"Бәрібір ештеңе өзгермейді". Ойылдағы әкім сайлау науқаны

Ақтөбе облысы Ойыл ауданының орталығындағы көшелердің бірі, 24 қазан, 2023 жыл

5 қарашада Қазақстанның 42 ауданы мен 3 қаласының әкімін халық төте дауыс беру жолымен таңдамақ. Бір айға созылған сайлауалды үгіт шарасы аяғына таяды. Ақтөбе облысы Ойыл ауданының халқы да әкім сайлайды. Азаттық тілшісі сайлауалды науқан кезінде сол ауданға барып қайтқан еді.

ШАЛҒАЙДАҒЫ АУДАН

Ойыл – облыс орталығынан шалғайда жатқан, өндіріс орындары жоқ, негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын, жыл сайын жоғары жақтан бөлінетін дотацияға тәуелді аудан. Ресми дерек бойынша, барлығы 22 елді мекен бар ауданда 16 085 адам тұрады.

24 қазан, Республика күні қарсаңында, Ақтөбеден 260 шақырым жердегі Ойыл ауданы орталығына таксимен үш сағаттан артық жүріп жеттік. "Бұрын 2,5 сағатта жетіп баратынбыз, қазір жол нашарлады, жауын-шашын болған кезде 3,5 сағаттан аса уақыт жүреміз" деді такси жүргізуші.

Әсіресе Саралжын ауылынан Ойылға дейінгі 60-70 шақырым тасжолдың кей тұсы ойдым-ойдым болып жатыр. Қайтар жолда сондай ойыққа түсіп кетіп, шыға алмай тұрған жүк көлігін кезіктірдік. Мал азығын тиеген көлік жолдың ортасына тұрып қалғандықтан қарама-қарсы бағытта кетіп бара жатқан жүк көліктері амалсыздан кідіреді.

Ойыл мен Саралжын ауылдарының арасындағы тасжолдағы ойықтан шыға алмай жатқан шөп артқан жүк көлігінің қасында тұрған адамдар. Ақтөбе облысы, 24 қазан, 2023 жыл

Жергілікті адамдар жолдың нашарлығынан шаруашылығы зиян шеккенін айтады.

– Ойылдан 45 шақырым Дәрікөл деген жерде қожалығым болды. Оған жету бір бейнет. Жол жоқ. Қыс пен көктемде қатынас мүлде болмайды. 2021 жылы қыс ұзап кетіп, мал азығы таусылғанда, қатынастың қиындығынан 45 шақырым жерге шөп жеткізе алмай, 900 бас қойым қырылды, – дейді ойылдық кәсіпкер Қуаныш Қыстаубай.

Ресми деректе, ауданның 2023 жылғы бюджетінің көлемі 9,3 млрд теңге, оның ішінде жеке кірістер – 832,5 млн теңге, трансферттер түсімі – 8,3 млрд теңге деп көрсетілген. Жергілікті биліктің мәліметінше, аудан халқының 7 875-нің жұмысы бар, әрбір екінші ойылдық ауылшаруашылығы саласында еңбек етеді.

– Малды ұстауын ұстайсың-ау. Бірақ өнімін сату оңай емес. Биліктегілер "базарға өткізіңдер" дейді. Базарды алыпсатарлар жайлап алған. Табан ақы, маңдай теріңді татымайтын тиын-тебенге тапсырып кете барасың, – деп қынжылады Қуаныш Қыстаубай. Мал өсірумен қоса, мектеп асханаларын жалға алып, наубайхана ұстайтын кәсіпкер жиырма адамға жұмыс беріп отырғанын айтады.

САЙЛАУҒА КІМДЕР ТҮСІП ЖАТЫР?

Мен мінген көлік Ойылға жеткен кезде, мемлекеттік мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде әр саланың өкілдерін марапаттаған іс-шара аяқталып жатыр екен. Ауылдың орталық көшелерінде қызылды-жасылды жалаулар желбіреп тұр.

Ойыл ауылындағы мәдениет үйі, Ақтөбе облысы Ойыл ауданы, 24 қазан, 2023 жыл

Мәдениет үйінің дәлізінде, көшенің кейбір жерінде аудан әкімі лауазымына кандидаттардың сайлау қағаздары ілінген. Арасынан өзгелермен салыстырғанда қағазы да қалың, бояуы да қанықтау "Amanat" партиясының плакаттары ерекше көзге түседі.

