 600-700 теңге жұмсаймын, – деді наразылардың бірі Жомарт Қартбаев.

Диктофонымда осыған ұқсас ондаған жазба бар.

Журналистика адамды скептик етіп жібереді. Кейде сұхбат беруші басқа бірнәрсені айтып тұрады, ал сен оның көзқарасынан, дауыс ырғағынан мүлдем басқадай нота аңғарып қаласың. Бірақ өз басым тұрмыс-тіршіліктің қиындығын айтып, алаңға шыққан наразылардың сөзіне шүбәлана алмадым. Өйткені әлеуметтік теңдік сұрағандардың сөзінен де, көзінен де қанша іздесем де басқа "нота" таппай қойдым. Олардың жанарында шарасыздықтан бөлек үрей мен үміт те бар еді.

Алаңға келіп, саяси ұран көтергендер де көп болды. Әу баста сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық саяси сипат ала бастады. Наразылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, ел үкіметінің, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің отставкаға кетуін талап етіп тұрды. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси сахнадан кетуін де талап етті. Бірақ облыс әкімі де, оның орынбасарлары да демонстранттар алдына шықпады. Алаңға оқтын-оқтын қала әкімі Асхат Шахаров қана келіп-кетіп жүрді.

ҚОЛҚАСЫН ГАЗ АШЫТҚАН ЖҰРТ ҚАР АСАДЫ

5 қаңтар Ақтөбеде наразылықтың шиеленіскен күн болды. Алаңда наразылығын айтып тұрған жұрттан бөлініп шыққан бір топ жігіт жергілікті уақытпен күндізгі сағат 12:30 шамасында облыс әкімдігі есігін қиратып, терезелерін сындыра бастады.

Полиция мен демонстранттар қақтығысы. Ақтөбе, 5 қаңтар 2022 ж.

Баспалдақтардың жиегіндегі қоршауды да сындырды. Шабуыл басталған кезде әкімдік есігіне жақын тұрған полиция қызметкерлерін наразылар биіктігі бір метрдей болатын баспалдақтан түйгіштеп түсіріп жіберді. Кейін әкімдік ғимаратқа 300 млн теңгенің шығыны келді деген ақпарат таратты.

Әкімдікке шабуыл жасаған, агрессиясы басым топтағы адамдар бас киімін бастыра киіп, жүзін барынша бүркемелеп алған. Олар 5 қаңтарда алаңдағы өзге демонстранттардың "Ақымақ болмаңдар! Кері қайтыңдар! Бұларың дұрыс емес!" деген айғайына құлақ асқан жоқ.

Күштік құрылымдар демонстранттарға жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ атқан сәт. Ақтөбе, 5 қаңтар 2022 ж.

Сол күні сағат 12:40 шамасында әкімдік ғимаратынан демонстранттарға резеңке оқ атып, артынша жас ағызатын газ шашты. Наразылар тарамай қойған соң тап осы жағдай 14:20 шамасында тағы да қайталанды. Бұл жолы да резеңке оқ атылып, газ шашылды.

Ақтөбе тарихында демонстранттарды таратудың мұндай әдісі бұрын-соңды қолданылған емес. Қолқасын газ ашытып, көзінен жас парлап, тынысы тарылған жұрт қос қолдап қар асай бастады.

Демонстрант күштік құрылымдар атқан резеңке оқты көрсетіп тұр. Ақтөбе, 5 қаңтар 2022 ж.

Кейін алаңда шашылып жатқан қалдықтарға қарап, демонстранттарды тарату үшін күштік құрылымдар Condor non-lental technologies пен Anti-riot cartridges PKK-12 қолданғанын білдік.

Ертесіне, 6 қаңтар күні бірнеше адамның қолынан әмбебеп фильтр көрдім. Наразылар күштік құрылымдар бұл жолы да газ шашады деп күдіктенсе керек. Бірақ 6 қаңтарда алаңда күштік құрылымдар мүлдем болмады.

Алаңды тазалап жүрген еріктілер. Ақтөбе, 6 қаңтар 2022 ж.

Әкімдік ғимаратын өздерін "ынталы топ мүшесіміз" деген адамдар тобы күзетіп тұрды. Полиция резеңке оқ пен газды 7 қаңтарда арнайы операция кезінде үшінші рет қолданған.

Наразылықтан соң желіде тараған видеодан жүк көлігінің алаңға әкеп тас төккенін көруге болады. Бұл полиция бірінші рет газ шашқаннан кейін түсірілген видео болуы мүмкін. Өйткені екінші рет газ шашылған кезде наразылар полицияға тас лақтырып жатты.

ҚЫЗЫМ МЕН АНАМНЫҢ УАЙЫМЫ

Алаңдағы бейнебақылау камерасына резеңке оқ атылған кезде оқиға болып жатқан жерде бір жеңіл көліктің адам қағып кеткені де түсіп қалған. Ақтөбе полициясының мәліметінше, зардап шеккен адам – полиция қызметкері. Қазір ол жедел жәрдем ауруханасында емделіп жатыр.

