"Мұғалімге көше сыпыртпайды, пара алмайды". Ембі халқы әкімді қалай таңдады?

Ембі қаласындағы Есет батыр көшесі. Ақтөбе облысы. 19 наурыз 2022 жыл.

Ақтөбе облысындағы шағын қалалар арасында бірінші болып Ембі халқы жергілікті әкімді сайлады. Сайлауда мектеп директоры Райымбек Мұсағали өзін өзі ұсынып, жеңіске жеткен. Ембі жұрты "мұғалімдерді газет-журналға жазылуға мәжбүрлемейтін", "көше сыпыртпайтын", "пара алмайтын" мектеп директоры Райымбек Мұсағалиды қаңтар оқиғасы кезінде де әкім етіп тағайындамақ болған еді. Ембі жұрты өзі қалаған әкімді қалай сайлайды? Халық сайлаған әкімнің жоспары қандай? Азаттық тілшісі қалаға арнайы барып, жергілікті халықпен және жаңа әкіммен сөйлесіп қайтты.

Мұғалжар ауданына қарайтын Ембі – теміржол бойындағы шағын қала, 13 мыңдай тұрғыны бар. Қаңтардағы митинг кезінде ембіліктер теміржолды шпалмен жауып, жолаушы пойызын тоқтатып тастаған. Бастапқыда Жаңаөзенді қолдау үшін жиналған ондаған адам кейін әлеуметтік, саяси талаптар айта бастаған.

Ембі қаласындағы теміржол бекеті, Ақтөбе облысы. 19 наурыз 2022 жыл.

Демонстранттар қала әкімі Әлімжан Қорғанбайды қызметінен алып, оның орнына Ембідегі №2 мектептің директоры Райымбек Мұсағалиды сайламақ та болды. Билік наразылармен келіссөз жүргізіп, жол 5-6 сағаттан соң қайта ашылған еді.

Кейін 13 наурызда өткен Ембідегі жергілікті әкім сайлауында халық әкім болуын қалаған Райымбек Мұсағали 81,21 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті.

САЙЛАУ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Теміржол бекетіне жақын фотосалонның иесі Арман Берденов 13 наурыздағы әкім сайлауына өз еркімен бақылаушы болып барған. Ол бақылаушы болу арқылы сайлаудың әділ өтуіне үлес қосқысы келгенін айтады.

Арманның фотосалонындағы сөреде белгілі диссидент Арон Атабек пен саяси белсенді Дулат Ағаділдің портреті тұр. Екеуі де өмірден өткен.

Арман Берденов, Ембі қаласының тұрғыны, Ақтөбе облысы, 19 наурыз 2022 жыл.

– Бұл ағаларым мен сияқтылар үшін жанын пида етті. 2019 жылғы президент сайлауынан әбден көңілім қалса да, осы кісілердің рухы үшін биыл қала әкімі сайлауында бақылаушы болайын деп шештім, – дейді ол.

Арман бұл жолғы сайлау әділ өтті деп санайды. Фотосалон ашып, кәсіп жасап жүрген тұрғын ауыл әкімін сайлаудағы әділдікті өзгерістің нышаны деп қуанып жүр.

– Иә, Ембі шағын қала. Әкімдіктегілердің әр кәсіпкерге жалынып, "демеуші болшы?", "техникаңды бере тұршы?" дейтініне қарап, қала бюджеті де аз болар деп ойлаймын. Бірақ өзгерістің үлкен-кішісі болмайды. Өзгерістің бәрі жақсы, – дейді Берденов.

Асылхан Қазбеков, Ембі қаласының тұрғыны, Ақтөбе облысы. 19 наурыз 2022 жыл.

Мұғалжар ауданы сайлау комиссиясының дерегінше, Ембі әкімін сайлауға қаладағы сегіз мыңнан аса сайлаушының 33 пайызы қатысқан. Сайлауға мектеп директоры Райымбек Мұсағалидан өзге тағы екі адам түскен. Солардың бірі – жергілікті "Ембі жылу" компаниясының директоры Берік Нұртаев. Сайлауда кәсіпкер Нұртаевтың сенімді өкілі болған Асылхан Қазбеков дауыс беру қорытындысымен келіспейді.

– Ембіде сегіз мыңнан астам сайлаушы бар. Соның екі жарым мыңнан астамы ғана дауыс берген. Вахтаға кеткені бар, сайлау туралы мүлдем естімегені бар, бір сөзбен айтқанда, жұрт сайлауға келмеді. Екі жарым мың ғана адам дауыс бергендіктен халықтың қалауы – Райымбек Мұсағали деуге бола ма? – дейді Қазбеков.

