"Көне дәстүрді сақтаушылар"

"Боралдай сақ қорғаны" аумағына кіретін дарбаза. Екі жақта мұнда фестиваль өтіп жатқаны туралы баннерлер ілінген.

"Боралдай сақ қорғаны" – ұзындығы 3,5 шақырым, ені бір шақырымға жуық жерді алып жатыр. Қақпадан бір шақырымдай жерде этнографиялық ауыл жайғасқан.

Этнографиялық ауылдың оң жағындағы уақытша алаңда аламан-бәйге өтті.

Көрермендер жақын маңдағы төбенің басына шығып, бәйгені тамашалап тұр.

Ыстық күн астында 21 шақырымды шауып өту атқа да, шабандозға да оңай емес. Көбі шыдай алмай, уақытынан бұрын жарыстан шығып жатты. Аламан бәйгеде топтан озған аттың шабандозы мәреге бірінші болып жеткен кезде ат үстінен құлап түсті. Жер жұмсақ болғандықтан зардап шеккен жоқ. Жеңімпазға сыйлыққа жеңіл автокөлік берілді. Бірақ оны шабандоз жасөспірім ала ма, әлде аттың иесіне бұйыра ма – ол жағы беймәлім.

Аламан бәйгеде мәреге бірінші болып жеткен сәйгүлік.

Бәйге жолының бойында тұрған полиция қызметкерлері. Бұл күні, маусымның 23-і - олар кәсіби мерекесін атап өтеді.

Ат үстінен найзамен ілу шеберлігін көрсетушілер.

Киіз үйлерге тақау маңда аударыспақ сайысына қатысқан жігіттер білек күші мен ептіліктерін сынады.

Ал, қане, кім мықты?

Атпен шауып келе жатып жамбы ату сайысына Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Украина өкілдері қатысты. Суретте: ат үстінен садақ тартқан қазақстандық жігіт.

Этноауылдағы киіз үйлердің бірін мемлекеттік республикалық қуыршақ театры ұжымы тіккен.

Ал мынау Алматы мемлекеттік мұрағаты тіккен киіз үй. Қонақжайлық танытқан үй иелері Азаттық тілшісін дастарханға шақырып, екі иінінен демалған самаурыннан ыстық, дәмді шай ұсынды.

Алтыбақан басы әркез жастар мен балалардан арылмайды. 

Балаларға арналған бұл ойынның шарты бойынша, үлкен зақпыдан жұмсақ "оқпен" нысана ретінде тігілген ойыншықтарға дәл тигізу керек.

Киіз үйлердің маңындағы қолөнершілерден әзірлеген бұйымдарын сатып алуға болады.

Фестиваль бағдарламасында этникалық музыка концерті де бар. Сахнада Ресейдің Саха республикасынан келген "Айархан" ансамблінің мүшелері ән салып тұр. Бұл шараға Алтай, Бурятия, Венгрия, Қырғызстан, Тыва мен Моңғолиядан да өнерпаздар қатысты.