Әу баста бес адам әкім лауазымына кандидат болып ресми тіркеліпті. Екеуі кейін, дауыс беруге бір апта қалғанда сайлауға қатысудан бас тартты. Қалған үш кандидат: ауданның қазіргі әкімі, биліктегі "Amanat" партиясы ұсынған Асқар Қазыбаев, Қараой ауылының әкімі Айбек Сұлтанов пен аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Арсланбек Алдияр дауысқа түседі. Кейінгі екі кандидат өзін-өзі ұсынған.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Ойыл ауыл әкімдігі ғимаратының үшінші қабатындағы түпкі бөлмеде орналасыпты. Табалдырығын аттағаннан-ақ темекінің күлімсі иісі мүңкіген бөлмеде екі адам отыр екен.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сәбит Бақтыгереев жалпы саны 9 470 сайлаушы тіркелген Ойыл ауданындағы 26 сайлау учаскесі әкім сайлауға сақадай сай отыр деп сендірді.

– Әкім болудан үмітті кандидаттар сайлауалды үгіт-насихатты 5 қазанда бастаған. Қазір сайлауалды бағдарламаларымен ел аралап жүр, – деді Сәбит Бақтыгереев.

Ойыл ауданы әкімі лауазымына кандидаттар туралы ақпарат ілінген тақта. Ойыл ауылы, 24 қазан, 2023 жыл

Ойыл көшелеріне ілінген кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларына қарағанда, ауыл адамдарды айтып жүрген қиындықтардың бәрін шешуге болады. Кандидаттардың бірі жұмыссыздықты жоямын десе, енді бірі ауылшаруашылығын өркендетуге күш салмақ. Жол салып, су тартып, ауылдарды абаттандыруға, талапты жастарды қолдауға уәде етіп отырғандары да бар. Үш кандидатқа сайлауға түсу мақсаты жайлы сұрақ қойдым.

Аудан әкімі лауазымына кандидат Асқар Қазыбаевты Ойылдағы қазақ орта мектебінде жолықтырдым. Мектеп мұғалімдері кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түрегеп тыңдады.

Биліктегі "Amanat" партиясы Ойыл ауданы әкімі етіп сайлауға ұсынған кандидат Асқар Қазыбаев (сол жақтан алтыншы) Ойылдағы қазақ орта мектебінің ұжымымен кездесіп тұр. Ақтөбе облысы, 24 қазан, 2023 жыл

Қызмет жолын совет дәуірінде комсомол комитетінің хатшылығынан бастаған Асқар Қазыбаев тоғыз жылдай аудан әкімнің орынбасары болған. 2019 жылдан бері Ойыл ауданының әкімі. Ол бұл сайлауға "бастаған ісін аяғына дейін жеткізу үшін" түскенін айтады.

– Өзім бастаған жұмыс болғасын, аяқтағым келеді. Мысалы, Көптоғай мен Амангелді ауылдарын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжат жасалды. Қаржы бөлінсе, ол ауылдарға да газ барады. Бұл – бюджет қаржысына жасалатын жұмыстар, – дейді Асқар Қазыбаев.

Келесі бір кандидат Арсланбек Алдияр аудандық ветеринария бөлімінде бас маман болып істейді. Сайлауға қандай ниетпен түсіп жатырсыз деген сұраққа ол да жауап берді.

Ойыл ауданы әкімі лауазымына кандидат Арсланбек Алдияр туралы мәлімет. Ақтөбе облысы, 24 қазан, 2023 жыл

– Адам өзінің өсуін ойлайды. Яғни, карьера жасағысы келеді. Оны әркім әртүрлі түсінуі мүмкін. "Шаруа істегісі келеді" деп түсінетіндер бар. Әкім болу "былықтыру" деген сөз емес қой. Кім де болса бірінші кезекте өзін биіктен көргісі келеді. Екіншіден, сайлаудан өтіп жатқан ештеңем де жоқ. Өткен жағдайда да әкімдіктің жауапкершілігі мол жұмыс екенін түсінемін, – деді Арсланбек Алдияр.

Аудан орталығынан 75 шақырым жердегі Қараой ауылының әкімі Айбек Сұлтанов бұл қызметке 2020 жылы тағайындалған. Мамандығы инженер-механик әкім осы өткен мерзімде ауылдың он көшесіне жарық тартылып, үш көшесіне тасжол төселгенін жұмысының нәтижесі ретінде атады.

Ойыл ауданы әкімі лауазымына кандидат Айбек Сұлтанов туралы мәлімет. Ақтөбе облысы Ойыл ауылындағы мәдениет үйі, 24 қазан, 2023 жыл

– Ойыл ауданы әкімдігінің аппарат басшысынан сайлауға қатысу туралы ұсыныс түсті. Аппарат басшысы "сайлауға қатысып көріңіз" деген соң өз кандидатурамды ұсындым. 2024 жылғы сәуір айында ауыл әкімі қызметіндегі мерзімім аяқталады. Сол себепті осыдан біраз бұрын аудан әкімдігіне барып, жұмыс ауыстырып, жоғарылағым келетінін айтқанмын, – дейді Айбек Сұлтанов.