Әкімдік ғимаратын қорғап тұрған полиция күштері. Ақтөбе, 5 қаңтар 2022 ж.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде қаңтардағы оқиғалар кезінде күштік құрылымдардың 14 қызметкері жарақат алған. Алаңнан жедел жәрдем әкеткендердің жалпы саны – 62 адам. Наразылық акциясынан соң Ақтөбе полициясы 11 қылмыстық іс қозғаған. Жүздеген демонстрант әкімшілік жауапқа тартылды. Учаскеге мыңға жуық адам жеткізілген.

Ресми деректерге қарағанда, Ақтөбеде кісі өлімі тіркелген жоқ. Бірақ жүздеген отбасы шеккен уайым мен үрейді сөзбен сипаттап беру қиын.Тек өз отбасымды айтар болсам, кәмелетке толмаған қызым желідегі видеолардан шошып, әр түн сайын менің жанымда ұйықтап жүрді. Жұмыстан оралмай қалар деген қорқынышпен мойнымнан тастай етіп, құшақтап алатын.

"Мама, алаңға бармашы? Алаңға бармасаң, ыдысты бір ай бойы өзім жуамын. Мысықтың да күтімін толықтай мойныма аламын. Өткен тоқсандағы "төрттерімді" осы тоқсанда қалайда "бес" қыламын" деп жалынды қызым.

Полиция билікке талабын айтып наразылық акциясына шыққан демонстранттарға резеңке оқ атып, жас ағызатын газ шашты. Ақтөбе, 5 қаңтар 2022 ж.

Жүрегі ауыратын жетпістегі шешем осы күндері уыс-уыс дәрі ішіп, оқтын-оқтын жедел жәрдем шақырумен болған. Алаңда қызмет бабымен жүрген полиция қызметкерлерінің де, күнкөріс қиындығынан қажыған демонстранттардың да отбасы тап осындай азап шеккеніне еш күмәнім жоқ.

Осы қиын кезеңде өз кәсіби міндетін орындаған тәуелсіз журналистер бірін-бірі ұқпай қойған екі "әлемнің" ортасында болды. Ондай кезде мейлінше салқынқанды болуға, төзімдірек болуға тырысасың. Жаңсақ ақпарат, субьективті пікір тарап, өшпенділіктің өршімеуі үшін жазған-сызғаныңды мың мәрте елеп-екшейсің. Бір сөзбен айтқанда, ешкімге де оңай болған жоқ.

Ақтөбе: 4-6 қаңтардағы оқиғалар

Алаңда төрт күн қатарынан жүргенімде "Шынымен журналистпісің, құжатыңды көрсет!" деп әкіреңдегендер де, "әбден тоңдыңыз-ау, көлігіме кіріп жылынсаңызшы" деп қамқорлық танытқандар да болды. Наразылық акциялары кезінде ресми органдардан тек Ақтөбе денсаулық сақтау басқармасы ғана ақпарат беруден қашпады. Полиция баспасөз қызметі митингі аяқталған 7 қаңтардан соң белсенділік танытты.

Қазір Ақтөбе біртіндеп қалыпты тірлігіне оралып келеді. Үстімізден әскери тікұшақ ұшпайды, супермаркеттер мен банктер ашық, балалар үйірмелеріне барып жүр. Жұртқа осындай Ақтөбе ұнайды.

Ақтөбе полициясы Азаттық тілшісінен үш сағат жауап алды

12 қаңтарда Ақтөбе полициясы тергеу басқармасы осы мақаланың авторы, Азаттық тілшісі Жаңагүл Жүрсінді шақырып, үш сағат жауап алды. Журналист полициядағылар өзіне "қорғалуға құқығы бар куәгер" статусын бергенін білген.

Тергеу басқармасы өкілі Нұрсұлтан Ахметов тілшіден "наразылыққа неге бардыңыз?", "қай күндері бардыңыз?", "кімнен сұхбат алдыңыз, олар не деді?", "кім шақырды?" деп сұраған.

– БАҚ туралы заңның 20-бабында әрбір журналист ақпарат жинауға, таратуға, фото-видео түсіруге, аудио жазуға құқылы екенін айттым. Желіде наразылық болып жатқанын көріп, кәсіби міндетімді атқару үшін, ақпарат тарату үшін бардым. Наразылық акциясына ешкім шақырмады. Түсірген видеоларымды, ақпараттарымды редакцияға жібердім. Оның бәрі Азаттық сайтында тұрғанын айттым, – деді тілшіміз.

Тергеуші Азаттық журналисінен шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен оның ҚДТ қозғалысына көзқарасын (Қазақстан билігі "экстремистік" деп таныған, ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды) да сұраған.

Үш сағаттан аса уақыт өткенде полиция Азаттық тілшісіне түсініктемеге қол қойдырып, босатқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыдағы дүрбелең. Азаттық журналисінің 4-7 қаңтарда көргені
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкенттегі наразылық және түнгі ойран. Азаттық тілшісінің көргені