Шиқұдық. Қыс-көктемде қатынау үшін қайық мінетін ауылдың тіршілігі

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Шиқұдық ауылы, 30 маусым, 2023 жыл.

Ақтөбеден 200 шақырымдай жерде Шиқұдық деген шағын ауыл бар. Ойыл ауданы Саралжын селолық округіне қарасты бұл ауылдың халқы 30-40 жылдан бері жол азабын тартып келеді. Жаз мезгілінде ғана жан-жаққа бейнетсіз қатынай алатын Шиқұдықтың тұрмысын Азаттық тілшісі көріп келді.

ЖОЛ АЗАБЫ

Отыз үйлі Шиқұдыққа жеті шақырым жердегі Саралжын ауылынан жету оңай болмады. Екі ортаға тас жол төселмеген. Шаңы бұрқырап жатқан кәдімгі даланың қара жолы. Бір күн бұрын жаңбыр жауып өтіпті. Кей жердің шалшығы әлі кеуіп үлгермегені байқалады.

Your browser doesn’t support HTML5

"Күре жолға қайықпен жетеміз". Шиқұдық ауылындағы өмір

Ескі көлігімен жолдың ой-шұқырын айналып келе жатқан Қайрат Жасақбаев – Шиқұдықтың тұрғыны. Оның айтуынша, ауыл халқы жан-жаққа тек жаз мезгілінде ғана бейнетсіз қатынайды.

– Жылдың үш айында, яғни жаз мезгілінде ғана қатынас бар. Ауылымыз екі Ойыл мен Қиыл өзендері тоғысқан жерге қонғандықтан, көктемде су тасып, көлік қатынамай қалады. Су тасығанға дейін 2-3 айға жететін азығымызды жинап алып, жаз шыққанша тырп етпестен жатамыз. Күзде жауын-шашыннан жолдың балшығы езіліп, тағы жүргізбей тастайды. Ал қыста жолды қар басады, – дейді Қайрат Жасақбаев.

"Көктемде су тасып, көлік қатынамай қалады, оған дейін 2-3 айға жететін азығымызды жинап алып, жаз шыққанша тырп етпестен жатамыз" дейді Шиқұдық ауылының тұрғыны Қайрат Жасақбаев.

Селолық округтің орталығы Кемерден Шиқұдыққа апаратын тас жол картада ғана бар. Бірақ жергілікті жұрттың ол жолмен жүрмегеніне отыз жылдан асып кеткен.

Кезінде тасқын бірнеше жерден бұзып кеткен ескі жолды жұрт қазір есіне де алмайды. Одан бөлек тағы екі жол, нақтырақ айтсақ бағыт бар. Оның екеуіне де тас төселмеген. Тура барғанда селолық округ орталығы Саралжын мен Шиқұдықтың арасы жеті шақырым.

– Қазір Алтынкөпірден өтеміз, – деді Азаттық тілшісіне жол бастап келе жатқан Қайрат. – Оны өкімет салған жоқ. Бұрын осы ауылда тұрған Алтын деген кісі салып, содан Алтынкөпір атанды.

Алтынкөпір – Қиыл өзенінің үстіне төселген екі бетон плита. "Бұл өткелді үкімет емес, бұрын Шиқұдықта тұрған адам салып берген" дейді жергілікті жұрт.

Шиқұдық халқының Алтынкөпір дегені – Қиыл өзенінің үстіне төселген екі бетон плита. Жеңіл көлікті көтеретіндей ғана шамасы бар өткелдің қасында құм мен күл толы қапшық үйіліп жатыр.

Тұрғындардың сөзінше, көктемде су тасыған кезде жергілікті жұрт Алтынкөпірді сақтап қалудың амалын жасап, тасқыннан өз бетінше қорғанған.

Қазақстан тәуелсіздік алған отыз жылда бұл ауылға жол салынбаған. Жолдың жайы Шиқұдық тұрғындарын әбден қажытқанын аңғару қиын емес. Аман-саулық сұрасқан бойда үлкен-кіші бірден жол азабы туралы айта бастайды.

Шиқұдықтан шығатын тағы бір бағыт яғни, Ойыл – Саралжын күре жолына апаратын жолға да тас төселмеген. Бөгет арқылы өтетін бұл жолды да көктем сайын тасыған су басып қалады.

Селолық округ орталығы Саралжын ауылы мен Шиқұдықтың арасындағы қара жолдың "жүруге болатын" кездегі жағдайы осындай. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы, 30 маусым, 2023 жыл.

Сондықтан жергілікті халық азық қоры таусыла бастағанда, дәрігер көмегі керек болғанда лажсыздан осы маңнан суға қайық салады. Қайықтан түсіп, Ойыл – Саралжын тасжолына дейін жаяу жүріп жетеді.

Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша, Шиқұдық ауылына тас жол төсеу жоспарда жоқ. Әкім бөгет арқылы өтетін ойдым-ойдым қара жолды "қалыпты" деп санайды.

Көп жылдан бері жол азабын тартып келе жатқан ауыл халқына әкімдік 2019 жылы демеуші қаржысына Ойыл өзені үстінен көпір салып берген. Бірақ бұл көпірдің таянышын бір жылға жетпей тасқын су шайып кетіпті. Қиыл өзеніндегі Алтынкөпір мен демеуші қаржысына салынған көпірдің айырмасы аз. Екеуі де су тасығанда халықтың кәдесіне жарамай қалады. Ондайда Шиқұдық халқы атқа арба жегіп, суға қайық салып өлместің күнін көреді.

Тасыған су Алтынкөпірді бұзып кетпесін деп Шиқұдық тұрғындары өткелдің қасына құм мен күл толы қапшық тастап, өздерінше амалдайды.

– Осы қыста өз күнімізді өзіміз көріп шықтық. Саралжынға (ауыл жұрты Кемерді ескі атауымен атайды – ред.) апаратын төте жолды қайта-қайта қар басып қалады. Ауылдың жігіттері үш-төрт машинаға тиеліп алып, қолымызға бір-бір күрек ұстап шығамыз. Шиқұдықтан таңертең шыққаннан жеті шақырым жолды қолмен аршып барамыз. Бір күн уақытымыз кетеді. Бүгін аршып келсек, ертесіне боран тағы басып тастайды. Амалсыздан тағы шығамыз. "Жолды аршысаңдаршы?" деп әкімдікке хабарласамыз. Жалғыз техника үнемі босамайды. "Ана жақта жүр, мына жақта жүр" деп бізге жібермейді. Өткен қыста Шиқұдыққа бір-ақ рет келді. Бір рет қана жолды аршып берді. Қалған уақытта өзіміз аршыдық, – дейді ауыл тұрғыны Қайрат Жасақбаев.

Әкімдіктің мәліметінше, Саралжын селолық округіне Ойыл ауданының бюджетінен жыл сайын 500 мың теңге бөлінеді. "Селолық округ "Азамат" шаруа қожалығымен келісім шарт жасаған. Жол тазалығы сол қожалыққа жүктелген" деп хабарлады аудан әкімдігі.

Ал мемлекеттік сатып алу сайтында Саралжынның орталығы Кемер мен Шиқұдық ауылдарындағы қураған шөпті қырып, қыста қарын аршу бюджеті 195 мың теңге деп көрсетілген.

АУЫЗ СУДЫҢ ЖАЙЫ

Шиқұдық ауылында тұщы судың жалғыз көзі бар. Отыз үй ауыз суды бір жерден ішеді. Жергілікті жұрт "тұщы құдық" деп атайтын бұл шағын кешен құжатта блок-модуль деп көрсетілген.

Шиқұдықтағы су тазартатын блок-модульдің жанында тұрған жергілікті тұрғындар. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы, 30 маусым, 2023 жыл.

Жер астынан су айдайтын насосы, суды тазартатын сүзгісі мен 500 литрлік бөшкесі бар кешеннің есігіне құлып салынған. Су алуға келген тұрғын алдымен құдықшының үйіне барып, есігін қағады.

Құдықшы Сүлеймен Баймановтың сөзінше, ауыл халқы күніне 4-5 бөшке су тұтынады.

"Шиқұдық халқы күніне екі тонна шамасында ауыз су тұтынады" дейді құдықшы Сүлеймен Байманов.

– Тұщы суды шай қайнатып, ас пісіруге ғана пайдаланамыз. Бүкіл ауылдың қарап отырғаны – осы жалғыз құдық. Сондықтан суды барынша ысырап қылмауға тырысамыз. Жаздыгүні ауыз суға сұраныс артқан кезде 500 литрлік бөшке қапелімде таусылып қалады. Құдықшы насосты қосып, бөшкені толтырғанша күтіп тұрамыз, – дейді ауыл тұрғыны Айгүл Бейісова.

Осыдан қырық жыл бұрын Шиқұдыққа келін боп түскен Айгүл Бейісова "Бізге құдай ғана қарасып отыр. Өзге ешкімнің бұл ауылмен шаруасы жоқ" дейді. Әйелінің сөзін жалғаған Абзал Бейісов кейінгі кезде тұщы судан да кермек дәм шыға бастағанын айтады.