ЖЫЛДАР БОЙЫ ШЕШІЛМЕГЕН ПРОБЛЕМАЛАР

Жергілікті әкімдіктің дерегінше, кейінгі үш жылда Ойыл ауданындағы 16 ауылға ауыз су берілген. Тұсынан газ магистралі өтетін Қаракемер, Ақшатау, Кемер, Ақкемер мен Шиқұдық ауылдарына газ тартылатынына билік орындары уәде етіп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған.

Аудан орталығынан 35 шақырым жердегі Ақшатау ауылындағы мектепте ондаған жыл мұғалім болып істеп келе жатқан Мінсізбай Жайлыбаев алдағы сайлаудан еш үміт күтпейтінін жасырмады. Өзін осы сайлауға "Amanat" партиясынан түсіп жатқан кандидаттың сенімді өкілі етіп тіркеп қойғанын кездейсоқ білгенін, өзінен ешкім келісім сұрамағанын айтты.

– Сыртымнан сайлап қойыпты. Оны білмеймін. Мектептегі әріптесім "үш мұғалім "Amanat" партиясы Zoom қосымшасының көмегімен өткізетін жиналысқа қатысуы керек" дегенде бір-ақ білдім. Жиналыстарына қатысқан жоқпын, – деді ауыл мұғалімі.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданының орталығы Ойыл ауылы, 24 қазан, 2023 жыл

Жайлыбаев 75 үй тұратын Ақшатау ауылының халқы жергілікті әкімдіктен қайыр болмағасын өздері ақша жинап, өз күшімен мәдениет үйінің қабырғасын тұрғызып алғанын айтты. Әр үй бір-бір бас қойдан шығарып, кірпіші мен цементін сатып алған мәдениет үйінің құрылысы әлі аяқталмапты.

– Клубтың шатырын жабуға халықтың күші жетпеді. Оны аудан әкіміне ауылға келген сайын айтып жүрдік. Уәдені үйіп-төгіп кетеді, нәтиже жоқ, – деп реніш білдірді Мінсізбай Жайлыбаев.

Ойыл ауданының әкімдігі. Ақтөбе облысы, 24 қазан, 2023 жыл

Ақшатау халқы ауданмен екі ортадағы жолдың жайын да шенеуніктерге айта-айта шаршаған сияқты. Ақшатаулық Бижамал Ізғалиева Ойылға көлікпен бір сағаттай жүріп жететінін айтып, "екі ауылдың ортасындағы жол ешқашан асфальт көрмеген" деп шағынды.

Ойылдан Амангелді ауылына апаратын жолдың да сиқы сондай.

– Қыстай жол болмайды. Ауылдың арғы жағында Көптоғай деген жер бар. Амангелді мен Көптоғайдың ортасында да жол жоқ. Жыл сайын қиыршық тас төсейді. Бірақ көктемде оны тасқын су шайып кетеді, – деп налиды Амангелді ауылында тұратын Жаңылсын Адайбаева.

"ЕЛДІҢ ЖАҒДАЙЫ ТӨМЕНДЕП КЕТТІ"

Ойылдың орталығындағы Көкжар көшесінің бойында азық-түлік сататын бірнеше дүкен бар. Аудан орталығына жақын ауылдардан көлік жалдап келген жұрт сол дүкендерден керек-жарағын сатып алып жатыр.

Саралжын ауылының тұрғыны Жансұлу Жауымбаева

– Ауылда жұмыс жоқ. Балалар жұмыссыз отыр. Көмірді азғантай зейнетақыға бөліп-бөліп сатып аламыз. Былтыр тоннасын 27 мың теңгеден алып едік, биыл 29 мың теңге болып тұр. Өткенде екі тонна түсіріп алдық. Ол жетпейді. Тағы алуымыз керек. Қыс бойы кемінде 4-5 тонна көмір жағамыз. Ауылымызға газ құбыры тартылса жақсы болар еді, – дейді Саралжын ауылының тұрғыны Жансұлу Жауымбаева.

Орталық көшеден алыстау жерде тұрған "Шаңырақ" деп аталатын шағын дүкеннің иесі Талғат Қазиев ауылда күнделікті азық-түлікті қарызға алатындар көп екенін айтты. Сөзіне дәлел ретінде қалың "қарыз дәптерін" көрсетті.

Шағын дүкеннің иесі Талғат Қазиев азық-түлікті қарызға алған жергілікті тұрғындардың аты-жөні жазылған "қарыз дәптерін" көрсетіп тұр.

– Кейінгі екі айда байқағаным, халықтың жағдайы төмендеп кеткен сияқты. Әлде кредиті көп пе? Әйтеуір, сауда нашарлап кетті. Мынау қарыз дәптері. Қарызын уақытында қайтаратындар да, біраз кідіретіндер де, бөліп-бөліп төлейтіндер де бар. Ұн, шекер, сұйық майды қарызға сұрайды. Картоп, жуа сияқты тағам түрлерін де қарызға алады, – дейді дүкен иесі.

"ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРМЕЙДІ"

5 қарашада Қазақстандағы 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қаланың халқы жергілікті әкімді төте дауыс беру жолымен алғаш рет өздері таңдайды. Бұл тізімде Ақтөбе облысындағы Ойыл, Қобда мен Ырғыз аудандары да бар.

Ойыл ауданына әкім сайлау жөнінде жергілікті тұрғындардың пікірін білу үшін көшеге шығып, кездескен адамдарды сөзге тарттық.

Көшеде сүт пен дәннен жасалған тағамдар сатып отырған адамдар. Ақтөбе облысы Ойыл ауылы, 24 қазан, 2023 жыл

Ауыл ішіндегі жолдың бойында жайғасқан жайма базарда айран, құрт, талқан сияқты ауылшаруашылық өнімдері мен басқа да ұсақ-түйек заттар сатып 5-6 адам отыр. Мәдениет үйіндегі мерекелік шарадан көңілді шыққан егде әйел оларға "күшті концерт" болғанын айта бастады. Сөзіне қарағанда, мектепте мұғалім болып, кейін зейнет демалысына шыққан. "Сайлауға барасыз ба?" деген сауалыма сәл кідіріп барып: "иә, барамын" деп жауап қатқан ол қазіргі әкімді мақтай жөнелді.

Сол жерде отырған саудагерлерден әкім сайлау туралы ой-пікірін сұрадым. 5 қарашадағы сайлаудан барлығы хабардар екен. "Кімдер сайлауға түсіп жатқанын білесіз бе?" деген сауалға қай-қайсысы да "иә, қазіргі әкім қатысады ғой" деп соның аты-жөнін атады. Бірақ ешқайсысы кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы туралы ештеңе білмейтін, сайлау науқаны кезіндегі үгіт жиынына қатыспаған болып шықты.

Ойыл көшесінде ауылшаруашылығы өнімдерін сатып отырған ауыл тұрғындары

Айранның литрін 500 теңге, бір қалта талқанды 600 теңгеден сатып отырған Илан апай:

– Бәрі де ауылымыздың адамдары ғой, аман болсын! – деді де сөзді басқа арнаға бұрып, – Азғантай зейнетақы түкке жетпейді. Жетпегесін тиын-тебен болсын деген оймен базарға шығамыз ғой, – деп шағынды.

Көшеде оталмай жатқан ескі көліктің қасында тұрған екі адамға да сайлау туралы сұрақ қойдым. Біреуі Жаңажол кенішінде мұнайшы болып істейді екен, екіншісі жұмыссыз болып шықты.

– Ойылда газ бар, су бар, жарық бар. Жұмыс жағы қиындау енді... Жұмыссызбын, сайлауға барамын, – деді төрт баланың әкесі Есентай Таңатаров.

Көше тазалап жүрген бірнеше әйел сайлау өтетінін білетінін, алайда ешқандай өзгеріс болады деп үміттенбейтінін айтты.

Ойыл ауылының тұрғыны Сәнім Сәуірбаева

– Сайлау бізге не береді? Кім әкім болатыны белгілі ғой... Өз басым сайлауға бармаймын. Ешқашан барып көрмегем. Бәрібір ештеңе өзгермейді. Міне, көше жинап жүрміз. Тұрақты жұмысымыз да жоқ, – деді Сәнім Сәуірбаева.

Оны жанындағы Гүлдана Балтабаева есімді келіншек те қоштап, "ештеңе де өзгермейді, дауыс бермеймін" деді.

Ойыл ауылының тұрғыны Гүлдана Балтабаева

Өздерін толғандырған мәселелерді шешетін атқарушы билік басшысын таңдап, содан сұрауға болмас па деген сұрақты самарқау тыңдаған көше тазалаушы әйелдер "Сайлауы құрысыншы!" деп қолды бір сілтеді де, өз шаруаларын талқылап кете барды.

Кәсіпкер Қуаныш Қыстаубай аудан әкімін биыл халықтың өзі сайлайды деген хабарды естігенде қуанғанын, тіпті өзгелерді сайлауда белсенді болуға шақырғанын айтты. Бірақ жағдай өзгеретініне сенімі жоқ екенін жасырмайды.

– Ауданда әкімнің жұмысына қанағаттанбайтындар өте көп. Бірақ тап қазір оны өзгерту мүмкін емес! Себебі, жоғарыдағыларға сондай адамдар керек. Көзге көрінбейтін күштер Ойылды басқарып отыр. Сондықтан бұл сайлау Ойылдың өмірін өзгертеді дегенге сенбеймін, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ауыл әкімін сайлады, ал аудан шешімді жоққа шығарды. Ақтоғайдағы сайлау жыры