Шенеуніктердің үміті мен күресіндегі шынайы көрініс. Алматы облысының қоқыс полигондарына саяхат

Қоқыс төгетін полигонда жұмыс істеп жүрген трактор. Алматы облысы, 22 маусым 2021 жыл.

Қазақстандағы қоқыс өртейтін зауыттар қалай жұмыс істейді? Жаңа экологиялық кодекстен не күтуге болады? Елде заңсыз күресін неге көп? Алматы облысындағы күресіндерді аралаған Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов журналистердің сұрақтарына жауап берді.

АЛҒАШҚЫ АЯЛДАМА: ЗАҢСЫЗ КҮРЕСІН

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұловтың баспасөз өкілдерімен бірге үлкен автобусқа мініп, Алматы облысындағы қоқыс төгетін күресіндерді аралап көрді. Сапар мақсаты – Қазақстанда тұрмыс қалдығын жою қаншалық көкейкесті мәселеге айналғанын көрсету.

Вице-министр Пірімқұлов автобус орнынан енді қозғалған кезде тілшілермен әңгіме бастауға тырысып көрді. Шенеунік елде жыл сайын 8-8,5 мың заңсыз күресін пайда болатынын айтты. Осы тұста автобус жүрісін үдетіп, мотордың шуынан вице-министрдің сөзі анық естілмей қалды: шала-шарпы жеткен әңгімеден шенеуніктің "күресіннің көбі экологиялық нормаға сай келмейді, заңсыз сондай орын болғаны жақсы емес" дегенді айтпақ болғанын ұқтық.

Алғашқы аялдама – Түрген ауылы. Бұл елдімекеннің іргесінде үлкен заңсыз күресін бар. Жергілікті халық полигонның совет заманынан бері келе жатқанын, адамдар қоқыс төгетін басқа жер таппағандықтан, үйінен шыққан қалдықтың бәрін осында әкелетінін айтады.

Күресіннің қасынан өтіп бара жатқан жүк көлігі. Еңбекшықазақ ауданы, Алматы облысы, 22 маусым 2021 жыл.

Автобус күресіннің бас жағына барып тоқтады. Бұл жер сәл де болса "жинақы" көрінеді: журналистер келердің алдында трактор келіп, жол жиегінде жатқан қоқысты жинап кеткені байқалады.

200 метр әріде кездесетін үйіндіге қарап, ауыл тұрғындарының сөзіне фатчекинг жүргізбей-ақ сенуге болады: бұл жердегі қоқыс ондаған жыл бойы жиналғанына шүбә жоқ.

– Мына жер – заңсыз күресін. Бұл – полигон емес, жер аумағы шаруа қожалығына бөлінген, – деді вице-министр Пірімқұловқа жағдайды асығыс түсіндірген Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Алтай Досымбаев.

– Бұл жерде кім шаруашылық жүргізеді? – деді шенеунік.

– Бұл – жекеменшікке берілген жер. Бірақ совет одағы кезінде болған заңсыз күресін сол күйі қалып қойған.

– Сіз әкімнің орынбасарысыз ретінде жерді қайтарып алуыңыз керек, – деді Пірімқұлов.

Заңсыз күресінде жатқан қалдық. Алматы облысы, 22 маусым 2021 жыл.

Ресми дерек бойынша, Алматы облысында 380 заңсыз күресін бар. Шенеуніктердің айтуынша, биыл оларға қарсы ерекше шаралар қолданылмақ. Ахметжан Пірімқұлов тазалық жолындағы күреске 1 шілдеде күшіне енетін жаңа экологиялық кодекс көмектеседі деп сенеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан қоқысы сұрыпталмай жатыр

– Өкінішке қарай, қазір қоқыс шығару немесе өңдеу процесінің ешқайсысы реттелмеген. Жаңа экологиялық кодекске қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы мәселелердің жүйелі шешімін табуға ықпал ететін бірнеше норма қостық. Мысалы, қауіпті қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға лицензия беру енгізіліп жатыр. Экологиялық кодекстің жаңа нұсқасында қалдықтарды энергетикалық әдіспен жою (қоқыс өртеуден жылу не электр энергиясын алу – ред.) және қоқыс өртейтін зауыттар салу қарастырылған, – деді Пірімқұлов.