Шиқұдық тұрғыны Абзал Бейісов кейінгі кезде ауыл халқы жалғыз құдықтан ішіп отырған тұщы судан кермек дәм шыға бастағанын айтады.

– Блок-модульдің сүзгісін үш ай сайын ауыстырып тұру керек екен. Алмастырмағанына алты ай болды. Бұл жердің суы басында жақсы еді. Қазір ондай емес. Шелектің түбіне қоқым тұнып қалады. Шай қайнатқанда шәйнектің түбіне қақ тұрады. Осы құдықтан ауылдағы екі жүзге жуық адам су ішіп отырмыз. Көрші ауылдарда су құбырын үйді-үйіне дейін кіргізіп берді. Бізге неге өйтпейтінін білмеймін, – дейді Абзал Бейісов.

Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев Шиқұдық халқының саны 250 адамға жетпейтіндіктен, орталықтандырған ауызсу құбырын тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айтады. Сол себепті 2021 жылғы желтоқсанда ауызсудың кешенді блок-модулі іске қосылған. "Құны 9 миллион 452,8 мың теңгелік жоба Шиқұдықтағы ауыз су мәселесін толық шешті" делінген әкімдіктің хабарламасында.

Ресми дерек бойынша, Шиқұдық ауылында 172 адам тұрады. Әкімдік ауыл халқының жартысына жуығы – 81 адам экономикалық белсенді санатқа жатады дейді.

Асқар Қазыбаевтың айтуынша, кешенді блок-модуль сүзгісі биыл 2023 жылғы 28 мамырда алмастырылған. Шиқұдықта ауыз суға байланысты ешқандай проблема жоқ деп сендіреді жергілікті билік.

Бірақ екі ай бұрын сүзгі жаңартылғанын құдықшы да, өзге тұрғындар да білмейді. Азаттық тілшісінің "Сіз Шиқұдықта тұрар ма едіңіз?" деген сауалына әкім Асқар Қазыбаев "Малға жайлы жер. Тұруға болады" деп қысқа жауап берді.

ЖОЛЫ МЕН СУЫ ЖОҚ, БІРАҚ ФУТБОЛ АЛАҢЫ БАР

Ресми дерек бойынша, Шиқұдық ауылында 172 адам тұрады. Әкімдік ауыл халқының жартысына жуығы, нақтырақ атқанда 81 адам экономикалық белсенді санатқа жатады дейді.

Шиқұдық халқының негізгі кәсібі – мал өсіру. Ауылда тоғыз жылдық негізгі мектеп бар.

Жергілікті жұрттың негізгі кәсібі – мал өсіру. Ауылда тоғыз жылдық негізгі мектеп бар. Мектеп жанынан 2022 жылғы шілде айында ұзындығы 36 метр, ені 18 метр шағын футбол алаңы салынған.

Мемлекеттік сатып алу сайтында футбол алаңының құны 7 миллион теңге деп көрсетілген. Яғни, құны 9,4 миллион теңгелік ауыз су тазартатын блок-модуль мен футбол алаңы –Шиқұдықтағы кейінгі төрт жыл көлеміндегі ең ірі жобалар.

– Шиқұдықтағы Теректі мектебінде спорт залы жоқ. Денешынықтыру сабағы қыстыгүні сынып бөлмесінде өтеді. Кезінде футбол алаңының орнына жабық кешен салуды ұсынғанмын. Газон – маусымдық нәрсе. Қыста қар астында қалады. Балалар үстіне күртеше, аяғына етік киіп газонда жүгіріп жүрмейді ғой. Одан да бізге жабық кешен салып бергені жөн еді. Бірақ пікірімізге ешкім құлақ аспады. Жалпы Шиқұдықта мәселе жетіп артылады. Меніңше, Қазақстандағы көп ауылдың күйі осындай. Жаңбыр жауса, су тасыса, аралда қалғандай күй кешеміз. Жағдайы осындай ауылға футбол алаңын салу ақылға сыймайды, – дейді ауыл мұғалімі Дәулеткелді Сейсенбаев.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Шиқұдық ауылы. 30 маусым, 2023 жыл.

Орыс тілі пәнінің мұғалімі Дәулеткелді Сейсенбаев Шиқұдықтағы Теректі мектебіне 2017 жылы "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша келген. Дәулеткелдінің осы ауылда дүниеге келген тұңғышы биыл күзде Теректі мектебіне барғалы отыр.

– Жыл сайынғы әкімдердің есебі мен сайлау қарсаңында өте көп уәде беріледі. Бірақ кейін сайланып алған соң олар бізді танымайды, біз оларды таппай қаламыз, – дейді Дәулеткелді Сейсенбаев.