Қала басқарудан үміткер болған Берік Нұртаевтың өзі Азаттықтың қоңырауына жауап бермеді.

Ерқасым Құтжанов, Ембі қаласының тұрғыны, Ақтөбе облысы. 19 наурыз 2022 жыл.

Ал Райымбек Мұсағалидің сенімді өкілі болған Ерқасым Құтжанов қала әкімінің сайлауына жұрттың 33 пайызы ғана келгенін "халықтың әділ сайлауға сенбейтіндігімен" байланыстырады.

– Сайлауға халықтың аз бөлігі қатысқаны рас. Билік 30 жыл бойы білгенін істеп келген соң, сайлаушылар "менің даусым бірнәрсені шешеді екен" деп үміттенбейді. Өзім де солардың қатарындамын. Қазақстанда әділ сайлау ауылдарда, Ембі сияқты шағын қалаларда ғана өтуі мүмкін. Ал ауданға, облысқа халық таңдаған адам сайланады дегенге күмәнім бар. Райымбекті халық таңдады. "Сен Ембіге әкім бол, тап қазір апарып отырғызайық" деген ұсынысты халық оған қаңтардағы митинг кезінде айтқан. Халық оның "сайлауға түсіп көремін" деген уәдесін де сол кезде алған, – дейді ол.

Ерқасым Құтжанов сайлау бюллетенін санау басталғанда комиссияға мүше болған мұғалімдер Райымбек Мұсағалидің көп дауыс жинағанын көріп, іштей тілектес боп тұрғанын аңғарған.

– Әріптес болғандықтан олар Райымбекті жақсы таниды. Өзі басқаратын мектеп мұғалімдерін газет-журналға жазыл деп мәжбүрлемейтінін, көше сыпыруға жұмсамайтынын естіген де болар. Ол қала әкімі болып сайланған жағдайда өзге мектептерде де тәртіп орнайды деп ойлады ма, әйтеуір, бізді қуана құттықтады, – дейді Райымбек Мұсағалидың сайлау кезіндегі сенімді өкілі.

"БІЗГЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ӘКІМ КЕРЕК"

Тұрғындардың айтуынша, Ембіде жаңа сайланған әкімнің іскерлігін керек етіп тұрған проблема көп. Соның бастысы – автокөлік жолдарының нашар жағдайы.

Ембі қаласындағы Есет батыр көшесі. Ақтөбе облысы. 19 наурыз 2022 жыл.

Аты-жөнін атамауды өтініп, Азаттық тілшісін Ембідегі Есет батыр көшесіне бастап барған жергілікті тұрғын "мынау былтыр жөнделген жолдың сиқы" деді. Бұл көшеге төселген асфальт ойықтарын автокөліктер айналып өтіп жатты.

Теміржол бекетіне жақын орталық алаңдағы жолдар да ойқы-шойқы.

Сүйіндік Жапақов, Ембі қаласының тұрғыны.

Алаңда топтасып тұрған, жеке көлігімен кісі таситын такси жүргізушілердің бірі Сүйіндік Жапақов "Бізге жұмыс істейтін әкім керек. Райымбек Мұсағали былтыр өзі басқаратын мектепті жөндеген бригададан әр шегенің есебін сұраған талапшыл басшы деп естиміз. Қалаға да сондай жауапкершілікпен қарайды деп үміттеніп отырмыз. Асфальт жол өз алдына, теміржол өткелі тұрған маңға автокөлік көпірі де қажет" деді.

Мұқан Медетов, Ембі қаласының тұрғыны.

Мұқан Медетов есімді тұрғын халықты қымбатшылық қысып бара жатқанын, Ембідегі жұмыссыздық жайын айтты.

Ол жаңа сайланған әкім осы мәселелерге шешеді деп үміттенеді. Сайлауға барып, өз дауысын бергенін айтқан Медетов жаңа әкім Райымбек Мұсағалиды "пара алмайтын басшы" деп сипаттады.