Министрдің сөзінше, заң жобасының аясында атмосфераға бөлінетін улы заттарға (Еуропа одағының өндірістік қалдықтар бойынша директивасына сәйкес) қатаң талаптар қойылады. Қалдық өртеп, энергия өндірумен айналысатын кәсіпорындарға автоматтандырылған бақылау жүйесі орнатылады.

– Біз экологиялық кодекстің жаңа нұсқасында қарастырылған шаралар кешені Қазақстандағы қоқыс жою мәселесін шешуге көмектеседі деп ойлаймыз. Бұл бір күнде туған мәселе емесін, оны шешуге бірнеше жыл уақыт керегін өздеріңіз де көрдіңіздер. Қоқыс өртейтін зауыт салу жылдар бойы жинақталған бүкіл мәселені бір күнде шешеді деп отырған жоқпыз. Санитарлық-гигиеналық, экологиялық нормаларға сәйкес келетін жаңа қоқыс полигондарын салу керек, – деді Пірімқұлов.

Күресінде жүрген күшік. Алматы облысы, 22 маусым 2021 жыл.

ЕКІНШІ АЯЛДАМА: РЕСМИ ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ават ауылының маңында екі бірдей үлкен заңды қоқыс полигоны бар. Шенеуніктердің дерегінше, бұл жерде де заңбұзушылықтарға жол беріліп, экологиялық нормалар сақталмаған. Мысалы, полигонда қоқыс сұрыптау мәселесі кездеседі.

Ең ірі полигондардың бірі терең шұңқырда орналасқан. Полигон түбінде бір трактор қоқыс жинап жүр. Төбеден қарағанда төменде үлкен трактор емес, кішкентай мысық жүргендей көрінеді.

Шенеуніктер журналистерге қоқыс жоюға байланысты бітпейтін мәселелер туралы айтып жатқанда фотографтардың жанына сырты бүлінген "Лада" жеңіл көлігімен бір ер адам келді. Өзін Пётрмін деп таныстырып, полигонда механик болып істейтінін айтты.

Күресінде жұмыс істеп жүрген трактор. Алматы облысы, 22 маусым 2021 жыл.

Пётрге журналистердің фотоаппараты таңсық көрінген тәрізді, ол суретке түсіруге тілек білдірген тілшілерді шұңқырдың түбіне апаруға келісті. Жолай жұмыс, қоқыс жоюға қатысты ықтимал заңбұзушылық фактілері туралы сөйлестік. Пётр мұндай заңбұзушылықтар туралы ештеңе естімеген. Ол полигонда бәрі, оның ішінде қоқыс сұрыптау процесі "заңға сәйкес" жүзеге асатынын айтты. Өкінішке қарай, бұл күні қоқыс сұрыптау лентасы жұмыс істемей тұр екен.

– Жарық болмағаннан ғой. Өзеннің үстіне көпір салып жатыр, сондықтан жарықты өшіріп тастады. Әйтпесе лента жақсы жұмыс істейді, – деді механик.

Жұмысы тоқтап тұрған лентаның жанында үйілген қоқыстың арасында майланған киім киген үш жігіт жүр. Олар тұрмыс қалдықтарын ешқандай техникасыз, қолдан сұрыптап жатыр екен. Жігіттер бізге бас киімінің астынан салқын ғана көз тастады да, жұмысын ары қарай жалғастыра берді. Бір кезде жұмысшылар сұрыптау лентасын іске қосты, бірақ әлденесі бұзылғаннан не электр жарығы өшкеннен екені белгісіз, техника қайтадан істемей қалды.

Тұрмыс қалдығын төгетін күресінде жұмыс істеп жүрген адамдар. Алматы облысы, 22 маусым 2021 жыл.

Пётрдың көлігіне мініп, ары қарай жүріп кеттік.

– Білуімше, қоқысты бізге келісімшарт бойынша әкеледі. Бұл жұмыстың бәрі кеңседе істеледі. Олар келеді, біз осындай көлік, мынадай компания келді деп, камераға тіркеп, журналға жазып аламыз. Осыдан кейін қоқыс сұрыпталып, төменге жіберіледі, – деді Пётр шұңқыр түбіндегі үлкен қоқыстың ортасына түскен кезде.

Шұңқыр түбінде жұмыс қызып жатыр екен: ары-бері қозғалған трактор, азық іздеп жүрген ит пен құс, үлкен қап көтеріп бара жатқан ер мен әйел көрінді.

– Оларға осы жерде жұмыс істеп, бөтелке теруге рұқсат береді. Кейін көлік келеді, олар шыны, пластик, алюминий өткізеді. Содан тапқан ақшасына күн көреді, – деді Пётр.

Күресіннен бөтелке жинап жүрген адам. Алматы облысы, 22 маусым 2021 жыл.

Бөтелке теріп жүрген ер адамның киімі бірден көзге түседі: ол қызыл түсті бас киімінің астынан мата орап алған, джинсы шалбарына сары түсті белдік таққан, көзілдірігі бір жағына қисайып кеткен. Оның айналасындағы үш қаптың біріне – шыны, екіншісіне – сырадан босаған алюминий, үшіншісіне пластик бөтелкелер жиналған.

– Бұл жерде бұрыннан істейсіз бе? – деп сұрадым.

– Бұрыннан-бұрыннан, күнде таңнан кешке дейін бөтелке жинаймын, – деген ол фотографтарға мән бермей, жұмысын жалғастырды.

Дәл жанымыздан қоқысты мұқият үйіп, жинап жүрген трактордың дауысы ышқына шығады.

– Міне, қара: қазір қалыңдығы екі-үш метр қоқыс қабаты кетеді, кейін оның үстіне ақшамыз жеткеніне қарай, 40-50 сантиметр құм не топырақ саламыз. Астына қара пленка төселген, ол жақтан құбырлар жүреді. Өрт болмауы үшін жанғыш газдар осы құбырлар арқылы шығады, – деді Пётр жергілікті қоқыс жою әдісінің ерекшелігін түсіндіріп.

Полигоннан тарап жатқан "мұрын жаратын иістен" көзіміз ашып, Пётрдан бізді жоғарыға шығаруды өтіндік.

Күресінде жұмыс істеп жүрген трактор және қап арқалап, бөтелке жинап жүрген адам. Алматы облысы, 22 маусым 2021 жыл.

ЖАҢА КОДЕКС КҮРЕСІН МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ МЕ?

Алматы облысындағы заңды және заңсыз күресіндерді аралаған баспасөз өкілдеріне жасалған мәлімдемелерге сәйкес, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жаңа экологиялық кодекс қоқыс сұрыптауға байланысты бүкіл мәселені шешпесе де, жағдайдың сәл де болса ілгері жылжытуға септігі тиеді деп сенеді. Қоқысты энергетикалық әдіспен өртейтін кәсіпорын құрылысына да үлкен үміт артылып отыр.

Қоқыс өртеуге арналған алғашқы Waste-to-energy (қалдықтарды энергетикалық әдіспен жою) кәсіпорындарын Қазақстанның алты қаласында – Алматы мен астана, Шымкент, Қарағанды, Өскемен мен Ақтөбеде ашу жоспарланған. Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша, өңірлік билік құрылысқа жер бөледі. Алты зауытта елу мегаватт электр энергиясы өндіріледі деп күтіліп отыр. Бұл – елде өндірілетін электр энергиясының шамамен 0,001 пайызына тең.

Күресіндегі қоқыс-қалдық. Алматы облысы, 22 маусым 2021 жыл.

Шенеуніктердің айтуынша, Алматы қаласы мен облысында да қоқыс өртейтін зауыт салынады.

– Қарасай ауданына, Әйтей ауылының жанындағы қазір жұмыс істеп тұрған полигонға жақын маңға салынатын шығар. Қазір атқарушы органдар инфрақұрылым мен электр энергиясына қосылу мүмкіндігін ескеріп, зауыттың нақты орнын анықтап жатыр, – деді вице-министр.

Қазір Қазақстанда ресми түрде 3500 қоқыс полигоны тіркелген. Олардың тек 18 пайызы ғана санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келеді. Қоқыс төгетін полигонда өрт те жиі болады: 2019 жылы көктемде Алматы қаласының үстін Әйтей ауылының жанындағы қоқыс үйіндісінде болған өрттен шыққан жағымсыз иісті түтін басқан. Қала халқының көбі жүрегі айнып, басы ауырғанын айтып шағымданған.

Қазақстанның басқа қалаларында да осыған ұқсас мәселе бар. Мысалы, Оралдағы қоқыс полигоны қала ішінде орналасқан. Қоқысқа лық толған полигоннан әр жаз сайын өрт шығады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Күресінде өткен 14 жыл". Қоқыстан нәпақа табатын жандар