"БҰРЫН ЕЛБАСЫ САЯСАТЫНА ШҮБӘСІЗ СЕНЕТІНМІН, ҚАЗІР КӨЗҚАРАСЫМ ӨЗГЕРДІ"

Азаттық тілшісі Ембінің жаңа әкімі Райымбек Мұсағалиды шеткері көшедегі суағарларды тексеріп жүрген жерінен жолықтырды. Айтуынша, ол әкім қызметіне кіріскен алғашқы аптада аудан басшылары тарапынан қысым болады деп ойлаған. Себебі осыдан екі жыл бұрын ол Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландинмен "ҰБТ өткізуге келетін комиссияны күтіп алып, қонақасы беру үшін мектеп директорларынан 100 мың теңгеден ақша жинауды тапсырды" деп соттасқан еді.

Ембі қаласы, Мұғалжар ауданы, Ақтөбе облысы. 19 наурыз 2022 жыл.

Сол кезде Азаттыққа берген сұхбатында Райымбек Мұсағали педагогика саласында еңбек еткен 20 жылдық тәжірбиесінде жүйелі түрде ақша жиналғанын айтқан. Жиналатын қаржы көлемі "жоғарыдан түскен тапсырмаға сай" 5-10 мың теңгеден бастап, 100 мың теңгеге дейін жетеді деген.

Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы "ҰБТ қарсаңында мектеп директорларынан 100 мың теңгеден жинады" деп айыпталған Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландинді 2020 жылғы 28 тамызда ақтап шықты. Қобыландин қазір де бұрынғы қызметін атқарып жүр.

Райымбек Мұсағали, Ембі қаласының әкімі, Мұғалжар ауданы, Ақтөбе облысы. 19 наурыз 2022 жыл.

Әзір ешкімнен қысым көрмегенін айтқан Райымбек Мұсағали "Қазақстанда әділ сайлау өткізуге болады. Ол үшін кандидаттың ел арасында беделі болуы керек" деп санайды.

– 2012 жылдан бастап жүйеге қарсылық көрсете бастадым. Ол кезде мен Ембідегі №4 мектептің директоры едім. Бір адамға орын керек болып, мені Құмсай ауылына ауыстырып жіберді. Бастапқыда жүйеге іштей кіжінумен жүрдім. Кейін баспасөзге мәжбүрлеп жаздыру мен мұғалімдерге көше сыпыртуға қарсы екенімді ашық айта бастадым. 14 жыл мектеп басқарыппын. Осы аралықта бірнеше сайлау өткізіп, сайлау комиссиясына хатшы да, төраға да болдым. Бұрын елбасы (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың заңда бекітілген арнаулы статусы – ред.) саясатына шүбәсіз сенетінмін. Кейінгі кездері көзқарасым түбегейлі өзгерді. 2019 жылғы президент сайлауын әділ өткіздік. Сол кездегі аудан басшылары мені таңғы алтыға дейін ұстап, құжаттарды өзгертіп бер деді. Түбінде сайлаушы дауысы ұрланатынын білсем де келіспедім. Оған қала белсенділері мен тәуелсіз бақылаушылар куә. Өзім сайлауға түскен кезде солардың қолдауын көп сезіндім, – дейді ол.

Заңгер Бақтығұл Қанатов, Ақтөбе облысы, 19 наурыз 2022 жыл.

Өзін-өзі ұсынған кандидат Райымбек Мұсағалиға құқықтық қолдау көрсеткен тәуелсіз заңгер Бақтығұл Қанатов "бұл жолғы сайлаудың әділ өтуіне әсер еткен тағы бір фактор – елдегі саяси ахуал" деп санайды.

– Жоғарғы биліктің көзқарасындағы аз-маз өзгеріс атқарушы билікке де әсер еткен болуы керек. Бұл жолы бұрынғыдай көпе-көрнеу заңсыздық жасауға қорықты. Әрине, атқарушы билік өз кандидатын өткізгісі келіп, Мұсағалиға қарсы болғаны рас. Бұл – ерік-жігері мықты жігіт. Білесіздер, билікке ондай адамның қажеті шамалы. Оларға көнбістер керек. Соның өзінде Мұсағали халықтың қолдауымен сайлауда жеңіп шықты, – дейді тәуелсіз заңгер Бақтығұл Қанатов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қаңтардағы наразылықта Мақат халқы аудан әкімін өзі сайлап алуға талпынды"Өзін-өзі ұсынып еді, іс қозғады". Сарыөмір ауылы әкімін сайлау немен бітті?"Басқа әкім керек". Көктенкөлдегі белсенділер мен жергілікті билік тартысы"Халық қалаған кандидаты бар ауылдарда сайлаушылар белсенді болды". Бақылаушымен сұхбат"Әкім жақсы, бірақ мәселе көп". "Жоғалып бара жатқан" ауылдардағы сайлау